— Подкаст қалай пайда болғаны және оның не себепті трендке айналғаны жайлы айтып бересіз бе?
— Подкаст идеясы екі мыңыншы жылдардың басында пайда болды. Бұл технологияны қолданушылар 2001 жылы тестілеп көрген болатын. Жалпы, подкаст деген – жанр емес, технология.
2004 жылы The Guardian журналистері подкаст туралы жазып, бұл технологияны қалай атау керек екені туралы мәселе қозғады. «Интернеттегі аудиоблогингке жата ма әлде басқаша атау керек пе?» деген дүние сөз болып, ақыры «подкастинг» деген атау қолданылды. Себебі бұл технологияны жасауда iPod сияқты гаджеттер пайдаланылатын.
Уақыт өте келе жеке қолданушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары подкастың не екенін дұрыс түсініп, ыңғайлы, пайдалы дүние түрінде қолдана бастады. Осы тенденция технологияның танымал болып кетуіне ықпал етті. Мәселен, ресейлік медиа «Meduza» подкаст жүргізді, осының арқасында технология орыстілді ақпарат кеңістігінде сұранысқа ие болды. Тура осындай жағдай дүниежүзінің дамыған елдерінде де қалыптасты.
Подкастың трендке айналуына себеп болған тағы бір дүние – оның оңай жасалатыны. Видео түсіруден де жеңіл саналады әрі бірден бастап кетуге болады.
Подкаст жасауға кірісу қиын емес. Сондықтан біраз адам бұл технологияны пайдаланып, контент жасап жүр. Кәсіби радио қызметкері немесе бағдарламалаушы болу міндетті емес.
Ағылшын тілінде сөйлейтін елдерде, сонымен қатар көршілес Ресейде радио тыңдау мәдениеті қалыптасқан, әлі де бар. Олар радионы біздегідей тек музыка үшін емес, сұхбат пен жаңалықтар, аналитикалық бағдарламалар үшін де тыңдайды. Қазақстандағы біраз арна музыка мен 2-3 минуттық жаңалықтан, одан қала берді тыңдармандар бір-біріне сәлем жолдайтын шоулардан тұрады ғой. Ал мен айтып отырған мемлекеттерде радио кестесі күрделі болып келеді, басқа медиамен тең түсіп жатады. Сондықтан азаматтар подкастты да түсініп, тұтына алды. Ал қазақстандықтар салыстырмалы түрде алғанда подкаст аз тыңдайды.
— Қазақстандықтар қандай подкаст тыңдап жүр?
— Кез келген елде қолданушы подкаст тақырыбына, жүргізушісіне немесе спикерге қарап, өзіне ұнағанын таңдайды.
Қазақстанда кейінгі жылдары подкаст тыңдау танымал болып келе жатыр. Бірақ біздегі көрсеткішті дүниежүзімен салыстыруға келмейді. Подкастинг — Қазақстанда енді пайда болып жатқан технология. Қазір отандық подкасттардың танылуына әлеуметтік желі зор ықпал етеді. Себебі қолданушылар көп жағдайда қандай да бір подкастпен өзі оқитын парақшалар арқылы танысып, тыңдап жатады. Инфлюенсер мен блогерлердің аудиториясы көп болғандықтан олардың подкасты да өтімдірек. Әрине, әлеуметтік желіде танымал болмаса да, басқадай маркетинг жолдарымен тыңдарманын көбейтіп жүрген подкастерлер де бар.
— Подкаст көбіне қандай адамдардың ортасында танымал?
— Бізде подкастқа қатысты ешқандай зерттеу жоқ. Бірақ шетелде подкастты көбіне жоғары оқу орнын бітірген, білімді, уақытын бос жұмсағысы келмейтін адамдар тыңдайды деп есептейді.
Жалпы подкаст музыка немесе видео сияқты нақты бір аудиторияға арналған нәрсе емес. Кез келген адам оны пайдаланады, өзіне ұнаған тақырыбын тауып алады. Күнде жолаушы тасып, нәпақасын тауып жүрген таксистен бастап, қой бағып жүрген шопанға дейін арнап түрлі подкаст жасауға болады. Бірақ аудитория да алуан тақырыпқа қызығуы мүмкін. Мысалы, біздегі «Саналы әке» подкасты көбіне ер адамдарға қызық болғанымен, оны әйелдер мен тұрмыс құрмаған қыздар да тыңдайды.
Подкастты «аудио дос» ретінде қарастыруға болады. Адам білімін толықтырамын десе, соған сай подкаст таба алады. Мақсаты көңіл көтеру болса, ондай да жанрдағы контент те жетерлік.
Подкасттың ең ыңғайлы тұсы – оны басқа жұмыспен айналысып отырып та тыңдауға болатыны. Пайдалы болып тұрғаны да осы уақыт үнемдеуге мүмкіндік беретінінде. Уақытты бос кетірмей, жаяу жүргенде, спортпен айналысқанда, тамақ істегенде, көлікте тыңдауға ыңғайлы. Подкаст маған да осы тұсымен ұнайды.
Ресейлік Mediascope компаниясы 2018 жылы интернеттегі аудиожарнаманың эффектін зерттеген. Нәтижесінде аудионы тыңдайтындар көбіне 25-34 жастағы адамдар екені анықталған. Бұл қатарда 18-24, 35-44 жас аралығындағы адамдар да бар. Ал жынысы бойынша 47% әйел адамдар, 53% ерлер екені белгілі болған. 53%-інде жоғары білім бар екен, ал 82%-і жұмыс істейтіндер болып шықты. Табысы жағынан 26%-інің жалақысы ортадан төмен, 33%-інде орташа айлық, ал 41%-і ортадан жоғары жалақы алатыны көрсетілген.
Дүниежүзінде қазір Apple podcasts бірінші орында тұр. Cодан кейін Goolge жақсы танылып жатыр. Ал қазақстандықтар арасында «Яндекс.Музыка» өте танымал. Сонымен қатар Spotify мен CastBox бар. Youtube-тан подкаст тыңдайтындар да бар. Кейде видеоны подкаст деп жүктеп қоятындар кездеседі. Бірақ мұндай видео подкастқа жатпайды.
— Подкаст жазуды бастағысы келген адам бірінші не істеуі керек?
— Идеясын, контенттің концепциясын түгелдеп, нақты жоспарлауы керек. Сонда ғана ол жарты жолдан тоқтамай, біразға дейін бұл істі жалғастыра алады. Қазір подкастты бастап, бірақ жалғастырмай қойған адам көп. Сол үшін контент жайы бір жылдан кейін не болатынын, бес жылдан соң қандай аудиторияға танылатынын алдын-ала ойластырған жөн. Жаңа бір подкаст шықса, тоқтап қалмаса екен деп тілеп жүремін.
Сонымен қатар подкаст жасайтын адам осы ісін ұнатып, таңдап алған тақырыбымен «ауыруы» керек. Себебі бұл тыңдарманға кәдімгідей байқалады, былайша айтқанда естіледі. Адам аудиода жалған сөйлесе, оны халық тыңдамай да қояды. Тұлғаның өзіне не ұнайды, сол тақырып бойынша подкаст бастаған абзалырақ.
Бұл тұста мақсатты айқындау да өте маңызды. Қолданушы «осы жасаған дүнием көп адамға танылса, аудитория жинасам» деген ниетте болса, бір бөлек. Ал «адамдарға шынымен пайдалы болатын дүние жасап шықсам» деген ой мүлдем басқа. Көздегеніңіз тыңдарман жинау болса, хайп болатын тақырыпты қозғауға болады.
Подкаст жасау, былайша айтқанда, тегін. Себебі аудионы смартфонға да жазуға болады. Оны интернеттегі тегін хостингте сақтауға да мүмкіндік бар.
— Сіздің ойыңызша қазақстандықтарға қандай тақырыптағы подкаст қажет? Қазақша контент жеткілікті ме?
— Бізге қандай тақырыптағы подкаст керек екенін нақты ешкім дөп басып айта алмас. Ал қазақша контент әрине, жеткіліксіз. Біріншіден, қазақша подкастты көбейту керек. Екіншіден, оның сапасын көтеру қажет. Қазір саны да аз, сапасы да көңіл көншітпейді. Осы мәселеге ықпал етейін деп арнайы подкастинг орталығын аштым. Tolqyn.com сайтына кіріп, жобамен толық танысуға болады. Арнайы студияда подкастты бастан аяқ жасап шығамыз. Бір сөзбен айтқанда адамдар мен компанияларға подкастты ұйымдастырудан оның танылуына дейінгі қызметтерді ұсына аламыз.
— Өзіңіз қандай подкастарды тыңдайсыз?
— Қазақстандық подкастың бәрін тыңдауға тырысамын. Одан бөлек көбіне подкаст индустриясына байланысты дүниелер тыңдаймын. Мысалы, Podland подкаст индустриясына қатысты адамдарға арналған. Бір аптада осы бағыттағы контенттерге шолу жасап, болған оқиғаларды талқылайды.
Сосын This American Life деген подкастты тыңдаймын. Ертеден келе жатқан жоба саналады. 1997 жылдан бері радиода шығады, қазір интернетте де жарияланады. Мұнда түрлі адамның бір тақырып төңірегіндегі оқиғасы баяндалады. Тіпті әңгімелеушінің дауысын тыңдауға болады. Бір сөзбен айтқанда — сторителинг.
Podcasting 2.0 – екі мыңыншы жылдары, осы технология енді пайда болған кезде шыққан подкаст. Индустрия төңірегінде әңгіме жүргізеді. Қазір «подкаст индекс» деген база жинап жатыр. Өзім де Instagram-да подкастинг туралы жазып, қажет болар деген дүниелерді бөлісіп отырамын.