Ұлыбритания, Израиль және Шотландия вакцинаның пайдасын көре бастады

  • Ұлыбритания

Ұлыбританияда жалпы 17 миллионнан астам адам екпенің бір дозасын алған.

Британия наурыздан бастап елдегі локдаунды жеңілдетіп, мектептерді ашуды жоспарлап отыр.

  • Израиль

Халқының жартысынан көбіне кем дегенде екпенің бір дозасын салған Израиль де локдаунды жеңілдетіп, сауда орталықтарын, кафелерді, театр, стадиондарды ашпақ. Қоғамдық орындарға екпе алғандар, коронавирустан айыққандар кіре алады.

Израиль екпеден соң елде ауруханаға жататындар мен ауыр халге түсетіндер күрт азайғанын жариялады. Бұл елдің билігі Pfizer екпесінің екі дозасы 95,8% тиімді деп мәлімдеді.

Үш рет қатаң локдаун жариялаған Израиль билігі «екпенің арқасында төртінші рет қатаң карантин болмайды» деп мәлімдеді.

  • Шотландия

Шотландияның денсаулық саласындағы зерттеушілері коронавирусқа қарсы екпенің бірінші дозасынан кейін ауруханаға түсетіндер саны күрт төмендегенін мәлімдеді.

Олардың дерегінше, Pfizer вакцинасының бір дозасын алғандар арасында ауруханаға түсетіндер 85%, AstraZeneca екпесін салдырғандар арасында 94% азайған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның дерегінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны апта сайын азайып келеді!