Сағындық Телібаев Алматы метросының басшысы болып тағайындалды

Қала әкімдігі жаңа директор Сағындық Телібаев еңбек жолын метрополитенде «Алматыметроқұрылыс» АҚ қүрделі құрылыс басқармасының тау-кен техникалық инспекторы болып бастағанын хабарлады. Сонымен қатар, ол Алматы қаласы әкімдігінің «Метрополитен дирекциясы» МКК күрделі құрылыс бөлімінің тау-кен күрделі жұмыстары жөніндегі жетекші инженері, Алматы қаласы «Метрополитен» КМК техникалық бөлімінің техникалық құжаттама жөніндегі жетекші инженері болып қызмет атқарған.

Алматы әкімі жаңа басшының алдына бірқатар нақты міндет қойды: жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, қауіпсіздік деңгейін арттыру, жолаушылар қатарын көбейту.

Бұған дейін метро директоры қызметін Айдын Оразханов атқарған. Метро қызметкерлері бұрынғы басшының қызыметіне шағымданған болатын. Олардың айтуынша, ол жұмысшыларды негізсіз жұмыстан шығарған. Бұл ақпарат БАҚ-та жариялағаннан кейін метро қызметінде тексеру басталып, көп ұзамай Айдын Оразхановтың жұмыстан босатылғаны белгілі болды.