«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, этнос өкілдерінің тарихы. Жоба 2017 жылы басталды.
Биылғы байқау – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатыр. Осы жылдар ішіндегі еліміздің табыстары – ел азаматтарының ерен еңбегінің жемісі. Жақсыдан үйрен деген халқымыз жас ұрпақты осындай адамдардан өнеге алуға тәрбиелеген, — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Жобаға елде және елден тыс жерде тұратын қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері 7 номинация бойынша іріктеледі. Олар: медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам.
Қатысу үшін үміткерлер 100janaesim.ruh.kz сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет. Жоба шарттарына сәйкес қатысушы сенімді ақпарат беруге міндеттті. Жалған ақпарат ұсыну, онлайн дауыс беру кезінде фальсификацияға жүгінген сынды немесе өзге де құқық бұзушылық актілері анықталса, ұйымдастырушылар қатысушыны жобадан шығарып жіберуге құқылы.
Барлық өтінім модерациядан өтеді, кейін сайтта жарияланады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бүкілхалықтық онлайн дауыс беру басталады. Сонымен бірге өтінімдердің белгілі бір бөлігі танымал қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт, бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады. Оған қоса осы жылдан бастап өткен маусымдардың жеңімпаздары қазылар алқасының құрамына енеді.
Дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинаған және қазылар алқасының таңдауына ілінген қатысушылар сәуірде жоба жеңімпаздары атанады.
Алдағы бірер айда біз Отанымыздың халық ризашылығына лайықты және Егемен еліміздің жаңа келбеті атанатын есімдермен таныс боламыз, — делінген хабарламада.