Clubhouse – тек тыңдауға және сөйлеуге болатын әлеуметтік желі. Бүгін Clubhouse функциясын, бұл формат қолданушыға не себепті ұнайтынын және оған қалай қосылуға болатынын әңгімелейміз.

Бұл қандай әлеуметтік желі?

Clubhouse

Clubhouse желісінде пост жазуға, смайл әлде хабарлама жіберуге немесе комментарий қалдыруға болмайды. Мұнда тек аудиоформат арқылы сөйлесе аласыз. Осының арқасында бір немесе бірнеше спикер еш өңдеусіз подкаст жазып отырғандай әсер қалдырады.

Clubhouse-та адамды кемсітуге, балағат сөз айтуға, жалған ақпарат беруге және аудионы жазып алуға болмайды. Бұл ережені бұзғандарға шағымдануға мүмкіндік бар. Оларды жүйе бұғаттап тастауы мүмкін.

Желі App Store-да жүктелген қолданбалар арасында қазір бірінші орында тұр.

Жаңа желіге қалай қосылуға болады?

Ең бірінші шарт – қолда Iphone болуы қажет, яғни желіге әзірше iOS қолданушысы ғана қосыла алады.

Желі мүшесі атанудың екі жолы бар:

  • Clubhouse-та бар қолданушы тіркеліп үлгермеген екі адамды шақыра алады (инвайт). 
  • Clubhouse-қа өтініш жібересіз. Сосын желідегі бір танысыңыз өтінішті мақұлдағанша күтуге тура келеді.

Желіге бұлай қосылу себебі оның сипаттамасында түсіндіріледі: бұл әлеуметтік желі қазір даму процесінде, сервер жаңа қолданушыларды жаппай қабылдауға дайын емес.

Кірген бетте басты бетте талқылау мен жоспарланған чаттар шығады. Жүйе қолданушының телефон кітабын анализдеп, оның қызығушылығын анықтауға тырысады, сосын оған лайық бөлме чаттарын ұсынады.

Бөлме деген не?

Clubhouse қолданбасы скрині

Бөлме – Clubhouse-тың кез келген қолданушысы құра алатын чат. Бөлме үш түрлі болады:

  • жалпы жұртқа ашық;
  • тек жазылушыларға ашық;
  • жеке немесе белгілі бір жазылушылар ғана қосыла алады.

Қолданушы жаңа бөлме ашып, тақырыбын қояды. Бөлмеге қосылып, әңгіме тыңдауға немесе сөзге араласуға болады. Бөлмеге қосылатындар саны жылдам артады. Қолданушы бөлме құрады, оған жазылушылары қосылады, бұл жазылушылардың жазылушысы қосылады, осылай кете береді. Бір бөлмеге қосыла алатындардың шекті саны – 5 000 қолданушы.

Әр бөлменің модераторы, спикерлері мен тыңдаушылары болады. Әңгімеге араласып, спикер болу үшін қолды көтеру қажет. Модератор ұсынысты қабылдаса, тыңдаушы спикерге ауысады.

Clubhouse желісінде неден абай болу керек?

Андроидтағы жалған Clubhouse қолданбалары
1) Желідегі алаяқтар Clubhouse-тың танымал болып келе жатқанын пайдаланып жатыр. Олар желінің Android-тағы зиян клондарын жасай бастады, яғни жалған Clubhouse пайда болды. Алайда Android-та Clubhouse-тың ресми версиясы жоқ. Жалған Clubhouse-ты жүктеп, оны ашқан қолданушының телефон кітабы, камерасы, микрофоны мен геолокациясы, файл жүйесі алаяққа қолжетімді болып шыға келеді. Яғни ол қолданушының кез келген әлеуметтік желі профилін, банк картасын, мессенджерін аша алады.
Айтпақшы, осы жылдың қаңтарында Clubhouse авторлары әлеуметтік желіні Android-та да іске қосуға уәде берген болатын.

2) Clubhouse адамды заң алдында жауапкершілікке тартуға түрткі болатын желіге айналуы мүмкін. Өйткені Қазақстанда әлеуметтік желідегі кей әрекет үшін азамат заң алдында жауап береді. Дегенмен бұл желіде заңға қайшы әңгіме сөз болса, оны кім айтқанын дәлелдеу де қиын болуы мүмкін.

3) Америкадағы Stanford Internet Observatory зерттеушілері Clubhouse авторларының Қытайдың Agora компаниясы әзірлеген технологияны қолданғанын мәлімдеді. Бұл желідегі бар мәлімет бір мезетте Қытай билігі қолына түсуі мүмкін екенін білдіреді. Дегенмен желі командасы қауіпсіздікті арттыруға қосымша шара қолданатынын айтқан.

4) Соңғы бөлімді қауіпті деп санауға келмейді, десек те тізімде болуға тиіс. Қазақстандықтар Clubhouse әлеуметтік желісіне кіруге мүмкіндік беретін инвайт сата бастады. Әуеліде оның бағасы 25 мың теңгеге дейін барды. Оның ішінде әлем жұлдыздары бар жабық бөлмелер инвайты қымбат. Қазір бір инвайт бағасы 400-5000 теңге арасында. АҚШ-та да әлеуметтік желіге инвайт сатылып жатыр. Бағасы – 20-800 доллар аралығында.

Желі несімен қызықтырды?

Clubhouse-ты достармен әңгіме-дүкен құру үшін пайдалануға болады. Бірақ желінің басты артықшылығы – мұнда әлемге танымал тұлғалар бар. Олардың әңгімесін дәл қазір телефонмен сөйлесіп отырғандай тыңдауға болады. Басқа желілерде “жұлдыздар” қарапайым қолданушыға қайдан мән бере қойсын?!

Желіге Илон Маск, Марк Цукерберг, Канье Уэст, Опра Уинфри, Джаред Лето сияқты әйгілі адамдар тіркелген соң қолданба танымал бола бастады. Атақты тұлға кез келген қолданушының бөлмесіне кіріп кетуі мүмкін. Ондай жанмен басқа жерде кездесуіңіз екіталай. Желі сонысымен де қызықтырады. Оның үстіне желіге қосылудың да “жыр” болуы аудиторияның қосымша еліктіріп әкетті.

Clubhouse-тың мынадай функциялары бар:

  • өңделмеген, дәл қазір айтылып жатқан әңгімелер;
  • әңгімеге араласпай-ақ тыңдаушы болуға болады;
  • экранды өшіріп те, мобайл қолданбаны түріп (свернуть) жіберіп те тыңдауға болады;
  • қазір басталып жатқан немесе белгілі бір уақытқа жоспарланған әңгімелесу уақыты мен тақырыбы жазылған ескертпе келіп тұрады;
  • ескертпеден бас тартуға болады.

Clubhouse қалай пайда болды?

Google компаниясының бұрынғы қызметкерлері бұл әлеуметтік желіні 2020 жылдың сәуірінде іске қосты. Дегенмен желіні қолданушылар кейінгі кезде ғана көбейді. Әуелі Қытай келді: цензура болмағандықтан, бұл желіге қытайлар қызығып, отанында айтуға тыйым салынған түрлі тақырыпты талқылай бастады. Соның бірі, мысалы, Гонконгтегі наразылықтар. Бұл ұзаққа созылмады, 2021 жылдың 8 ақпанында Қытайда Clubhouse-ты бұғаттап тастады.

2020 жылдың желтоқсанында желіні 600 000 адам жүктеген болатын. 2021 жыл ақпанында қолданушылар саны 5 миллионнан асып кетті.