Орта ғасырлар тарихын зерттейтін ғалымды медиевист деп атайды. Клавдия Пищулина — Қазақстанның медиевисі. Қазақстандық орта мектептерде, жоғары оқу орындарында және басқа білім ордаларында оқытылатын тарихи еңбектердің пайда болу жолында ғалым өлшеусіз еңбек сіңірді.
Клавдия Пищулина 1934 жылы 10 қарашада Ресейдің Большой Самовец ауылында дүниеге келген. Соғыстан кейін 1946 жылы ол отбасымен Қиыр Шығысқа көшеді. Транссібір теміржолының «Известковая» станциясында мектеп бітіреді. Ол Хабаровск өлкесіндегі қызыл медальмен мектеп бітірген жалғыз оқушы болыпты. Соның арқасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне емтихансыз қабылданады. Тарих факультетінің Шығыс елдері бөлімін өте жақсы бағаға бітіріп, тәжірибе жинауға қалады. Одан соң аспирантура оқып, сол оқу орнында Реза-Шах Пехлеви кезіндегі аграрлық заңнаманы және Ирандағы реформаларды зерттей бастады.
1959 жылы Клавдия Пищулина белгілі мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың ұлы Әли Жандосовқа тұрмысқа шығады. Алматыға көшіп келіп, Қазақ КСР-і Ғылым академиясына жұмысқа орналасады. Клавдия Антоновнаның ұзақ және жемісті ғылыми қызметі осы кезден басталады. Ғалым қазақтың мемлекет ретінде даму тарихын зерттей бастайды.
Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы археология және этнография институтында кіші ғылыми қызметкерден аға және жетекші зерттеушіге дейінгі барлық сатыдан өтіп, 50 жыл қызмет етеді.
Тарихшының ғылымдағы ең алғашқы жарқын еңбектерінің бірі парсы және түрік шығармаларын әріптестерімен бірге аударып, қағазға түсіргені және оның түсіндірмесін бергені еді. Бұл жинақ Орталық Азия мен Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихын зерттейтін біраз ғалымға азық болды.
Клавдия Пищулина аудармалармен қатар шығыс қолжазбаларының мәтінін баспаға дайындау үшін Қазақстанның ортағасырлық тарихының этносаяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін зерттей бастады. Осы кезде оның орта ғасырлардағы қазақ мемлекеттілігі тарихына қатысты негізгі көзқарасы қалыптасады. Пікірін ғалым кейінірек ғылыми еңбектерінде жеткізеді.
Айтпақшы, диссертация жазбағанына қарамастан институт басшылығы Клавдия Пищулинаға қалтқысыз еңбегі үшін деп ғылым кандидаты атағын берген екен. Себебі оның қазақ тарихын зерттеуге қосқан үлесі ұшан-теңіз еді.
5 ақпанда ғылыми және шығармашылық өмірін қазақ халқының тарихын, этногенезі мен мемлекеттілігін зерттеуге арнаған Клавдия Пищулина 87 жасқа таяған шағында қайтыс болды.
Клавдия Антонқызы Пищулина Қазақстанның тарих ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның тамаша туындыларының арқасында біз ортағасырлық қазақ мемлекетінің өмір сүруі, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасы, қалалары мен астаналары туралы білеміз. Сонымен қатар ғалымның еңбегінің арқасында қазақ халқының этногенезі және оның этникалық территориясы туралы хабардармыз. Клавдия Антонқызы әрдайым әріптестерінің құрметіне, студенттерінің алғысына және керемет отбасының сүйіспеншілігіне ие болды. Ол өз ісінің нағыз маманы және керемет адам еді. Көңіл айтамын…, — деп ЖАЗДЫ ғалымның шәкірті, тарихшы Қанат Өскенбай Facebook-тегі парақшасында.
Тарихшының әріптестері оның қандай үлгілі азамат болғанын жазып, Қазақстан тарихын зерттегені үшін ғана емес, қарапайымдылығы мен мінезін еске алып жатты.
«Клавдия Антонқызымен бір институтта жұмыс істедім. Керемет адам еді, қарапайым болғанына тамсанатынмын. Қазір, біраз жылдан кейін бұл қасиетінің артында туабітті интеллигент мінез жатқанын түсініп отырмын. Мақтаншақ академиктердің қасында ол кісі басқаша болып тұратын. Себебі Клавдия Антонқызының интеллекті және ішкі мәдениеті әлдеқайда жоғары еді. Нағыз шебер, шынайы ментор болды. Сонысына қарамастан өзін өте қарапайым ұстайтын. Тіпті институттың дәлізінде ешкімге кедергі келтірмейін деп өзгелерден басқаша жүретін. Мейірім мен ақылыңыз, кәсібилігіңіз бен бізге үйреткен мәдениет сабағы үшін көп рақмет сізге, Клавдия Антонқызы. Жатқан жеріңіз жайлы болсын», — деп жазды тарихшымен қызметтес болған журналист Кенже Татиля Qmonitor.kz-те.
1998 жылы ғалым «Достық» орденімен марапатталды. Клавдия Пищулина Қазақстандағы ортағасырлық тарихшылардың жаңа буынын даярлауда көп еңбек сіңірді. Қазір оның шәкірттері ғалым ізін жалғастырып, ел тарихын зерттеумен айналысып жүр.