Алдағы 15 жылда 202 мың отбасыға пәтер беріледі — Қуандық Бишімбаев

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарды одан әрі несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаражат есебінен «револьверлік» қағидат бойынша несиелік тұрғын үй салу жалғасады. Ол үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның 180 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражатын әкімдіктерге бөлу ұсынылған.

«Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның 2016 жылғы 97 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражатын несиелік тұрғын үй салуға қайта бөлген орынды деп санаймыз», — деді министр.

Оның айтуынша, тұрғын үй салуға бөлінген қаражат айналымын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 24 млрд. теңге бөлу қажет. Бұл банктің салымшыларына төмендетілген проценттік ставкамен тұрғын үйді өткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 15 жылдың ішінде 12,0 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл 202 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, «ҚИК» АҚ-ның жыл сайын түсіп тұратын жалдау ақысын несиелік тұрғын үй салуға қайта инвестициялау мүмкін деп санаймыз. Есеп бойынша, 2031 жылға дейін оның сомасы 112,6 млрд. теңгеге жетеді, бұл қосымша 43 мың пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік жасайды.

ДереккөзҚазАқпарат