Басты бетЖаңалықтарҚазақ фильмдері...

Қазақ фильмдері Үндістанда көрсетіледі

21-ші Халықаралық үнді кинофестиваль Үндістандағы Керала штатының астанасы Тируванантапурама қаласында желтоқсанның 9-ы мен 16-ы аралығында өтеді.

Фестиваль шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясының әр жылдары түсірілген фильмдері көрсетіледі, атап айтсақ: «Келін» (реж. Е.Тұрсынов), «Шал» (реж. Е.Тұрсынов), «Студент» (реж. Д.Өмірбаев), сондай-ақ  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ» студиясы түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі (реж. Б.Дәуренбеков).

Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде Серік Апрымовтың «Аңшы» және «Бауыр» фильмдері көрсетіледі. Бұл картиналарды үнді көрермендеріне режиссердің өзі таныстыратын болады. Айта кететін жайт, Серік Апрымов фестивальдің халықаралық қазылар алқасының құрамына кіріп, бельгиялық режиссер Мишель Хлейфи (қазылар алқасының төрағасы), Үндістанның театр және кино актрисасы Сима Бисвас, ирандық актриса Баран Косари және фестивальдің бағдарламалар директоры Педро Пиментамен бірге фестивальдің үздік фильмін анықтайтын болады. Халықаралық қазылар алқасымен қатар киносыншылардан құралған – ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазылар алқасы да жұмыс істейді. Биыл фестиваль барысында 62 мемлекеттен келген 185 картиналар көрсетіледі.

1996 жылдан бері өткізіліп жатқан Халықаралық үнді кинофестивалі Үндістанда өткізіліп жүрген маңызды мәдени іс-шаралардың бірі. Байқаудың ұйымдастырушылары – Керала штатының Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Chalachitra» киноакадемиясы. Фестиваль Халықаралық кинопродюсерлер ассоциациясы федерациясында 1999 жылы тіркелген болатын.

ДереккөзҚазақфильм