Қазақстанның сегіз өңірінде жол жабылды

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының деректері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, жаяу бұрқасын, шектеулі көріну) бірнеше аймақта жол жабық.

Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді, — деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Министрлік азаматтарды ауа райының өзгерістерін бақылап отыруды, дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шарасын сақтауды сұрады.

Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн. Егер қатты боран, бұрқасын болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал — делінген министрлік таратқан хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрлгі қандай да бір елдімекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес берді.

Айта кетейік, министрлік қыс мезгілінде жолға шығу ережесін ұсынды.