Біржолғы зейнетақы төлемінің 10%-і табыс салығына ұсталады

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұл мақсаттарға біржолғы зейнетақы төлемдеріне салық салудың жеке тәртібі қарастырылған.

Жеке табыс салығы сомасын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы жеке тұлғаның таңдауы бойынша екі тәсілдің бірімен ұстап қалады.

  1. «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» уәкілетті операторға аударған кезде — бір рет.
  2. «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» белгілеген кесте бойынша (зейнетақы аудару басталған келесі айдан бастап) 16 жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен жүзеге асырылады.

Мысалы, салымшының зейнетақы шотындағы жинақтарының сомасы — 8 500 000 теңге, жасына байланысты жеткілікті шек — 3 500 000 теңге болса, алуға болатын біржолғы зейнетақы төлемі — 5 000 000 теңге.

Осы сомаға жеке табыс салығын қалай еспетейді?

1-тәсіл. Салымшының алуға болатын біржолғы зейнетақы төлемінің 10%-і, яғни 5 000 000 теңгенің 10%-і 500 000 теңге жеке табыс салығы ретінде ұсталады және бюджетке аударылады. Осылайша, салымшы зейнетақы жинағындағы 4 500 000 теңгені баспана жағдайын жақсартуға немесе қымбат ем қабылдау үшін ала алады.

2-тәсіл. Салымшы алуға болатын 5 000 000 теңге көлеміндегі біржолғы зейнетақы төлемін толық алуына болады. Ол кезде жеке табыс салығына есептелген 10%-і, яғни 500 000 теңге салымшы зейнетке шыққан кезінде зейнетақыдан 16 жылдан аспайтын мерзімге бөлініп, ұсталып отырады.

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі 21 қаңтарда зейнетақы төлемін тұрғынүй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережесін бекітті. Ал 23 қаңтар күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен “Отбасы банкі” акционерлік қоғамы Еnpf-otbasy.kz сайтын ашты.