Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есеп беру кездесуінде азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты.
2020 жылы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2 948 пәтер берілді, 1 мың жас «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие арқылы баспанаға қол жеткізді. Былтыр жұмыс істейтін жас мамандар осы бағдарламаға алғаш рет қалада тіркеусіз қатысты, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Қала әкімі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 294,4 мың шаршы метр болатын 3 902 пәтер пайдалануға берілгенін айтты.
2021 жылы мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 8 292 пәтер бөлінеді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне — 427 пәтер, көп балалы отбасыларға — 452, жұмысшы жастарға — 1050 пәтер беріледі, — деді Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға есеп беру кездесуінде.
Қала әкімінің айтуынша, сонымен бірге биыл «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 3 578, «Кредиттік баспана» бойынша 1 411, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 374 пәтер беріледі. «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасады, ол арқылы 1 мың жас алматылық тұрғын үй ала алады.