Алматы әкімі қаладағы қисайған үйлер туралы айтты

Кездесу барысында Алатау ауданының тұрғыны Зерделі ықшамауданындағы апаттық үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені жіті назарға алғанын, биыл апатты жағдайдағы 10 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін айтты.

Мен бұл мәселе бойынша өздеріңізбен жиі кездесіп отырдым. Осы өткен екі-үш апта бұрын тағы барып қайтқан болатынмын. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алдым. Жылдың соңына дейін 10 үйді қалыпқа келтіреміз. Қалған үйлерді жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Зерделі, Алматы, үй, баспана
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Сонымен бірге қала әкімінің айтуынша, жөндеу жұмыстарының барысы міндетті түрде тұрғындардың сұрауларына сәйкес, халықтың ұсыныстары негізінде жүргізіледі.

Бүгінге берілген қорытындыға сәйкес (№1/180, 1/160, 1/161, 1/165) үйлердің іргетасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, №1/167, 1/168 үйлер бойынша жұмыстар басталды. Үйлердің іргетасының негізін нығайту жөніндегі жұмыстар аяқталған соң қасбеттер сырланады және тұрғын үйлердің кіреберістері жөнделеді, — деді қала әкімі есеп беру кездесуінде.

2016 жылдан бері барлығы 13 тұрғын үй нығайтылды, 17 үй бойынша ұсынымдар алынды, осыған сәйкес 2021-2022 жылдары нығайту жұмыстары жүреді.