Қазақстан шекарасынан өтудің жаңа ережелері айтылды

4 ақпаннан бастап елден шығатын азаматтарға жеңілдіктер енгізілді. Қазақстан азаматтарына 30 тәулікте 1 рет шекара бақылау-өткізу пункттері арқылы кез келген мақсатпен шетелге өтуге рұқсат етілді. Күндер есебі азамат Қазақстанға оралған күннен басталады.

Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, бұл ереже емделуге, жерлеуге, отбасының ауыр науқас мүшелері күтіміне, оқуға, қызмет бабымен шығатындарға, басқа мемлекетте тұрақты тұратындарға және басқа шығу мақсатпен шекара бақыла-өткізу пункттері арқылы өтетін қазақстандықтарға қолданылмайды. Бұл санаттағы адамдар 30 күндік шектеуді сақтамай, елден шыға алады. Шетелге емделуге шығатын қазақстандықтарда Қазақстанның медициналық мекемелері берген 026/у анықтамасы болуы қажет.

Шекара қызметі өкілдері Қазақстан азаматтары әуе қатынасы арқылы шекарадан шектеусіз өте алатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Германия, Нидерланды, Түркия, біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Оңтүстік Корея, Мальдив, Шри-Ланкаға тікелей әуе қатынасы қалпына келді.