Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәдина Әбілқасымова Қазақстан қаржы нарығының былтырғы даму қорытындысы және агенттіктің 2021 жылға арналған жұмысы туралы баяндады.
2020 жылы экономиканы кредиттеу 5,5%-ке өсіп, 14,6 триллион теңгеге жетті. Дағдарысқа қарамастан шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер 7,1% өсіп, 4,2 триллион теңге болды. Экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің барлық кредитін жылына 6%-ке дейін субсидиялау тетігі іске қосылды, — деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, биылғы 1 қаңтардан бастап барлық микроқаржылық ұйымының, соның ішінде ломбардтар мен онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін лицензиялау енгізілген. Бұл олардың есеп беруін, ашықтығы мен жауапкершілігін қамтиды.
Халықтың борыш жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылданды. Соның арқасында тұтынушылық кредиттің өсуі азайды. Биыл қарыз алушы жеке тұлғаларды оңалту және кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемсін реттеу тетігі енгізіледі. Қарызын қайтармайтын адамдарға қатысты реттеу қызметінің сотқа дейінгі тәртібі күшейтіледі.
2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беру, ал банктерге брокерлік қызметтердің толық спектрі бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі берілді. Бұл — халықтың инвестиция мүмкіндігін арттырады. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, сақтандыру және қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында заң жобасы әзірленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев агенттікке қаржы тұрақтылығын қамтуды, қаржы нарығының барлық секторында қадағалау жүйесін енгізуді, тұтынушылардың құқығын қорғауды, сонымен бірге қор нарығын дамытуды тапсырды.