Қалай инвестор болдым?
2004 жылы жаңалықтан Стив Джобстың Apple компаниясы шығарған iPod өнімі миллиондаған ақшаға сатылып, компания акциясы еселеп өскенін естідім. Сол кезде құнды қағаздардың жұмыс істеу процесіне, жалпы инвестицияға қызыға бастадым.
Мен де басқалар секілді «күрделі әрі түсініксіз сандар мен сызықтарға қарап, миллиондаған ақша тауып немесе жоғалтып жүретін, кинодағыдай костюм киген бай адамдар ғана құнды қағаз саудалаумен айналысады» деп ойлайтынмын. Кейін интернеттен іздеп, оқып, онымның қате екенін ұқтым.
Бірақ Қазақстанда қандай брокер арқылы қор нарығына шығуға болатынын білмейтін едім. Студент кезімде сауда жасайтын ақшам болмаған соң әрі қарай қаузап зерттемедім де. Тек миымда жүрген керексіз ақпараттың бірі болып қалды.
Құнды немесе бағалы қағаздар — мүліктік құқықты растайтын дивиденд және пайыз түрінде белгілі бір ақша сомасын алуға құқық беретін құжат. Оларға облигация, коносамент, акция және заң актілерінде немесе соларда белгіленген тәртіппен құнды қағаз қатарына кіретін басқадай құжаттар жатады.
Алғашқы тәжірибе немесе сәтсіздік
2020 жылы ел карантинге жабылғанда Forex Club деген компанияға сынақ ретінде 100 доллар салып, сауда жасап көрдім. Айналдырған үш күн ішінде бар ақшамнан айырылып қалдым. «Неге бұлай болды? Қай жерден қате жібердім?» деген оймен Youtube-тан видеолар қарап тағы зерттей бастадым.
Бірінші қатем — акцияны ұзақ мерзімге жоспарлап сатып алу стратегиясын құрмауым. Яғни бүгін сатып алып, бір аптадан соң қайта сатып, пайда көремін деп ойладым. Осылайша қысқа мерзімде табысқа жеткісі келетін тәжірибесі жоқ трейдердің көбі ақшасының 99%-ін жоғалтатынын түсіндім.
Екінші қатем — лицензиясы жоқ компанияға жүгінуім. Мұндай компаниялар көп пайыз ұстайды, қысқа мерзімді стратегиямен жұмыс істейді. Компания дағдарысқа ұшыраған жағдайда ақшаны қайтара алмайсыз. Сол себепті акция, облигация сияқты кез келген құнды қағаз сатып алу кезінде Қазақстанда лицензиясы бар компаниялармен жұмыс істеу қажет екен. Лицензиялы компания күрделі жағдайға тап болса, акция қорғалады. Себебі олар Қазақстан депозит үйінде сақталып тұрады. Лицензиясы бар компаниялар тізімін Kase.kz (Қазақстан қор биржасы) сайтынан көруге болады.
Қаржыгер Әйгерім Кариеваның айтуынша, KASE мүшесі немесе брокер – қарапайым адамдарға қор нарығында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заңды тұлға. Мысалы, құнды қағаздар сатып алғыңыз келсе, тікелей қор биржасына бара алмайсыз. Себебі, биржа жеке тұлғалармен емес, арнайы лицензиясы бар компаниялармен жұмыс істейді. Брокер арқылы KASE–ге өтініш бересіз. Сол себепті брокерді жақсылап таңдап алу керек. Себебі кейбірінің комиссиясы жоғары болуы немесе тек шетел нарықтарына шығуы мүмкін. Енді бірі сатып алған инвестиция портфелінің табысын арттыру үшін клиентті ары қарай жетектеп отырмайды.
Саралауым бойынша, Қазақстанда бірнеше операцияға мүмкіндік беретін компания — Freedom Finance. Сәуірдің басында осы брокер арқылы Apple, Facebook сияқты компаниялардың акционері болдым. Freedom-нан бөлек Halyk Finance, Jysan Invest сияқты компаниялардың да қызметін қолдануға болады.
Жалпы, бір жыл ішінде жұмсаған 100% қаражаттың үстінен тағы 50% пайда көрдім.
Құнды қағаз сатып алу үшін не қажет?
Қазақстанда құнды қағазды сатып алушыға ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы — адамның кәмелет жасқа толуы және ақыл-есінің дұрыс болуы. Сатып алушының жеке куәлігі, телефон номері, электрон поштасы, мекен-жайы және құнды қағаз сатып алатын қаражаты болса жеткілікті.
Қор нарығына шығу үшін брокер компаниядан есепшот аштырып, өзіңіз қалаған сомаға қағаз сатып ала аласыз. Мысалы, Халық банктың бір акциясы — 141 теңге. Ақша көлеміне шектеу жоқ.
Жаңа бастаушыларға 8 кеңес
Құнды қағаз сатып алу жөнінде тәжірибесі жоқ адамдарға мынадай кеңестер беремін:
Біріншіден, біреу сізге «аз уақыт ішінде байып шыға келесіз, осындай жерге ақша салыңыз» десе, сенбеңіз. Оның көбі — алаяқ немесе қаупі өте жоғары инвестиция. Ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.
Екіншіден, брокер компанияны таңдағанда лицензиясын тексеріп алыңыз. Елімізде лицензиясыз жұмыс істейтін компания өте көп.
Үшіншіден, қор нарығы — жатып алып ақша табатын емес, болашаққа қор жинайтын, ақшаңызды инфляциядан, құнсыздануынан қорғайтын жер. Сол себепті интернеттен биржа туралы көп зерттеп, оқу керек.
Төртіншіден, аз мөлшердегі ақшамен болса да, сауда жасап бастай беру керек. Практикасыз теориядан пайда жоқ.
Бесіншіден, акция сатып алу арқылы сол компанияның бизнесінің бір бөлігін сатып аласыз. Сондықтан өзіңізге таныс, кәсібін түсінетін компанияны ұзақ мерзімге алған дұрыс.
Алтыншыдан, акция сатып алудан қорықсаңыз, бастапқыда облигация сатып алуыңызға болады. Облигация тұрақты пайызбен квартал сайын ақша төлеп отырады. Мысалы, жақында Chocofamily Holding жылына 10,25% облигация шығарды. Бұл банктің депозитінен тиімді.
Жетіншіден, тағы бір қарапайым әдіске мән беріп көріңіз, ол — биржа фондтарын сатып алу, яғни ETF. АҚШ-тың ең үлкен 500 компаниясы кіретін S&P500 индексі соңғы 50 жылда орта есеппен жылына 13.6% өсіп отырған. Яғни 50 жыл бұрын 10 000 доллар салғаныңызда қазір 5 миллион доллардан астам ақшаға ие болар едіңіз. Күрделі проценттің сиқыры осында, жыл өткен сайын геометрия жылдамдығымен өсе береді. Бұл процесті әлемнің сегізінші кереметі деп те атайды. Төзімді адамның алар сыйы мол.
Сегізінші кеңес — эмоцияға берілмеу. Жалпы, нарық бірде өсіп, бірде түсіп тұрады. Сатып алған акцияңыз бір жаңалыққа бола 5-6%-ке арзандап кетсе, оған бола даурығып, асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Негізі мықты, бизнесі жақсы компания болашақта, ұзақ мерзімде бәрібір өсім береді.
Қаржыгер Әйгерім Кариева өзіңе қолайлы тәуекел (риск) деңгейін белгілеп алу қажет деп есептейді. Ең тиімдісі – тәуекелі орташа, аз және жоғары құнды қағаздарды біріктіру арқылы инвестициялық портфель құру. Ең маңыздысы – Уоррен Баффет айтпақшы, өзіңіз қызметі мен тауарларын күнделікті пайдаланатын компаниялардың ғана акциясын сатып алу.
Қор нарығына Ү ұрпағының келуі
Құнды қағаздарға сұраныстың артуы Y буынның («игрек» ұрпағы — шамамен 1981-1996 жылдары туған адамдар) қор нарығына жаппай келуімен тұспа-тұс болды.
Бұл ұрпақтың 60%-і автомобиль алғысы келмейді, 55%-і өз үйіңнің болуы міндетті емес деп санайды. 50%-і бренд киім сатып алмайды, 75%-і шығынын есептеп жүреді. Y буынның тағы бір артықшылығы — денсаулығына ерекше көңіл бөледі, көп бөлігі салауатты өмір салтын ұстанады. Олардың арасында IT саласына және денсаулық сақтау саласына инвестиция салу үрдісі байқалады.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Қазақстанда халықтың 1,5%-і ғана әртүрлі құнды қағазбен айналысады. АҚШ-та бұл көрсеткіш 50%-тен асады. Кей адам «олардың кірісі жоғары, бізде табыс аз, сондықтан ел қызықпайды» деуі мүмкін. Бұл пікірмен келіспеймін. Меніңше, бұл дағдыға байланысты. Біздің халыққа шұғыл қажет болмаса, несие алуды, эмоциямен барып еш керексіз зат алуды доғару керек. Күн сайын кіріс-шығысқа есеп жүргізіп, ай сайын кірістің кем дегенде 10%-ін жинап отыру керек.
Байлықтың формуласы оңай: табыс шығыннан артық болу керек және жиналған ақша да жұмыс істеп, көбеюге тиіс. Бірақ бұл шартты орындау қиын. Оған еңбек пен ерік-жігер және білім керек.
Қаржыгер Әйгерім Кариеваның айтуынша, халық арасында биржаға қатысты түрлі түсінік қалыптасқан. Бірі «инвестор болу тым қиын» десе, енді бірі «инвестиция құмар-ойын секілді» деп ат-тонын ала қашады. Тіпті кейде «құнды қағаздарды сатып алу орасан зор ақшаны қажет етеді» деп ойлаймыз. Мұндай стереотип қаржы сауаттымыздың төмен немесе жоқ екенін көрсетеді. Батысты Батыс қылған – биржа. Оңтүстік-Шығыс Азияның экономикасын алға сүйреген де осы қор нарығы.
Қор нарығы тарихында 2020 жыл — айтарлықтай елеулі кезең. Дүниежүзіндегі пандемия салдарынан қор нарығы, мемлекет, компанияның құнды қағаздары жаппай сатылды және оның бағасы құлдырап кетті. Бірақ АҚШ жалпы айналымдағы доллардың үштен бірін басып шығарып, қор нарығын қайта қалпына келтірді. Нәтижесінде, наурызда бағалы қағаз сатып алғандар жыл соңында кем дегенде 30% пайда көріп жатты.
Пандемия салдарынан қазір әлемде бос ақша көп. Тегін ақша тарату экономикасы бар кезде, акция бағалары қымбаттай береді. Себебі миллиондаған адам ақшасын қор нарығына салып жатыр. Мысалы, кейінгі бір жылда Ресейде құнды қағаз алу бойынша тіркелген адам саны осыған дейінгі барлық жылда тіркелген көрсеткіштен артық. Бұл жағдай біздің елімізде де жақында қайталанады деп ойлаймын. Сол себепті қазіргі пандемияға байланысты дағдарыс жағдайын мүмкіндік ретінде пайдалануға болады.