Ештеңе істемесең де кінәлісің. Қазақтың мінезі сондай. Өзі түк бітірмейді, бірдеңе істеген қазақты іліп-шалып, бір кебісті бір кебіске сұғып, артынан топырақ шашып отыру — қазақтың қанына сіңген қасиеті. Абайдың кезінде де сондай болған. Қазір де сондаймыз.

Мен кімдерді жек көрем. Жемқорларды, алаяқтарды, өзінің міндетін атқара алмайтын, халыққа жаны ашымайтын әкімдерді жек көрем. Оны сіз де жек көресіз.

Айтысқа дайындықсыз шығу дейтін болмайтын шаруа. Мәселен, сонау Көкшетаудан Сараны іздеп келген Біржан дайындалмай келді дейсің бе? Әрине, дайындалып келді. Оның келетінін естіген Сара да Біржан елінің жақсысы мен жаманын, бары мен жоғын түгендеп отырды ғой. Сол сияқты қазіргі ақындар да айтысқа барар алдында сөзін жұптап отырады.

Жастау, қайраттылау кезімде Құлжанбайдан көрген таза қазақи тәрбиемнің арқасында, ешбір қиянатқа төзбей, «арс» ете қалушы едім. Қазір өзімнен басқаның бәрін төбеме көтеретін жалпақ шешеймін.

Қазір көп жас ақындарда эллегия, эклектика, уайым-қайғы басым. Мектеп партасынан кеше шыққан баланың басында қандай трагедия болуы мүмкін? Мұқағали солай жазса, оның басында соғыс салған қасірет, жетім-жесірлердің, халықтың мұңы бар еді. Қазіргілердікі қандай мұң, қандай қайғы? Тәжірибесі болмаған соң, жын-шайтан, періште, аруақты, өлімді жазады. Бұл – еліктеу, тезірек танылуға құлшыныс. Ар жағыда негіз, тиянақ жоқ. Мұндай поэзия қазақты жарылқамайды.

Ай сайын, апта сайын домбырасын сүйретіп, шапанын жамылып көрінген айтысқа бара берген ақыннан дәмді сөз шықпайды.

Қазақстанда демократиялы сайлау деген жоқ. Біз оны білмей түсіп кеттік. Мемлекеттің машинасы шайнап, жеп қоя жаздады. «Парламентке барып халықтың сөзін сөйлеймін, жоғын жоқтаймын, ақиқатты айтамын» дегенім пендешілік екен. Бос қиял екен. Бармағаныма да өкінбеймін.

Әйел деген тек түнде ғана қызығын көретін нәрсе емес қой. Бара-бара жолдасқа, пікірлеске айналуы керек.

1984 жылы теледидардағы айтысты ұйымдастырып, ел аралап, бұрынғылардың жұрнағын іздеп, тауып, батпақтап Торғайға барып, батпақтап Оралға барып ақын іздеп жүргенімде айтыстың ешкімге қажеті жоқ еді. Айтыс елдің көзіне түсіп, қоғамдық рухани өмірдегі құбылысқа айналған 1990 жылдары бұған еге болатындар табылды.

Айтысты тек жамандайтын, сынайтын, мінейтін өнер деп қарайды. Олай емес қой. Біріншіден, бұл — таза сөз өнері. Екіншіден, бүкіл табиғаты елдің басын біріктіруге, ұлтты ұйытуға, елдің еңсесін көтеруге арналады.

Жақында бір ақын жігіт алғы сөз жазуға кітабының қолжазбасын әкеліп берді. Алғы сөз емес, сөгіс жазып бердім.

Алматыда шығып жатқан «Алматы ақшамы» газеті осы айтыс арқылы дүниеге келген. Ол кезде тек «Вечерняя Алматы» деген газет болатын. 1988 жылы айтыста ақындар «Неге қазақша газет жоқ?» деген мәселе көтерді. Соны орталық комитет қарап, үш айдан кейін «Алматы ақшамы» шыға бастады.

Өлең деген ғайып нәрсе.

Цензура сол жақта, телеарнаның ішінде, өз әріптестеріміздің арасында отыр. Министрлік тарапынан кесіңдер, пішіңдер деген пәрмен жоқ. Көлеңкесінен қорқып отырған телеарнаның ішіндегі редакторлар. Кеңес одағы кезіндегідей ресми цензурадан қиын болып тұр бұлар.

Сырт келбеті болғанымен ар жағында ой, көзінде жалын жоқ жүргізушілер пайда болды.

Бізде құмар ойындарға жеккөрінішпен қарайды. Еуропада болса, жұрт тынығуға барады. Сол жерде отырып, әдемі классикалық музыка тыңдап, бірімен бірі шүйкірлесіп, дәмді ас ішіп, демалып қайтады. Мен ұтуға да, тынығуға да барамын.

Митингке шығу мәдениеті де жоқ бізде. Митингке барған қазақ азаматтары талаптарын дұрыс айта алмайды. Жігерленіп айта алмайды. Әшейін көрініп кетейін деген ой. Біз жалпы самарқау халықпыз ғой. Қанымызда бар өзі. Бір жөні болар деп жүре береміз. Қашанғы жөні бола береді?

Ақынның ішінде ой, сөз тұнуы керек. Қиналу керек.

Біздің көп ақындар сахнада халыққа көсемсіп ақыл айтуға шебер. Өкінішке қарай, олардың бойында күрескерлік рух жоқ. Өздерінің позициясын өздері қорғай алмайды. Сахнаға шығып, билікке тиіскен сыңай танытып, халыққа жақсы атты болғысы келеді.

Жанталаспа озам деп елден қалай,
Сендей сорлы өмірге келген талай.
Қияметін фәнидің көрген сайын
Қиналмайтын боласың өлгенде оңай.

Бізде масыл ақындар өте көп. Сахнада тәтті сөзді айтқанымен, бойында күрескерлік рух жоқ, ондай ақындарға өзімнің де қарным ашады.

Қазақ тілінің жыр болғанына 30 жыл болды. Бұл салаға қаншама қаулы, қарар шықты заң қабылданды. Қаншама ақша бөлініп жатыр. Мен айтам, соның бәрі бекер шаруа. Қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырудың бір-ақ жолы бар. Мемлекеттің басшысы қазақша сөйлеу керек.

Атқа мінген қазақтың екеуі  төрт ауыз өлең айтады. Бірақ бәрі айтып жүрген «әләуләйлім» мен «хәләуләйлімнен» айтыс шықпайды ғой.

Жүрегімді кім көркем шындыққа толтырса, мен соған бас ием. Аттан, ұранды шындық деп түсіну – санасы төмен адамдардың пікірі.

Мен — жалғызбын. Ресми мекеме емеспін. Қолымнан көп нәрсе келмейді. Мен де айтыстан тысқары айлық тауып, бала-шағамды асырауым қажет. Айтыстан тек таяқ жеуге тиіс емеспін. Өзімнің де несібемді тауып жеуім керек қой.

Әлеуметтік желіні оқып отырсаңыз, жастардың жазған пікірлері сауатсыз. «Өйтсейші, бүйтсейші, отырық, тындап жатырық» деп көсіледі. «Н» мен «ң»-ды ажырата алмайтын сақаулар да бар. Міне, осы құбылыс эфирде отырған жүргізушілердің тіліне әсер еткен. Баяғы халық сөзінің мәйегін кешіп, билердің тілімен сөйлейтін адам жоққа тән.

Бойы – биік,
Ойы – ұшқыр,
Өңі – тәуір
Азамат боп өссін деп елі таныр
Шайқы-бұрқы біреуді туа салмай,
Махаббатпен жаратқан мені Тәңір.

* * *

Материал Алаш айнасы,  Қазақ газеттері, Адырна, Жас қазақ, Абай, Ұлағат, Білім ал сайттарында жарияланған контент негізінде әзірленді.