Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
5 ақпан күні «әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы директорлар кеңесі жоғары оқу орнының басқарма төрағасы — ректоры лауазымына үміткерлердің кандидатураларын қарады.
Министрліктің хабарлауынша, үміткерлер жоғары оқу орнын дамыту бағдарламасын дайындап, ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшелеріне таныстырған. Нәтижесінде директорлар кеңесі конкурсқа қатысқан бірнеше үміткердің ішінен Жанар Темірбекова мен Жансейіт Түймебаевтың кандидатурасын республикалық комиссия қарауына ұсынды.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық өткен республикалық комиссия директорлар кеңесі ұсынған кандидаттармен әңгімелесіп, «әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы — ректоры лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты таңдады, — делінген Білім және ғылым министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, ҚазҰУ директорлар кеңесінің құрамына тәуелсіз директор ретінде Рахман Алшанов, Күнсұлу Зәкария, Нұрлан Смағұлов, Еркін Тәтішев, Арманжан Байтасов және басқа азаматтар кіреді.
Сонымен бірге «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының директорлар кеңесі университеттің Басқарма төрағасы — ректоры лауазымына үміткер ретінде бес азаматтың бағдарламаларын қарады. Дауыс беру нәтижесінде республикалық комиссия қарауына Сәуле Амандықова мен Ерлан Сыдықовтың кандидатуралары өтті.
Ералы Тоғжанов төрағалық еткен республикалық комиссия директорлар кеңесі ұсынған үміткерлермен әңгімелесіп, «Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы — ректоры лауазымына Ерлан Батташұлы Сыдықовты таңдады, — делінген хабарламада.
ЖОО директорлар кеңесінің құрамына Мұрат Әбенов, Қанат Нұров, Әлихан Бәйменов, Данияр Әшімбаев, Александр Ван Де Путт және басқа да азаматтар кіреді.