–Алматы қаласының тумасымын, – деп бастады әңгімесін Еркебұлан. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетін «Шығыстану» мамандығы бойынша бітірдім. Бірінші тілім-жапон, екіншісі- ағылшын болды. Университет қабырғасында жүріп пікірсайыс пен таэквондоға қатыстым. ҚР Парламенті Мәжілісінде және Қазақстандағы БҰҰ кеңсесінде өндірістік іс-тәжірбиеден өттім. Мен мектепте оқып жүрген кезімнен бастап грантқа түсуді армандадым. Сәті болмай ақылы бөлімде оқыдым. Бірақ студенттік кезеңдерде грантқа алмасудың амалын қарастырдым. Бакалаврды бітірген соң, магистратураға дәл сол мамандыққа ең жоғары баллмен грантқа оқуға түстім. Сол сәтте үш жерден жұмысқа тұру мүмкіндігі бұйырды. Алайда Малайзияға кетемін деп шештім. Уақыттың аздығы мені ойландыруға мүмкіндік бермеді. Ол жақта жүріп, МВА оқуын аяқтаған соң екі жылдай жұмыс жасадым. Шетелдік тәжірибе көзқарасыма және дүниетанымыма үлкен өзгеріс әкелді. Бүгінгі таңда бірқатар тың жобаларым бар. Соларды іске асыруды қолға алып жатырмын.
«Тәжірибе мінсіздікке жетелейді»
Мен сегіз тілдің бәрін жетік меңгермегенмін. Малайзияда жүргенімде барлық сегіз тілде сөйлейтін адамдар болды, солармен күнделікті өмірде сөйлесіп, жаңа сөздер үйреніп, тілімді жаттықтыратынмын. Ағылшынша «practice makes perfect», «тәжірибе мінсіздікке жетелейді» деген жақсы сөзі бар ғой. Сондықтан, практика болмағандықтан кейбір тілдерді ұмытудамын.
«Бір тілді үйрену үшін…»
Бір тіл үйрену үшін белгілі бір уақыт жеткілікті деп айту қиын. Себебі тілді өміріңіздің соңына дейін үйренесіз. Мысалы, мен әлі күнге дейін ағылшын тілімді дамытып келемін. Тілдік деңгейдің шегі жоқ, негізі. Алғашқыда әліпбиді үйренесіз, одан кейін жазу, оқу, сөйлеу негіздері, ал одан кейін тіл иелерімен тең дәрежеде сұхбат құру, оны меңгерсеңіз, енді әдемі сөйлеуді үйренесіз, сапалы академиялық жазуды меңгеруге де болады. Осылай жалғасып кете береді. Тіпті қазақ тілінде кейде өмірімізде естімеген сөздерді кездестіріп жатамыз. Тіл көнеріп те, жаңарып та тұрады. Мысал үшін, Жапонияда «Жыл сөзі» деген номинация бар. Оны халық таңдайды. Сол секілді тіл үйренудің де өз қызықтары бар. Жалпы, тіл меңгеру үздіксіз жүріп отыратын процесс.
Мен 1- сыныптан бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте білім алдым. Мектеп кезінде тілдік олимпиадаларға қатысатынмын. Кейін университет қабырғасында екінші тіл ретінде ағылшын тілін оқыдым. Ал Малайзияға кетуім өте үлкен өзгеріс әкелді. Студенттік өмірді де көрдім, жұмыс та істедім. Есептеп көрсем, ағылшын тілін оқып келе жатқаныма жиырма жылға жуықтапты.
Малайзияға келіп, ағылшын тілімнің деңгейін шетелдіктермен еркін сұхбаттасуға дейін жеткізген сәтте, өзге тілдің қызығына кіре бастадым. Мен үшін малай тілінде бір сөз айтып, оны малайлардың түсінуі өте қызық болды. Өзіңіз ойлап көріңізші, басқа бір тілде өзіңіз толық білмейтін бір-екі сөз айтасыз, ал сізді адамдар түсінеді. Маған сол «feedback», яғни кері байланыс өте үлкен жетістік әкелетін. Сөйтіп айналамдағы түрлі ұлт өкілдерімен сөйлесе бастадым. Малайзияда шетелдіктер жетеді. Оны да түсінген соң кафе-мейрамханаларда малайша сөйлейтін болдым. Кейбір жерлерге де еркін кіретін болдым. Мүмкін бет-әлпетімнің малайзиялықтарға ұқсастығы да бір рөл атқарған болар (күліп).
«Қазақ тілділер ағылшынша таза сөйлейді»
Университетте жапон тілін оқып жүргенімде, жапон оқытушымыздың «Қазақ топтары жапондарға жақынырақ сөйлейді», дегені есімде қалып қойыпты. Яғни, таза сөйлейді, акцент жоқ. Ал орыс тілділер өте қиналады. Бұл ағылшын тіліне де қатысты. Мысалы, «queen», «twitter» сөздерін «квин», «твиттер»,- дейді. Назарбаев Университетінің студенттерімен танысқанымда ағылшынша керемет сөйлейтін балаларды кездестірдім. Шетелге шықпай-ақ, ешбір акцентсіз, америкалық стильде сөйлейтін балалар өте көп екен. Бір өкініштісі бір ауыз қазақша білмейді. Байқағаным осы. Шетелде үш жыл жүрген қазақ жігіттерін кездестірдім. Сол баяғы «yes», «no» деңгейінде қалып кеткен.
«Үш тұғырлы тіл»
Өзім Баспасөз қызметінде істегендіктен бір ақпаратты үш тілде салу үлкен уақытты талап етеді, және бір адамның жұмысы емес. Екінші жағынан мүмкін бұл кадрлық мәселе шығар, әр тілге бір адам жауапты болса еш мәселе болмайды.
Белгілі бір мақаланы екі тілде шығарсаңыз сізге «плюс»қой. Алматыдағы Алматы менеджмент университетінде «kaztest» тапсырсаңыз айлығыңызға 10 пайыз қосылады, ал IELTS болса тағы да 10 пайыз. Өте жақсы жүйе. Ал сіз табыс дегенді тек «ақша» деп қабылдамайтын болсаңыз, онда ағылшын тілін білу әлемдегі қиялыңыз жетпейтін ақпараттарды алуға қолжетімділік береді. Оларды аударма емес, түпнұсқа тілінде оқу бір ғанибет. Бізге керегі осы емес пе?!
Мысал үшін, Белгияның ресми тілдері неміс, француз, голланд тілдері. Ал Швейцарияда румын, неміс, француз, италиан тілдері мемлекеттік деңгейде қолданыста. Осылардың қасында біздің әңгімеміз ойыншық боп қалар.
Хобби, арман және жоспарлар
Мен 10 жылдан бері таэквондомен айналысқанмын. Тіпті Қазақстан чемпионатынан қола жүлде, ҚР таэквондо турнирінен күміс жүлде иеленгенмін. Ал Малайзияға кеткенде халықаралық жарыстарға Малайзияның атынан шығып, көптеген жүлделерге ие болдық. 2011-2015 жылдары университеттің құрама командасына бапкерлікпен айналыстым. Бұдан бөлек YouTube арнасын жүргізгенді ұнатамын, бейнелерді өзім түсіріп, өзім монтажын жасауға тырысамын.
Болашақта жапон тілімді қайта бір қайталап, жаңғыртқым келеді, сондай-ақ түрік және араб тілдерінде еркін сөйлеуді армандаймын. Әрине оған ең бастысы тілдік орта әсер етеді ғой. Сондай-ақ, ағылшын тілінде оқытатын өзгеше бір орталық ашқым келеді. Мысалы, «Soft skills» «софт скилз» немесе өзге бір мини курстар.
Тіл үйренушілерге кеңес
Тіл оқимын деген жандарға әрдайым айтатын кеңесім, мақсатыңызды дұрыстап анықтап алыңыз. Не үшін керек? Менен күніне бір адам «Ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады?» деп сұрайды. Өте жеңіл сұрақ, әрі ниетсіз екені көрініп тұр. Оған жеңіл жауап: тіл курсына барып меңгеруге болады.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы да тіл үйренуге болады. Оның артықшылықтарын тізетін болсақ, кез-келген уақытта үйрене аласыз, түрлі әдіс-тәсілдер бар. Кемшілігі — сізді қадағалайтын нақты бір адам болмайды. Көп жағдайда сенімді емес, қателіктері көп ресурстарды адамдар пайдаланып жатады. Біздің әлеуметтік желідегі ағылшын тілін үйренуге арналған тобымыз vk.com/suraktar бар.
Алайда, электронды форматқа өту заман талабына сай үрдіс болғанымен, әрдайым кітапқа, классикаға қызығушылық болады және болу керек. Тіпті ағылшын тілінің өзін алсақ та, уақыт өте америкалықтардың өзіндік ағылшын тілі пайда болды. Ал классикалық тіл британдық болып қала береді. Сондықтан кітап оқу қайткен күннің өзінде өз орнын сақтап қалмақ. Тіпті меніңше, барлық дүниенің электронды форматқа өтуіне байланысты парақтап кітап оқудың өзгеше бір құндылығы пайда болатын сияқты.
Енді мақсатты анықтап алайық. Біреулер тілдік курстарға IELTS тапсыру үшін барады. Ал IELTS ағылшын тілін меңгергендіктің көрсеткіші емес. Кейбіреулер ағылшын тілін сөйлесу үшін ғана оқиды. Ондай жағдайда тек әлеуметтік желілермен шектелуге болады. Негізінде YouTube-қа жететін ресурс жоқ қой. Кез-келген видео сабақты тауып алуға болады. Біздің халық тіл оқығысы келеді, бірақ ерінеді. 2-3 айда нәтиже күтеді. Тіл оқу — тамақ жеу сияқты өмір бойы жалғасатын процесс.
Сұхбаттасқан Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА