Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысын бағамдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.
Антикор басшысы Қарасай және Іле аудандарының ауылдық округ әкімдіктерін аралап, өңірлердің әкімдеріне қызмет көрсетудің сервис моделіне көшуді ұсынды.
Алик Шпекбаев Қарасай ауданы Береке кентінің Мәдениет үйіне болды. Онда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің «Парасат жолы» жобасы басталды. Жергілікті тұрғындар қоғамда ұлттық мәдениет пен руханият құндылығын ілгерілету жұмысына дайын екендерін айтты.
Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Алматы облысының азаматтық сектор, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарымен кездесті.
Іс-шараға ақпараттық-ағарту штабының, арнайы мониторинг тобының өкілдері, облыстың Филип Моррис Қазақстан, Маревен Фуд Тянь-Шань, Азия Агро фуд және т.б. ірі өнеркәсіп және азық-түлік компанияларының басшылары қатысты.
Алик Шпекбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда азаматтық бақылауды күшейту және азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимылда негізгі екпін алдын алу шараларына қойылады, оның басшысы азаматтық бақылау институты және жауапты, парасатты бизнес, — деді Алик Шпекаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау шеңберіндегі тиімді құрал ретінде комплаенс-қызметтер институтын заңнамалық айқындауға назар аударды. Жеке компаниялардың басшыларын осы жүйені кәсіпорындарына енгізуге үндеді.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында біріншіден қоғамдық бақылауды күшейту керек екенін айтты.
Таза қоғамды қалыптастыру жолында мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген басшылардың ары, ойы, жүрегі, қолы таза болса сол ұжымдарда жемқорлыққа жол берілмейді, — деді агенттік төрағасы.
Алик Шпекбаев өңірде қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бойынша жергілікті атқарушы органдарының жұмысымен танысты. Ал азаматтық сектор өкілдері сыбайлас жемқорлықты алдын алу мәселесіндегі жоспарларын айтты.