Алматы облысында үш елдімекенді су басты

Су тасқыны толас таппаған жауын-шашын және қардың еруі салдарынан болған.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

8 ақпан күні түнде Алматы облысының ТЖД-ға 3 елдімекенде су толып, жеке тұрғын үйлердің 40 аула аумағы су астында қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алматы облысы ТЖД күшімен және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен Ескелді ауданы Ешкіөлмес ауылында оқиға орнынан 10 адам эвакуацияланды және орта мектепке орналастырылды. Мотопомпалардың көмегімен су сорылды. ТЖД-да жедел штаб құрылып, жедел желі жұмыс істеді, — деп хабарлады ТЖМ ресми өкілі.

Алматы облысындағы су тасқыны
Фото: Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта арықтарды тереңдету, үйінді бөгет салу және еріген суды бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су басқан жерлерде барлығы Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары 67 қызметкер, 15 бірлік техника, 18 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 28 қызметкер, 5 бірлік техника және 5 бірлік мотопомпа, АПБ 7 қызметкер, 3 бірлік техника жұмылдырылды.

Алматы облысындағы су тасқыны
Фото: Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардан су тасқыны қаупі бар кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, аула аумақтарына іргелес арық желілерін қар мен қоқыстан уақытылы тазартуға үндеді.

Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны 101 немесе 112!