Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қорының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр.
Экстракорпораль ұрықтандыруға кімдер өтініш бере алады?
Бұл емшара терапия жолымен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Экстракорпораль ұрықтандыруға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сонымен бірге Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет.
Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпораль ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматика және психика бұзылулары, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы.
Экстракорпораль ұрықтандыруға жолдама алу үшін не істеу керек?
Экстракорпораль ұрықтандыруға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрон тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медицина-санитария көмегін көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медицина қызметтері жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпораль ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша экстракорпораль ұрықтандыру процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде емшараны жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 2021 жылы елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 есе, яғни 7 мыңға дейін көбейту міндетін қойды.