Президент ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ішкі істер министрі мемлекет басшысына 2020 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен криминогендік ахуалдың жай-күйін айтты.
Ведомство басшысы министрлікте 2021 жыл «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жарияланғанын айтты.
еліміздегі қылмыс көрсеткіші 37% төмендеген, сонымен бірге ұрлық, қарақшылық, тонау, бұзақылық және зорлау сияқты қылмыстардың саны азайған. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артқан. Жол-көлік оқиғаларының және соның салдарынан жарақаттанған, қаза болған адамдардың саны қысқарды, — деді Ерлан Тұрғымбаев.
Президент бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажет екенін айтты.
Ерлан Тұрғымбаев 2021 жылы «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жарияланғанын және ішкі істер органдарын реформалау жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтты. Жұмыстың сервис моделін енгізу, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету, учаске инспекторы қызметін реформалау барысын баяндады.
Мемлекет басшысына ішкі істер органдарының қызметін цифрландыруға қатысты жобалар, азаматтарға полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Police 102» мобайл қолданбасын іске қосудың алғашқы нәтижелері туралы есеп берді.
Ведомство басшысының айтуынша, салада кадрларды іріктеу жүйесі жетілдіріліп, жаңа білік талабы бекітілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасып, идеология және имидж жұмыстары күшейген.
Ішкі істер министрі қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, жазасын өтеушілердің жағдайын жақсарту және оларды жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады. Сонымен бірге колонияларда жаппай бейнебақылау құрылғыларын орнату барысы туралы айтты.
Мемлекет басшысы еліміздегі құқықтық тәртіп деңгейін одан әрі арттыруға, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға қатысты тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет көрсету ісін цифрландыру жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.