Қазақстанда студенттердің кәсіби практикасы еңбек өтіліне саналады

Заңдағы өзгерістер туралы білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаменті басқармасының басшысы Қаламқас Алғазинова айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Білім туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Онда дуалды оқыту туралы шарт енді жұмыс өтілін растайтын құжат тізбесіне кіретіні көрсетілген. Қазір министрлік бұйрыққа, дуалды оқытуды ұйымдастыру ережесіне өзгерістер енгізіп жатыр, — деді Қаламқас Алғазинова.

535 колледж дуалды білім беру жүйесіне көшті. 5 мыңнан астам кәсіпорынмен келісім-шарт жасалды. Қазіргі уақытта 58 мың 600 студент жұмыспен қамтылған.

Дуалды білім беру кезінде студент алдымен колледжде теориялық білім алып, кейін білімін жұмыс орнында практикада қолданады. Әр студентке тәлімгер тағайындалады. Ол мамандықтың қыр-сырын үйретуі керек. Егер студент өзін жақсы көрсетсе, оны ресми түрде жұмысқа алады. Шәкіртақы да сақталады.

Менеджмент және бизнес колледжі директорының орынбасары Раушан Бектұрсынованың айтуынша, студенттің еңбегіне ақы төленеді. Сонымен бірге кәсіпорындағы жетекшіге де төлемақы қарастырылған.

Дуалды оқыту жүйесінің 60%-і оқудан және 40%-і кәсіпорында тәжірибе жинаудан тұрады. Білім беру жүйесіне бұл өте үлкен көмек, өйткені бала мамандық бойынша кәсіпорында тәжірибеден өтеді, оқиды, өндірістік үдерісті сезінеді, — деді колледж директорының орынбасары Раушан Бектұрсынова.

Әрбір колледж дуалды оқытуға қандай мамандықты енгізу қажетін өздері шешеді. Оқу орнын бітірген студент дипломнан бөлек қосымша құжат алады. Онда еңбек өтіліне қанша күн есептелгені көрсетіледі.