Басты бетЖаңалықтарАэрофобияны қалай...

Аэрофобияны қалай жеңуге болады?

Air Astana авиакомпаниясының апаттан құтқару қызметінің инструкторы Дәурен Патсаевтың айтуынша, жолаушылар «ұшақ апатынан тірі қалу мүмкіндігі аз, ал, пойыз немесе жеңіл машиналардан болатын жол-көлік оқиғаларынан аман қалуға болады» деп ойлайды. Алайда, статистика керісінше «сөйлейді»: авиааппаттан жапа шеккендер жол-көлік оқиғасына түскендерден 1000 есе аз. Әлемде әр секунд сайын 1 жол-көлік оқиғасы болады, әр 5 минут сайын осындай оқиғадан бір адам көз жұмады. Ал, авиаапат 2-3 жылда бір рет болады, бірақ оны бүкіл БАҚ жазады. Себебі, сирек болғанында. Және бір ұшақта апаттық жағдай орын алса, ол туралы әлемдегі барлық авиакомпания бір-біріне хабарлап, ол жағдайдың қайталанбауы үшін сақтық шараларын өткізеді.

Ұшақ неге дірілдеп, шайқалады?

Ұшақта отырған жолаушылар салонда бір діріл пайда болып, ұшақ селкілдесе, бірден «апаттық жағдай орын алды, құлап бара жатырмыз» деп ойлайды. Алайда, «Ұшақтың бұлайша селкілдеп, шайқалуына ауа трубуленттігі себеп болады»,- дейді «Эйр Астана» авиакомпаниясының апаттық құтқару қызметінің инструкторы Дәурен Патсаев:

— Трубуленттік неден пайда болады? Ауа ағынынан. Ұшақ қозғалтқыштары ауаны өзіне сорып, шығарып отыру арқылы ұшақта тартылыс туғызып, оның оңай қозғалуына жол ашады. Біз 10-12 мың метрге көтерілген кезде түрлі ауа ағындары болады. Ол мүмкін жел, болмаса жаңа ғана біздің алдымыздан ұшып өткен ұшақтың қозғалтқышынан шыққан ауа ағыны болуы мүмкін. Осындай ауа тербелісі туындаған кезде ол ұшақтың қозғалтқышына, сәйкесінше ол ұшақ қанаттарына әсер етеді. Нәтижесінде ұшақта діріл пайда болып, кішігірім шайқалу болады. Одан қорқудың қажеті жоқ.

Инструктордың айтуынша, әуе жолындағы бұндай ауа ағындары көлік жолдарындағы шұңқырлар сияқты. Машинамен келе жатқанда алдыңыздан шұңқыр шықса не істейсіз? Әрине оны айналып өтіп кетуге немесе жылдамдықты азайтып, баяу өтуге тырысасыз. Ауа ағыны да сондай. Бастысы, барлық жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағып отыруы керек. Себебі, ұшақта діріл пайда болғанда жолаушылар тұрып кетіп, бір жерін соғып, жарақаттанып қалуы мүмкін. Әйтпесе, ұшақ трубуленттікке шыдамды болып құрастырылады.

Игорь Сегедин
Игорь Сегедин, Air Astana авиакомпаниясының шеф-ұшқышы

Бұнымен «Эйр Астана» авиакомпаниясының шеф-ұшқышы Игорь Сегедин де келіседі:

— Атмосфера тұрақсыз. Кез келген уақытта жел соғып, қысым ауысуы мүмкін. Ұшақ деген – ауадағы кеме. Егер суда толқын болса, кемеге әсер етеді ғой. Осындай толқындар ауада да бар. Ұшақ пен кеменің айырмашылығы – тек жылдамдықта. Бізге судағы кеменің эффектісіне жету үшін жылдамдықты арттыру керек.

Ал, турбуленттілік қатты болса, біз басқа эшелон (әуе жолы, биіктік – авт. ) сұраймыз. Кейде эшелонды ауыстыра алмайтын жағдайлар болады. Мысалы, біз Куала-Лумпурға ұшып бара жатсақ, жол алыс болғандықтан, жанармай соған есептеледі. Ондай кездерде біз эшелонды ауыстыра алмаймыз, тек жылдамдықты азайтамыз. Бірақ, ол өте сирек болады.

«Борт серіктері тек қана шай, тамақ тасымайды»

Борт серіктері жолаушылардың қауіпсіздігін бақылап, олардың қажетті уақытта белдікті тағып, орындарына жайғасуын қамтамасыз етеді. Дәурен Патсаевтың айтуынша, борт серіктердің қолынан шай-тамақ тасудан өзге жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біраз шаруа келеді. Оларды жұмысқа қабылдар кезінде өте қатал іріктеу жүргізіледі.

Борт серік
Air Astana авиакомпаниясының борт серігі

Борт серіктері күйзеліске төзімділік, апаттық құтқару шаралары, алғашқы медициналық көмек, өрт сөндіру, әртүрлі табиғат жағдайларындағы қауіпсіздік шаралары: суды қалай табу керек, отты қайдан табады, тағы сол сияқты іріктеу кезеңдерінен өтеді.

— Борт серіктері 90 секунд ішінде барлық жолаушыны эвакуациялай алады. Олар жүкті әйелдерді босандыра да алады. Әзірге біздің компанияда ондай жағдай орын алған жоқ. Бірақ, әлемдік тәжірибеде бар. KLM авиакомпаниясы 2005-2006 жылдары Амстердам-Алматы рейсінде бір адамды артық алып келді. Ұшаққа отырған кезде жолаушы саны 237 болған, Алматыға 238 жолаушымен қонды. Ұшақта сәби өмірге келген. Біздің борт серіктеріміз де бұндай жағдайға дайын. Себебі, «Эйр Астана» әлемдегі барлық авиакомпанияларға арналған EASA стандарты бойынша сертификаттаудан өтіп тұрады. Демек, біздің қызметкерлер басқа аиакомпанияларда қызмет ете алады,- дейді қауіпсіздік инспекторы.

Оның айтуынша, «Эйр Астана» қызметкерлері ұшуға қашан да 200% дайын. Компаниядағы ең ескісі – Boeing 757 ұшағы, ол 2007 жылы әкелінген. Ең жаңасы – Airbus A320 NEO, келгеніне бір ай болған жоқ. Орташа есеппен авиатұрақтың жасы – 7 жыл.

Airbus A320 NEO
Airbus A320 NEO

Аэрофобияны қалай жеңуге болады?

— Аэрофобияны жеңу үшін ұшақтағы жолаушыға әсер ететін факторларды анықтап алу керек. Олар: адамдармен жақын отырудан, көпшіліктен, ауру жұқтырып алудан, жеке мәселелерден туындауы мүмкін. Демек, бұның барлығы аэрофобия емес. Ол жекелеген факторлар. Ал, статистика авиаапат өте сирек болатынын айтады. Болжам бойынша, адам авиаапатқа тап болуы үшін 45 млн рет ұшу керек. Егер ол күн сайын ұшатын болса, авиаапат тек 123 мың жылдан кейін ғана орын алуы мүмкін,- дейді «Эйр Астана» экипаж жұмысын оңтайландыруды үйрету супервайзері Әсел Әмірова.

Ол тренинг барысында аэрофобияны жеңудің бірнеше тәсілін көрсетті:

  1. Ұшу барысында ноутбук немесе плеерге, кітапқа «алдану». Психологтардың айтуынша, бұл ойды бөліп, фобияны ұмытуға көмектеседі;
  2. Бір мыңнан нөлге дейін санау. Психологтар нөлден мыңға дейін санауға кеңес береді. Алайда, ол ешқандай қиындық туғызбайды. Сондықтан, керісінше, мыңнан нөлге санаған адамның миына аз да болса салмақ түсіп, фобияны естен шығаруға көмектеседі;
  3. Арқаны тік ұстап, иекті көтеріп отыру. Психология ғылымдарына сүйенсек, адам иегін жоғары көтерген сәтте өзін сенімді, мықты сезінеді. Осы арқылы үрейді жоюға болады;
  4. Жаныңыздағы жолаушылармен сөйлесу. Бұл ойыңыздың «бөлініп», ұшу барысындағы қорқынышты ұмыттырады;
  5. Ұшу алдында немесе ұшу барысында ішімдік ішпеу. Метоболизм процесі жерде және әуеде екі түрлі жүреді. Ұшу кезінде алкоголь қабылдаған адамның миына тромб көп жиналады. Әуеде ішілген бір стақан ішімдік жердегі 5 стақан ішумен бірдей әсер етеді;
  6. Терең демалу. Мұрын арқылы терең демалып, ауаны ауызбен шығару;
  7. Сағыз шайнау немесе кәмпит жеу;
  8. Бір жеріңді ауырту. Аэрофобиясы бар адамға ұшаққа өзімен бірге концелярлық резеңке алып кіруге болады. Оны білегіне киіп алып, әлсін-әлсін тартып-жіберу арқылы немесе бас бармақ пен сұқ саусақтың ортасын басу арқылы да ауырсыну әсерін туғызып, фобияны ұмытуға болады.

Айта кетейік, Air Astana авиакомпаниясы аэрофобиясы бар, яғни ұшақпен ұшудан қорқатын жандарға арналған семинар-тренинг өткізіп тұрады.

Аэрофобия
SZH тілшісі виртуалды ұшақты басқарып отыр. Сурет ©Татьяна Аладьина
Аэрофобия
Air Astana авиакомпаниясының 2014 жылы өткізген тренингі

Бұндай тренингтер Мәскеу авиакомпаниясында бар, алайда ақылы түрде. Ал, Солтүстік Американың 39 аэропортында «итпен көмектесу» қызметі бар. Егер сіз аэрофоб болсаңыз, сондағы кез келген итке барып, басынан сипап, еркелете аласыз. Онда иттің небір сүйкімді, әрі адамға үйретілген түрлері бар.