Басты бетҚоғамБіржолғы зейнетақы...

Біржолғы зейнетақы жинағын алған алғашқы қазақстандық баспаналы болды

Бұл туралы «Отбасы банк» тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспана иесі зейнетақы жинағының жеткілікті шегінен асатын бөлігін баспана алу үшін пайдалануға болатынын әлеуметтік желіден білген.

Онлайн-платформа іске қосылғаннан кейін қаражатты пайдалануға өтінім бердім. Ал 1 ақпанда шотыма біржолғы зейнетақы төлемдері түсті. Тұрғынүйді үлескер ретінде сатып алдым. Ипотеканы Отбасы банкі арқылы рәсімдеуді шештім, – дейді салымшы.

Салымшыға банктің шарттары, яғни 3 жылдан кейін аралық қарыздың пайыз мөлшерлемесі 5%-ке дейін төмендейтіні ұнаған.

Ипотеканы Отбасы банкіндегі аралық қарыз арқылы алдым. Себебі пайыз мөлшерлемесі мен рәсімдеу жылдамдығы ұнады, – дейді баспана иесі.

Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, салымшыға несие бойынша мақұлдама тез берілген. Ипотеканы рәсімдеуге бар-жоғы 3 минут кеткен.

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі 21 қаңтарда зейнетақы төлемін тұрғынүй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережесін бекітті. Ал 23 қаңтар күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен “Отбасы банкі” акционерлік қоғамы Еnpf-otbasy.kz сайтын ашты.