Таңшолпан Төлеген:

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлеген. Фото жеке архивінен

Университеттің 2-курсында оқып жүргеннен бастап жұмыс істедім. «Ұлан» газетіне, «Ақ желкен» журналына материал дайындап, қаламақы алып тұратынмын. Дегенмен қосымша табыс та керек болды. Құрбым техника дүкенінің газетін көшеде тарататын промоутер еді. Қасына бардым. Газет кейде екі, кейде төрт бет болып шығады. Бір шыққанда 100-200 санын таратуым керек, таратқаным үшін, қателеспесем, 1 500 теңге төлейді.

Әуеліде көшеде газет таратып тұруға ыңғайсыздандым. Бұл істің корей сериалдарындағы елге флаер беріп жүретін қыз-жігіттердікіндей романтика толы түгі жоқ екен. Флаердің көлемі кішкентай, алып кетуге болады. Ал төрт бет газетті кім көтеріп жүргісі келеді?! Адамдар газет алмай өтіп кететін кездер көп болады, «ала салса, несі кетеді» деп іштей ренжіп қоямын. Кейін бұл жұмысты істемей кеттім.

Бір құрбымның әпкесі балабақшаларға ағылшын тілін үйрететін журнал сататын болды. Сол журналды жарнамалайтын адам керек. Жеке жүргізуші берді. Балабақшалардың мекенжай тізімін аламын да, күнде барып, журнал туралы айтып беремін. Сол кездегі балабақшаның меңгерушісіне кіріп баратын батылдығыма қазір таң қалам. Түрім жасымнан кішкентай көрінеді. Шаруамен келіпті деп сол кісілер де мені тыңдады-ау деймін. Бірақ жарнамам «өтпеді». Бір айға жуық уақыт қана істеп, бұл жұмысты да қойдым. Өйткені клиент тауып бере алмадым, ақыры жұмысқа шықпай кеттім.

Сосын жазғы демалыста IELTS-қа дайындық курсын оқимын деп астанада қалдым. Курсымды өзім төлемекшімін. Жаңадан летник ашылып жатыр екен, өмірімде тұңғыш рет официант болып жұмысқа тұрдым. Орысшам нашар болды, бірақ әйтеуір бар білетінімді айта беретінмін. Бізге қызмет көрсетіп жатқан үстелді көзден таса қылмауды үйретті. Соны мықтап тоқып алсам керек, кейін клиенттер «бізге Таңшолпан деген қыз қызмет етсін» деп сұрап алатын болды.

Осы жұмысты істеп жүргенде сервис саласы, адамдармен әңгімелесу, қызмет ету ұнайтынын түсіндім. Үлкен кісілерден гөрі жастар шыдамды, адекват, әдепті келетін. Бір жігіт нансыз тамақ іше алмайды екен. Қонаққа бірінші нан мен салат берілуі керек. Мен шай, салат, ыстық тамақ — бәрін апарып, нан беруді ұмытып кетіппін. Сол қонақ менің басқа клиенттерден босауымды күтіп отырыпты. Бір барғанымда «кешіріңіз, нан әкеп берем деген едіңіз, нансыз іше алмаймын» дейді. Тамағы әлдеқашан суып қалған сияқты. Шыдамына, тәрбиесіне таң қалдым. Сервис адам тануға көмектеседі екен. Бұл жерде 1,5 айдай ғана істедім, өйткені кафе шығынын ақтай алмай, жабылатын болды. Кейін кафеде администратор болған адам банкеттерге официант болуға шақырып жүрді. Көбіне сол кафедегі құрам болып барып тұратынбыз. Банкет болатын күні күндіз барып, дастархан дайындаймыз. Кешке әркімге үстел бөліп береді, сол үстелдегі қонаққа қызмет етеміз. Сосын үйімізге жеткізіп тастайды, бір шыққанымызға 5 мың теңге төлейді.

3-курста сабағым түстен кейін болды, түске дейін  деп жұмыс іздедім. Мектепке енді баратын балаға оқу үйрететін әрі ойнатып, қарайтын адам керек деген хабарландыруға қоңырау шалдым. Үйіне шақырды, жол өте ұзақ екен, қаланың шеті, бірақ отбасы ұнады, білімді, мәдениетті кісілер. 2 айға жуық істедім, бірақ сабаққа қатты шаршап баратын едім. Баланы оқытып, ойнатуға бар энергиям кетіп қалатын болса керек. Сабағыма үлгере алмай жүргенімді айтып, жұмыстан шықтым.

Оқу аяқталып қалғанда бір кафеге ыдыс жуушы болып орналастым. Адам өте аз келетін. Ауылға кететін болдым да, 3 аптадай істеп, шығып кеттім. Сервис саласын уақытша табыс көзі деп қарадым ба екен, әйтеуір ұзақ істеген жұмысым жоқ екен.

4-курстың басында «Айқын» газетінің астанадағы бюросына корреспондент болып жұмысқа тұрдым. Содан кейін журналистикадан басқа салада әзірше істеп көрмедім. Материал жазудан жалыққанда, шығармашалық тоқырау болып тұрған кезде қайтадан официант болып істегім кеп кететіні бар. Ойнап-күліп, қонақтармен әзілдесіп, «проблемный» клиенттің тілін тауып жүрген де бір қызық.

Былтыр бір құрбым екеуміз журналистикадан басқа жерде істейік, басқа ортаның адамдарын көрейік деп ойладық. Өйткені қазіргі салада адамның бәрі мәдениетті, тәрбиелі көрінді. Басқа сала адамдарымен кездесіп қалсақ, қарым-қатынас орната алмай жүреміз бе дедік. Өйткені жұрттың бәрі адекват бола бермейді ғой. Мен жылдам тамақ дайындайтын кафеге бірнеше рет өтінім жібердім, бірақ мен таңдаған график оларға сай келмеген болуы керек, қабылдамады. Құрбым кассир болып істегісі келді, оның да графигі сай болмады. Сөйтіп әркім өз жұмысында қалды.

Еңлік Сақтан:

Еңлік Сақтан
Еңлік Сақтан. Фото: Айгүл Хожантаева

Алматыға оқуға тапсыруға келген абитуриентпін, кәмелет жасына әлі толмағанмын. Әпкем жұмыс істеп жүрген мейрамханада 3 күн официант болдым. Бұл — медиадан басқа жерде істеген ең алғашқы жұмысым. Рамазан айы басталып, той азайған кезі еді. Кейін оқу жылы басталып кетті.

1-курсты бітіріп, бәрі ауылына кетіп жатты. Жатақханадағы бөлмемде «жұмыс істеймін» деп жалғыз қалдым. Өзімді айдалада қалып қойғандай сезіндім. Бірақ ақылы бөлімде оқыған соң каникулда аз да болса, ақша тапқым келді. Резюме жазуды да білмеймін, әйтеуір амалын тауып, толтырып, «Қиял әлемі» паркіне бардым. 3 күн тәжірибеден өттім. Мені күн өте қатты түсетін жердегі аттракционға қойды, қарайып кеттім. Міндетім — адамдарды аттракционға кіргізіп, белбеуін тағып, аппаратты қосу, кейде қауіпсіздік ережесін түсіндіру. Негізі жауапкершілігі ауыр жұмыс. Өйткені аппаратқа бірдеңе болса немесе балалар абайсыз қимыл жасаса, жауап беруім мүмкін. Паркте 2 ай жұмыс істедім.

Тағы да жаз, каникул. 3-курсты аяқтадым. Жатақханада тұратын танысым «Рамстор» супермаркетіне сатушы керек екенін айтты. Бірден бардым. Шығыс тәттілерін сатып тұрдым, клиенттерге дән мен кептірілген жеміс өлшеп, салып беремін. Дүкендегі басқа қызметкерлер мені «восточка» дейтін. Белгілі бір себеппен жұмыстан шығып кеттім. Бастық жұмыс істеген 12 күн үшін ақша төлемеді. Ол кісімен ұрысып, ақыры ақшамды ала алмадым. Содан кейін KFC-ге тәжірибеден өтуге 3 күн бардым. Бірақ мені жұмысқа алмады.

4-курсқа өттім, сабақ басталды. Бір туысым Mega-дағы бутиктің бірінде еден жуатын. Сол қасына шақырды, жұмыс кезінде клиенттер болмайтынын айтты. Тәжірибеден өтіп, бірден үйреніп кеттім. Ерте барып, 10-да дүкендер ашылғанға дейін ішін тазалайтынбыз, тіпті еденді ең жақсы жуатын қызметкер болдым. Кейін дүкеннен офиске ауыстым, яғни жалғыз өзім басқа ғимаратты тазалайтынмын. Онда 1,5 жыл істедім, керек десеңіз, Baribar.kz-тегі жұмысыммен қатар алып жүрдім. Ол жаққа 07.00-де барып, тазалаймын. Сосын 09.00-де редакцияға келемін. Еден жуып жүргенім үшін арланған жоқпын. Бұған қоса, бір рет фильмнің массовкасына қатыстым, бір рет сериалда эпизод рольде ойнадым. Қазір өмірдегі кез келген жұмыс, оқиға үлкен тәжірибе болатынын түсіндім. Осы күнге дейін істеген жұмысымның бәріне қобалжып, қорқып, бірақ өзімді іштей қайрап барғанмын. Есесіне, қорқынышымды жеңуді, жұмысқа қабылдамай қойса, көңілді түсірмей, әрі қарай өмір сүре беруді үйрендім.

Мейірман Лес:

Мейірман Лес
Мейірман Лес. Фото жеке архивінен

Студент кезде оқумен бірге жұмысты қатар алып жүргім келді. 3-курсты бітіретін жылы официант болып жұмысқа тұрдым. Бізді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын шараға дайындады. Киінуден бастап подносты қалай ұстауың қажет, есік ашылғанда қалай дұрыс кіруің керек, бәрін үйретті. Көп құжат өткіздім. Қонақтарға бар-жоғы екі тамақты беру үшін 40-50 адам 3-4 күн бойы дайындалдық. Шара өткеннен кейін бәріміздің еңбекақымыздың белгілі бір бөлігін бермей қойды. Қолымызға шамамен 3 500 теңгеден тиді, негізі келісім бойынша одан көп алуымыз керек еді. Осындай әділетсіздіктен кейін бұл жұмысты істемей кеттім.

Өзге қатарластарым журналистикаға ертерек араласты. Медиаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандыққа оқуға түсіп, 4 жыл бойы бұл салаға жолай алмадым. Жұмыс таба алмадым, барлығы тәжірибе сұрайды. Сосын 4-курста үміт үзіп, McDonald’s-қа жұмысқа тұрдым. Мұның өзі оңай болмады. Бірнеше әңгімелесуден өттім, көп құжат жинадым. Жалақысы тәп-тәуір, бірақ түнде жұмыс істедім. Өзгелер ұйықтайтын немесе жай ғана кино көріп, демалып жататын уақытта сүйретіліп жұмысқа шығатынмын, бәрінен сол ауыр болды. Ал ресторанға барып істейтін жұмысты ойлап, одан сайын қиналамын. Өйткені ең ауырын істедім. Тамақ жасайтын, оны сақтайтын барлық құрылғыны, ресторанның бүкіл еденін, дәретханасын жудым.

Өзгелерге қайда жұмыс істейтінімді айтсам да, нақты немен айналысатыным туралы жасырып қалатынмын. Өйткені маған сол кезде дәретхана мен еден жуу ең жаман жұмыс боп көрінетін. 23.30-дан 07.30-ға дейін бос уақыт болмайтын. Өзіме жететін ақша тауып жүрсем де, бұл жұмысты істегім келмейтін, жанымды қоярға жер таппайтынмын. 2018 жылы диплом алған соң «Қоғаммен байланыс» мамандығына оқуға түскім келді, түсе алмадым. Осыны сылтауратып, Алматыға көшіп келдім. McDonald’s-тағы жұмысымды осында ауыстырып алдым. Baribar.kz порталына келгеннен кейін де бұл жұмысымнан шықпадым. Түнде McDonald’s-та, күндіз Baribar-да жүрдім. Бір күні кешкі ауысымда істейтін менеджердің бар жұмысты түнгі ауысымға, маған тастап кете салатынына қатты ашуландым, ресторанды басыма көтердім. Қоқыс жинайтын орынды тазалап кетуін талап еттім, бірақ тазаламады, осыдан кейін жұмыстан шығуға арыз жаздым. Мұнда 1,5 жылдай жұмыс істедім, бұл — ең алғашқы ресми жұмыс орным.

Жазғы каникул кезінде астананың Орталық базарында нағашы ағамның бутигінде жұмыс істеп жүрдім. Сату, оны клиент көлігіне дейін жеткізіп беру, әр күні жаңадан келген тауарды түсіріп алу сияқты жұмыстарды істедім. Қазір ештеңеге өкінбеймін, керісінше, қуанамын. Сол күндері жымиып қана еске аламын, осының бәрі қолымнан келгені үшін өзіме риза боламын.

Димаш Зиядин:

Дінмұхаммед Зиядин
Димаш Зиядин. Фото жеке архивінен

Медиа саласына ауысқанға дейін бұл бағытқа мүлдем қатысы жоқ жұмыстар атқарғаным бар. Мысалы, студент кезімде екі-үш маусым бойы жазғы демалыста официант болдым. Одан кейін орта мектепте қазақ және дүниежүзі тарихынан сабақ бердім, тіпті қаржы ұйымында статист болып та қызмет еттім.

Әр жұмыс орнының пайдасы мен ұнамаған тұсы болды. Бір жерде елмен араласуды үйренесің, бірақ кей адамның сервис қызметкерлеріне деген менмен көзқарасын қабылдай алмайсың, енді бір қызметте жалақы аз болады немесе болмысыңа келмей тұрғанын бажайлайсың.

Белгілі бір салаға тоқтап, «осы бағытта жұмыс істеймін-ау» деп шешім қабылдағанға дейін түрлі қызметті байқап көру керек сияқты. Бала кезде кітаптан оқып, кинодан көріп қызыққан кей мамандықтың романтикалық маскасын шешіп алып, шын мәнінде қандай екенін білуге болады.

Карьера жолында бұрынғыдай вертикаль емес (қызметкер-бөлім бастығы-директор дегендей), горизонталь деңгейде (қосымша білім-машық игеру) өсіп-жетілу үшін бір-біріне қатысы жоқ салаларда жұмыс істегеннің пайдасы бар деп ойлаймын. Айтпақшы, оқушы кезімде құлпынай теруге шығып, жол бойында шие сатқаным бар. Кейін пәлендей кәсіпкер болып кетпесем де, ақшаның есебін біліп, қадіріне жетуге сол бірді-екілі мысалдың өзі кәдімгідей көмектесті.

Ербол Серікбай:

Ербол Серікбай
Ербол Серікбай. Фото жеке архивінен

Университетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс істеуім керек болды. Өйткені бізде көп жұмыс беруші тәжірибе сұрайды ғой. Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясының информатика кафедрасына тәжірибе үшін лаборант болып жұмысқа тұрдым. Сол кезде қолыма алатын жалақым 27 мың теңге болғаны есімде. Бұл, қателеспесем — 2011-2012 жылдары. 1,5 жыл жұмыс істедім. Барлық компьютер, ноутбукқа жауапты болдым.

Сосын Алматыға келдім. Мұнда да аса бір керемет жұмыс болды деп айта алмаймын. Алғашқы 1-2 жыл бойы сайт жасау арқылы 50-60 мың, ары кетсе, 100 мың теңгеге дейін табыс тауып жүрдім.

Студент кезде жан бағып, күн көру үшін компьютерді қайта орнатумен (переустановка) айналыстық. A4 форматындағы қағазға «Компьютер жөндейміз» деп хабарландыру жазып, подъездерге жапсырып шығатынбыз. Осындай жұмысымыз үшін 2000-2500 теңге аламыз. Мұның ішіне компьютерге «переустановка» жасау, қажет программалар орнату, антивирус қойып беру кіретін.

IT-маманы ретінде дамып-жетілуіме осындай жұмыстардың пайдасы болды. Baribar.kz-тің портал болып қалыптасуына сол кездегі тәжірибе көмектесті деп ойлаймын.

Күнту Арынбек:

Күнту Арынбек
Күнту Арынбек. Фото жеке архивінен

Журналистикаға дейін айтарлықтай көп жерде жұмыс істемедім. Медиа саласына уақытында келген сияқтымын. 2-курс бітірген соң радиоға ресми жұмысқа кірдім. Содан бері бірнеше радиода қызмет еттім.

3-курста жатақханадан орын бермеді, әпкемнің қала шетіндегі үйінде тұруға тура келді. Бір күні үйдің қасындағы аялдамадан сол маңдағы кішігірім ресторанға официант керек деген хабарландыруды оқыдым. Сабақ пен жұмыс графигім ыңғайлы болғаннан соң сенбі-жексенбі күндері қосымша табыс тапқым келді, сол себепті официант болдым.

Онда бар-жоғы екі күн жұмыс істедім. Бірінші күні стажер деп ақша төлемеді. Екінші күні ұзату тойда құдаларға қызмет көрсеттім. 11.00-ден 03.00-ге дейін 5 000 теңге таптым. Ең қызығы, сол тойда радиодағы әріптесім асаба болыпты. Бір-бірімізді біреудің тойында бөлек-бөлек қызметте көріп, ұялып кеткенмін. Тойда әріптесімнің көзіне түспеуге тырысып жүрдім.

Бұл алғашқы және осы күнге дейінгі соңғы официант болып ақша тапқан күнім болды. Өйткені сол тойдан кейін негізгі жұмысымда толық штатқа ауыстым.

Бақдәулет Әбдуалы:

Бақдәулет Әбдуалы
Бақдәулет Әбдуалы. Фото жеке архивінен

9-класта оқып жүргенімде мектеп формасының ақшасын өзім табамын деп кірпіш шығаратын заводта жұмыс істедім. Ол кезде ұялу, намыстану деген болған жоқ. Бірақ өте ауыр жұмыс еді. Айнала шаң-тозаң, аллергия, түшкіру. Қайнап тұрған үлкен пеш ішіне кіріп, кірпіш жинауың керек. Бұл жұмысты тек екі апта істедім.

Одан соң официант болдым. Сол кезде маған бәрі «не деген кішкентайсың» деп айтатын, оған ұялатынмын. Тойханада қолымдағы заттарды құлатып ала жаздаған кездер болды. Содан кейін маған «келмей-ақ қой» деді.

Ал студент кезімде фото түсіруге қызықтым. Тойға шықтым, love story түсіруге көмектестім, осылай азын-аулақ ақша таптым. 2-курста оқып жүргенімде ақша жағынан қысылып, досыммен бірге Glovo-да істедік. Тіркелдік, рюкзагын, формасын алдық. Жатақханада «первашкалардың» көзінше сол рюкзакпен шығуға қатты намыстанатынмын.

Біреуге тамақ жеткізуді қолынан басқа түк келмейтін адамның ісі деп ойлайтынмын. Бірақ оның қандай еңбек екенін өз көзіммен көрдім. Курьер болып жүргенімде көбі қолдады. Ата-анам адал еңбегіңмен ақша тапсаң, ел алдында да, Құдай алдында да сүйкімің болады деп айтты.