Нақты айтсақ, «Білім туралы» заңның 49-бабы былай деп толықтырылды:
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет елдерге кеткен балаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында немесе негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мектептерде олардың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
Мұндай талаптың қабылдануын кей азамат сынға алды. Олардың айтуынша, ата-ана баласын қайда оқытатынын өзі шешеді. Қарсылық білдіргендер отандық мектептердегі білім сапасына көңілі толмайтынын, жаңа ережелер адамның құқығын бұзатынын атап өтті.
Алайда Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі «шетелдік ұйымдарда оқуға тыйым салу туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтыны» туралы ақпарат таратты.
«Қосымша білім алу – әр баланың құқығы. Қосымша білімді балалар тек біздің елімізде ғана емес, басқа елдерде, тіпті қашықтан ала алады. Сонымен қатар Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары міндетті орта білім алуы керек және ол мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі» делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан Республикасының азаматы саналатын және осында өмір сүретін бала жергілікті жалпы білім беретін мектептерде, гимназиялар, лицейлер немесе халықаралық мектептерде оқиды. Ал шетелдік мектептерде қосымша білімді қашықтан алуға болады. Сонымен бірге ата-анасымен шет мемлекетке уақытша қоныс аударған бала да шетелде білім ала алады.
Ата-ана не дейді?
Роза Әшірбаеваның ұлдары бұған дейін Алматыда мұғалімдерімен, кластастарымен тіл табыса алмай, көп мектеп ауыстыруға мәжбүр болған. Сондықтан ата-ана екі ұлды Ресейдің онлайн мектебіне берген.
Заңдағы өзгерістер 18 қаңтардан бастап күшіне енгенімен, Роза Әшірбаева балаларын қазақстандық мектепке ауыстыруға асықпайды.
Ұлдарым оқу жылын ресейлік мектепте бастап қойды. Бел ортада қазақстандық мектепке ауыстыру қиын. Сондықтан оқу жылының аяқталғанын күтеміз. Келесі жылға Алматыдан мектеп таңдадық, — дейді Роза.
Алматыдағы мектепке ауысатынын естіген балалардың көңілі түсіп кетіпті. Бірақ ата-ана заңды көрсетіп, жаңа мектепті таныстырып, «Қай елде тұрсаң, сол жердің заңы орындалуы керек» деген ұғымды түсіндірген екен.
Балалар ата-анасынан осындай тәрбие көрсе, өскенде де заңға жауапкершілікпен қарайды. Біздің шешіміміздің астарында осындай мән жатыр, — дейді Роза Әшірбаева.
Дегенмен балалардың Ресей мектебінде оқығаны ата-анаға тиімді еді. Роза Әшірбаеваның айтуынша, Қазақстанда Ресейдегідей онлайн оқу үрдісі қалыптасуы керек.
Бұл аз уақытта бола қоятын нәрсе емес. Сонда да мемлекет қашықтан білім беру жүйесін мықтап қолға алса, жұмыс бабымен шетелде жүргендердің баласы қазақша оқуына, белгілі бір себеппен мектепке бара алмайтындардың үйден білім алуына мүмкіндік болар еді, — дейді ол.
Заң мен идеология қайшы келіп тұр
Педагог Дәурен Сағынғалиев ата-ана баласын шетел мектептерінде қосымша ғана оқыта алады деген өзгертуді қолдайды.
Мәселені құқықтық емес, моральдық һәм идеологиялық жағынан қарастыра білуіміз керек. Біз үшін қиын болса да, бала мектепте жалпы білім беру бағдарламасын ана тілінде меңгеріп, орта қалыптастырып, ұлттың келешегіне қызмет етуі маңызды. Ұлттық құндылықтан жеке бастың мүддесін жоғары қоюдың зардабы да үлкен, — дейді ол.
Маманның айтуынша, бұған қоса отандық білім беру ұйымдары да бәсекені сезініп келе жатыр екен. «Министрлік енгізген өзгерістің оң ықпалын сезіп отырған қоғамның басым бөлігі бұл шешімдердің қабылдануында саяси емес, ұлттық көзқарастың бар екенін байқап, білім беру жүйесіне үміт пен сенім арта бастады. Меніңше, бүгінде білім саласындағы жауапты тұлғалар да білім берудің сапасына мән беруді, елдегі орта білім беру ұйымдарының деңгейін көтеру қажет екенін және халық қолдап, бағалайтынын толық түсінеді», — дейді Дәурен Сағынғалиев.
Алайда «Заңгер кеңесі» telegram-каналының авторы, заңгер Ержан Болатбек онлайн оқытуға қатысты бұл өзгерісті ата-ана мен баланың құқығын шектеу деп есептейді.
«Қысқаша айтқанда, енді қазақстандықтар шетелдік мектеп, колледждерде онлайн білім ала алмайды… Әр ата-ана баласын өзіне ұнаған мектепте, колледже оқытуға құқылы. Қазіргі әлемдік тенденция онлайн білімге бет бұрып жатқанда, осындай шектеу қою — абсурд. Офлайн әрі онлайн білім тең заңи статустарға ие болса, оқу орнын таңдауда неге шектеу бар?» — дейді заңгер.
* * *
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда жалпы білім беру мектептерінің саны азайып келеді. Мәселен 2019-2020 оқу жылында бұл көрсеткіш бес жыл бұрынғыға қарағанда 113 мектепке азайған. Сондай-ақ қолданысқа берілген жаңа мектептердің саны да қысқарып келеді: 2019 жылы мұндай нысан саны 72 болса, 2018 жылы 90, ал 2015 жылы 114 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға өткен еді.
Оқушылардың саны, керісінше, артып келеді. 2015 жылы Қазақстанда 2,7 млн бала мектепке барса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,3 миллионға жеткен.