Басты бетМедицинаЕржан Бабақұмаров...

Ержан Бабақұмаров медицина қызметінің сапасын арттыруды тапсырды

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы басшылығы мен қызметкерлерінің, сонымен бірге қаланың медицина ұйымдарының бас дәрігерінің қатысуымен бейнеконференция арқылы кеңес өткізді.

Қала тұрғындарына көрсетілетін медицина қызметтерінің сапасын арттыру, медицина ұйымдарын мамандармен қамтамасыз ету деңгейі, ана мен бала өліміне, онкология ауруы мен қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімге қарсы күрес бойынша мегаполистің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қаралды, — делінген хабарламада.

Ержан Бабақұмаров, Алматы
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда 74 мемлекеттік медицина ұйымы, 13 республикалық және 90 жекеменшік, 1 383 алғашқы медицина-санитар көмек учаскесі бар. Онда 6 046 дәрігер және 12 969 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау жүйесі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі халықтың медицина қызметтеріне қанағаттануы. 2020 жылы бұл көрсеткіш 5% артып, 54,3%-ке жеткеніне қарамастан, пациенттер медицина қызметкерлері тарапынан болатын дөрекілікке, тегін дәрі-дәрмектердің болмауы немесе беруден бас тарту, тіркеуден бас тарту, көрсетілетін медицина көмегінің сапасы, ауруханаға жатқызудан бас тарту фактілеріне шағымданып жатыр.

Мұндай кемшіліктер №4, 8, 11, 12, 17  емханаларға  және №7, 4, 2 қалалық ауруханаларға қатысты, осы мәселелерге медицина ұйымдарының басшылары назар аударды, — делінген хабарламада.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров медицина ұйымдары деңгейінде «алтын сағат» ішінде пациенттермен туындайтын инциденттерді жедел шешуді тапсырды. Сонымен бірге бас дәрігерлер медицина қызметкерлерін коммуникация дағдыларына үйретуді ұйымдастырып, қызмет көрсету стандарттарын сақтауы керек. Бұл ретте, медицина көмегінің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберіндегі қызмет пен көрсетілетін қызметтер туралы барлық ақпарат медицина ұйымдарының сайтында жариялануға тиіс.

 

Ержан Бабақұмаров, Алматы
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Медицина қызметтерінің сапасы кәсібилік деңгейіне және кадрлармен жасақталуына тікелей байланысты. 2020 жылы мамандар тапшылығы 30% қысқарды. Медицина қызметкерлері кадрының жетіспеушілігін толтыру мақсатында Ержан Бабақұмаров медицина ұйымдарын мамандармен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамын қалыптастыруды және әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын «жол картасын» әзірлеуді, медицина қызметкерлерін, оның ішінде сала мамандарын даярлауға грантты ұлғайтуды тапсырды.

Ана мен бала денсаулығын қорғауға қатысты Алматыда өткен жылы жүктілік мерзімі 12 аптаға дейінгі 44 818 әйел есепке алынды, бұл 82%. Бақылаумен ерте қамту жүктілік пен босану кезіндегі мүмкін болатын асқынуларды болжауға мүмкіндік береді, әртүрлі қауіптерді азайтады.

Кеңес барысында перинатал буынның барлық кезеңінде жұмысты ұйымдастыру бойынша менеджменттегі кемшіліктер айтылды. Осыған байланысты, ана мен бала өлімін азайту мақсатында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жүктілікті бақылаудың барлық деңгейіндегі өзара іс-қимылды күшейтуді, бақылау және босанғаннан кейінгі кезеңде МСАК патронаж қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.