Жазатайым жол апатына ұшыраған адам келесі дүниелерді жасауға тиіс.

Көлікті тоқтатып, белгі беру

Жол апатына ұшырағанда транспортты бірден тоқтатып, жол полициясы келгенше, сынған немесе ұшқан бөлшектерді орнынан қозғамау керек. Апаттық дабылды қосып немесе апат болғаны туралы белгіні жолға орналастыру қажет. Жол апаты елдімекенде болса, белгі автомобильден 15 метрден кем емес жерге қойылады. Ал апатқа халық жоқ жерде ұшырасаңыз, арнайы белгі көліктен 30 метр қашыққа орналасуға тиіс.

Фото-видеоға түсіріп алу

Бәрін сол қалпында фото-видеоға түсіріп алу маңызды. Екінші көліктің нөмірін, куәгерлерді және жалпы апатты түсіріп алу қажет. Себебі кінәлі тарап апат орнынан қашып кетуі де мүмкін. Көлігіңізде видеорегистратор болса, тіпті жақсы. Автокөліктің жүріп өткен жолын да видеоға түсіріп алуға болады. Жалпы қолдағы смартфонды барынша пайдалану керек.

Алғашқы медицина көмегін беру

Жол апатында жарақат алған адам болса, оларға алғашқы медицина көмегін беріп, дереу жедел жәрдем шақыру керек (103). Адамның хәлі нашар болса, жүргізуші оларды жолай басқа көлікпен немесе өзі ауруханаға жеткізуге тиіс.

Ауруханаға жарақаттанған адамды жеткізгенде жолаушы байланыс нөмірі, көліктің тіркеу нөмірі, жеке куәліктегі керек мәліметтер, техпаспорт секілді өзі туралы мәліметті жазып қалдыруы керек. Осыдан соң көліктің иесі апат болған жерге оралады. Заңда бекітілгендей, жарақаттанған адамға көмектеспегені үшін адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Полицияға хабарлау

«102» нөміріне хабарласып, полицияға апат болғанын айту қажет. Кейін өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу оңай болуы үшін жүргізуші апатты көрген-білген адамдардың байланыс нөмірін, аты-жөнін және мекенжайын жазып алғаны дұрыс. Апат кезінде ешкім жарақаттанбаса, барлық тарап болған оқиғаны бағалап, бір-бірімен келісіп тұрса, жақын маңдағы ішкі істер органы бөлімшесіне барып, жол көлік апатын тіркеу керек.

Полиция қызметкері жүргізушінің куәлігін, сақтандыру полисін және тіркеу куәлігін тексереді. Құжаттарын алып қоюы да мүмкін, мұндайда уақытша құжаттар беріледі. Содан кейін жол-көлік оқиғаларының диаграммасы және әкімшілік хаттама жасалады. Ал апатқа қатысушыларға түсініктеме толтыру қажет. Түсініктеме жазғанда аса мұқият болыңыз, барлық ақпаратты түгелдеп жазыңыз. Себебі сотта мұның бәрі үлкен роль ойнайды. Полицейден апат диаграммасы мен әкімшілік хаттаманың көшірмесін міндетті түрде сұраңыз.

Жол апаты салдарынан қозғалыс мүлдем тоқтап қалса, апатқа ұшыраған тарап жолды ашуға, өзгелердің қозғалуына жағдай жасап көруі керек. Апат жағдайындағы көлікті жол жиегіне шығаруға болады. Бірақ мұндайда сынған, зақым келген заттарды барынша орнынан қозғамаған дұрыс. Ең дұрысы — көліктің түрі басында қандай болғанын, іздер мен оқиғаға байланысты заттарды сақтауға тырысу.

Сақтандыру компаниясына жүгіну

Полиция шақырған соң сақтандыру компаниясына хабарласыңыз. Апат орнына төтенше жағдайлар жөніндегі комиссар келуі керек. Сақтандыру компаниясы төлейтін соманы белгілеу үшін жазатайым оқиғаны тәуелсіз бағалайтын маманға жүгіну керек. Мұндай қызметті Қазақстандағы біраз компания ұсынады. Компанияның қызметін өзіңіз төлейсіз, бірақ түбіртекті сақтау керек. Кейін сақтандыру компаниясы бағалау шығынын да өтеп береді. Осындай арнайы бағалау арқылы апаттың барлық шығынын анықтауға болады.

Аталған қадамдарды орындаған соң көлікті апат орнынан алу керек. Қозғалысқа кедергі келтіретін зақым болмаса, көлікті жүргізушінің өзі әкете алады. Ал автомобиль қатты зақымданса, онда эвакуатордың қызметін пайдаланған дұрыс. Мұндай қызметтер үшін сақтандыру компаниясы да ақы төлейді.

Медициналық тексерістен өту

Барлық құжатты толтырғаннан кейінгі келесі қадам — медициналық тексеруге жолдама беру. Сотта келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер болмауы үшін оны өту ұсынылады.

Әкімшілік сот

Әрі қарай істі қарау үшін апат материалдары әкімшілік сотқа беріледі. Ол үшін сот кеңсесіне жүгініп, соттың аты-жөні мен хатшының байланыс нөмірін алыңыз. Осылайша сот отырысының уақыты мен болатын залды біліп аласыз. Апатқа қатысушылардың барлығы сот отырысына келсе, сот ісі бір күнде аяқталмайды.

Кінәлі адам материалдық шығынды өтеуінен бас тартқан жағдайда сақтандыру компаниясына жүгіну қажет. Компания өтінішті қабылдауға және тәуелсіз бағалау арқылы анықталған соманы төлеуге міндетті. Сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартса, онда оған қарсы арнайы мемлекеттік органға және сотқа жүгінуге құқығыңыз бар.

Жол апатына ұшыраған адам я әкімшілік, я қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін:

Әкімшілік жауапкершілік

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша:

  • Көлік жүргізушісі көлік құралдарына, жүктерге, құрылысқа немесе басқа мүлікке зиян келтірсе, жол қозғалысы қауіпсіздігінің белгіленген ережесін бұзса, материалдық шығын келтірсе, 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар 9 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
  • Жүргізуші дәл осы әрекеттерге барып, сонымен қатар жәбірленушіге жеңіл зиян келтірсе, оған 15 АЕК (43 755 теңге) көлемінде айыппұл салынады және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
  • Дәл осы әрекеттерді көлікті басқару құқығы жоқ адам жасаса, оған 20 АЕК (58 340 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 611-бабына сай:

  • Жүргізуші жол-көлік оқиғасына байланысты Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасында көзделген міндеттемелерді орындамаса, оған осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
  • Жүргізушінің жол ережесін бұза отырып, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетуі көлік құралдарын басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.
  • Жол апатын көлік құралын басқару құқығынан айырылған немесе көлік құралын басқару құқығына ие емес адам жасаса, 100 АЕК көлемінде (291 700 теңге) айыппұл салынады немесе 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлік оқиғасы болған жерден кеткен адам осы бап бойынша жауапкершіліктен босатылады.

Қылмыстық жауапкершілік

Қылмыстық кодекстің 345-тармағы бойынша:

  • Автокөлікті немесе басқа да көлік құралын басқаратын адам жол жүрісі немесе көлікті пайдалану ережесін бұзса, абайсызда адамның денсаулығына орташа зиян келтірсе, 300 АЕК-ге (875 100 теңге) дейін айыппұл салынады. Ол болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмыстарын істеуге, 240 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарды орындауға немесе 75 күнге дейін белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырылады. Сонымен қатар белгілі бір қызметпен айналысу және бас бостандығынан екі жылға дейін айыру қарастырылған.
  • Жүргізуші абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтiрсе, оған 2000 АЕК-ге (5 834 000 теңге) дейiнгi айыппұл салынады. Ол болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі немесе 2 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар осы мерзімде белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айырылады.
  • Жүргізуші абайсызда адам өліміне кінәлі болса, белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айырылады. 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
  • Жүргізуші абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне кінәлі болса, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейін айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.