Амантай Өсербаевтың айтуынша, ипотека немесе несие алған азаматтарды әскерге шақыру кейінге қалдырылмайды және босатылмайды.
Азамат несиені өз еркімен алды. Несие алу кезінде кепілге қосалқы қарыз алушыны тіркейді. Мұндай жағдайда қарызды сол азаматтар немесе ата-анасы, жақын туыстары төлеуге тиіс. Бұл енді әр банктің жүйесіне байланысты. Кезінде әскерге шақырылған азаматтың несиесін уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныс көтердік, бірақ мемлекеттік органдар қолдамады. Бізге қазірге дейін мұндай сұрақпен келген адам болмады, болған жағдайда комиссия шешеді. Өйткені әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды немесе босатуды бір ғана адамның қолындағы шаруа емес. Заңға байланысты шақыру комиссиясы құрылады. Төраға болып қала әкімінің орынбасары тағайындалады. Комиссия азаматтардың өтінішін жеке қарастырып, заң бойынша шешім қабылдайды, — дейді ол.
Ипотекаға үй алған азамат табыс көзін растау кезінде қосалқы қарыз алушыны тіркемесе немесе әскерге шақырылған уақытта қарызын ата-анасы, жақын туыстары төлей алмаса, мәселе қалай шешіледі? Сұрақтарымызға «Отбасы» банкінің баспасөз қызметі кейінірек жауап беретінін айтты.
Үйленген, бірақ баласы жоқ азаматтар да әскерге шақырыла береді. Ал бір немесе одан да көп баласы болса, шақыру кейінге қалады.
Қазіргі уақытта азаматтар саны жеткілікті, өйткені әскеріміз шағын. Сол себепті әскерге шақырылушы некеге тұрғаны туралы куәлікті әкелсе, көп жағдайда комиссия борышын өтеуді кейінге қалдырып жатады. Өйткені қазір болмағанымен, 3-4 немесе 6 айдан кейін баласы дүние келуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматты әскерден үйіне қайтаруымыз керек болады. Бұл мемлекетке шығын келтіреді. Әзірше шақырушылар саны жеткілікті болғаны себепті үйленген азаматтарды әскерге алып жатқан жоқпыз, кейінге қалдырып жатырмыз, — дейді Амантай Өсербаев.
Әскерге шақырылған азамат отбасында жалғыз бала болса, борышын өтеуден босамайды.
Бірақ ол отбасындағы жалғыз асыраушы болуы мүмкін. Ата-анасы уақытша жұмыссыз немесе мүгедек болған жағдайда шақыру комиссиясына құжаттарын тапсыруы керек. Комиссия мұндай жағдайда шақыруды кейінге қалдырады, бұл заңда бар. Кейінгі қалдыру мерзімі — жарты жыл. Осы уақыт аралығында сұрақ шешілмесе, тағы құжат өткізуі керек, — дейді Алматының қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысы .
Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV заңының 35 және 36-бабында көрсетілген.
Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан мына азаматтар босатылады:
- денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
- 27 жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
- туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
- басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
- ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
- тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Әскери қызметке шақыруды мына жағдайларда кейінге қалдырылады:
- отбасы жағдайлары бойынша;
- білім алуды жалғастыру үшін;
- денсаулық жағдайы бойынша;
- басқа да себептер бойынша беріледі.
Заңның толық мәтінін мына жерден оқуға болады.