Жүкті әйелдерге коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр

Коронавирусқа қарсы вакцина дайындаған германиялық BioNTech пен америкалық Pfizer компаниясы жүкті әйелдер арасында препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау үшін клиника сынағын бастады, — деп хабарлады Reuters.

Клиника сынағына 18 жастан жоғары төрт мыңға жуық жүкті әйел қатысып жатыр. Олардың жүктілік кезеңі 24 пен 34 апта аралығында. Зерттеу мақсаты — 21 күн аралықпен енгізілетін вакцинаның немесе плацебоның екі дозасының қауіпсіздігін, төзімдігін және иммуногендігін бақылау, — делінген хабарламада.

Ғалымдар балаға вакцинаның қауіпсіздігін бағалау үшін тәжірибеге қатысушылардың жүктілігі мен босануын 7-10 ай бойы бақылайды. Нәрестелер шамамен алты айға дейін бақылауда болады.

Біз бұл зерттеуді вакцинаның жүкті әйелдер үшін қауіпсіздігі мен тиімділігі, осы маңызды топтың вакцинаны одан әрі қолдануы туралы дәлелдер жинау үшін бастадық, — деді Pfizer клиника зерттеулері жөніндегі вице-президенті Уильям Грабер.

Оның айтуынша, жүкті әйелдер коронавирус жұқтырған жағдайда аурудың асқынуы мен ауыр ағымының қаупіне көбірек ұшырайды.

ДереккөзTengrinews.kz