Басты бетҚоғамШығыс Қазақстан...

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінінен турист қаза тапты

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Оның айтуынша, көмекке Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының құтқарушылар тобы Еврокоптер-145 тікұшағымен, Өскеменнен құрамында 5 адам бар екінші топ жол талғамайтын көлікпен шыққан. Оған қоса Риддерден құтқарушылар мен 4 волонтер қарда жүретін техникамен қосымша жұмылдырылды.

қар көшкіні, ШҚО
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

16.23 сағатта тікұшақ күннің бұлтты болуы мен түтек бораннан қонуға мәжбүр болды. Осы уақытта құтқарушылар саяхатшылармен байланысқа шығып, оқиға болған жерге жеткен. Қар астында қалған 1979 жылы туған ер азаматтың денесін алып шықты, — деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Таудан түсуге қар жабынының биіктігі, қараңғы түсу, тік қия мен төменгі ауа температурасы қиындық тудырған.

қар көшкіні, ШҚО
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Министрліктің хабарлауынша, 11 ақпанда 8 волонтер, 2 құтқарушы және 1 криминал полициясыдан тұратын топ, сонымен бірге 3 саяхатшы қаза болған адамның денесін түсіру үшін тауға кетті.

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бірнеше күн қатарынан тұрғындарға алдын ала таудағы көшкін қаупі туралы ескерту жасаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

Қазақстандықтардан қолайсыз ауа-райы (қар, қатты жел және жылымық) кезінде тауға шықпауды, тауда жүрген кезде ауа-райын бақылап жүруді, баратын ауданның көшкін жүруі ықтимал орындарын біліп жүруді сұрады.

Ол көбінесе беткей еңісі 30°градустан асса жиі болады, егер де беткейде бұталар мен ағаштар болмаса – еңісі 20°. Беткей еңісі 45° асатын болса көшкін әр қар жауған сайын жүреді, — делінген хабарламада.

Егер де көшкінге тап болсаңыз:

  • Егер де көшкіннің жүруін көрсеңіз жолынан көлденеңінен қарай қашуға тырысыңыз;
  • Төмпешік, қуыс болса тасасына тығылып қалыңыз;
  • Көшкіннен қашып кете алмасаңыз – артық заттардан арылыңыз;
  • Мұрын мен ауызды қолғаппен жабыңыз, көшкінде келе жатып қолмен жүзу қимылдарын жасаңыз және қолыңызды жоғары шығаруға тырысыңыз;
  • Көшкін тоқтаған кезде беттің маңайына, кеуде тұсына кеңістік қалдырыңыз, ол тыныс алуға мүмкіндік береді;
  • Мүмкіндік болса жоғарыға қарай ұмтылыңыз;
  • Көшкінде қалғанда айғайламаңыз, қар дыбысты толық сіңіріп алады, айғай мен ретсіз қимылдар күшіңіз бен оттегіні, жылуды сарқылтады.
  • Төтенше жағдай кезінде 112-ге хабарласыңыз.