«Көлік салығын қалай төлеймін?» Жиі қойылатын 10 сұраққа жауап

Салық қарызымды қайдан көрсем болады?

Салық берешегінің болуы (болмауы) туралы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталындағы «Электрондық қызметтер» бөлімінен және E-SalyqAzamat мобайл қолданбасынан көруге болады. Қолданбаны AppStore және PlayMarket-тен жүктей аласыз.

Мен жеке адаммын, 2020 жылға көлік салығын қашанға дейін төлеуім керек?

Өткен жылға салық 2021 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төленуге тиіс.

Өзім көлік салығын қалай есептесем болады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталының «Электрондық қызметтер» бөлімінде орналасқан «Калькуляторды» пайдаланып немесе E-SalyqAzamat мобайл қолданбасында есептей аласыз.

Менде қазір көлік жоқ және болған емес, бірақ көлік салығы есептеліпті, қайда баруым керек?

Көлік салығы уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты негізінде есептеледі. Автокөлік болмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне меншік құқығында көлік құралының жоқтығы туралы анықтаманы ұсыну қажет.

Көлік салығын төлеу үшін қандай реквизиттер қажет?

Көлік салығының реквизиттері:

БСК коды — 104402, СТК коды — 911;

пайыз мәліметтері: СТК коды — 912.

Жеке тұлға көлік салығын қайда төлеу қажет?

Жеке тұлғалар көлік салығын тұрғылықты жері бойынша төлейді.

Менде бірнеше жылдан бері бір көлік бар, бірақ салық мөлшері жыл сайын артып барады, себебі неде?

Салық мөлшері айлық есептік көрсеткішке және көлік құралының қозғалтқышының сыйымдылығына байланысты есептеледі. Сәйкесінше АЕК-нің (МРП) жыл сайын өсуімен бірге салық сомасы да көбейеді.

Егер мүгедектің жеке меншігінде қозғалтқыш сыйымдылығы 4000 текше сантиметрге дейінгі автокөлігі болса, ол көлік салығынан босатыла ма?

Көлік құралдарына салықтан босату тек бір ғана көлік үшін қарастырылған. Бұл ретте, қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл көлік иесі салықтан босатылмайды.

Егер де қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және сол тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгермесе, онда көлік иесі салық төлеуден босатылады.

Ұрланған көлік үшін неге маған көлік салығы есептелген?

Көлік құралын ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғау фактісін растайтын ақпарат — ұрланған көлікке салынған салықтан босатуға негіз болады.

Көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап салықты есептеу тоқтатылады. Қылмыстық іс тоқтатылған немесе кері қайтарылған күннен бастап салық қайта есептеледі. Егер уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалмаса, салық органының көлік салығын есептеуді тоқтатуға еш негізі жоқ.

2020 жылға арналған көлік салығын есептеу үшін қандай айлық есептік көрсеткіш қолданылады?

Көлік салығын есептеу үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады, яғни 2020 жылға 2 651 теңге мөлшеріндегі АЕК қолданылады.

Көлік салығына қатысты өзге де сұрақтарды Мемлекеттік кірістер комитетінің 1414 нөміріне (қосымша «4» санып басып) қоңырау шалу арқылы қоюға болады.