Арыдағы қазақтың түр-тұлғасы қазіргіден мүлде басқаша болған деген теріс түсінік бар. Алтайдағы ежелгі Ғұн-Түрік заманының қаншама қазынасы сақталған Пазырық, Күдіргі, Бесшатыр қорымдарынан табылған, тобылғы түтініне ыстап қатырған мумиялардың бүгінгі қазақтан айырым белгісі байқалмайды.
Бізге Англия, Франциялар бұл ретте үлгі бола алмайды, өйткені оларда халық көп, оқырман көп, әрбір жазушы өз күнін өзі көреді, жақсы жазушы болса бір кітап жазып, сонымен байып та кетеді. Ал бізде әдебиетті қолдау керек. Осыған біздің биліктің миы жетпей-ақ қойды. Бәлкім, әдейі істеп отыр ма деп ойлаймын кейде.
Біздің қазақ мектептеріне балалар қазақша үйрену үшін емес, қазақша білім алу үшін баруы керек. Ал біздің ата-аналар өздері қазақша сөйлеспейді де, тілі орысша шыққан балаларын қазақ мектебіне береді.
Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам жақсы жазушы бола алмайды.
Менің шетелге кеткенімді де сан-саққа жүгіртеді. Мұстафа Шоқай қайта алмайтын еді, қуғында жүрген, ал мені ешкім көкірегімнен итеріп қуған жоқ. Солженицын сияқты шекарадан ұшаққа мінгізіп шығарып салған жоқ. Мен өзім кеттім, бірақ соның алдында бес жыл бойы маған қарсы науқан жүрді. Осындайды халық ұмытып қалады екен.
Адам жас кезінде аз ғана білімінің өзін көпке жария еткісі келіп тұрады ғой.
Біздің заманымызда жазармандардың барлығы дерлік белгілі бір кеңсе қызметін – көбіне газет, журнал, баспа редакцияларын талғажу етті, яғни, апта аралық әдепкі демалыс, жылына бір келетін айлық демалыс кезінде немесе күнделікті жұмыстан соң, түнде жазуды әдетке айналдырды. Үзіп-жұлып жасаған істе береке болмайды, оның үстіне екі-үш есе қиындыққа түседі әрі денсаулыққа да зиян. Бірақ біздің ағайындарда басқа амал жоқ еді – жаннан кешті, денсаулығын берді, еңбек деңіз, ерлік деңіз – жазудан қол үзбеуге тырысты.
Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауатсыздық көрінісі.
Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын.
Біздің әулет совет заманында аяусыз репрессияға ұшыраған, атылғаны бар, айдалғаны бар, әрқилы жағдайда көлденең ажалға ұшырағаны бар, көз ашқаннан қаншама сұмдық әңгімеге қаныққам, абақты мен лагерь тозағынан әлдеқалай аман шыққан ауылдас кісілердің ғаламат хикаяларын естігем, өзімнің әкем немістің аш-арық концлагерінен соң, одан әлдеқайда сойқанды, жан шырқыраған азап пен ауыр бейнетке толы советтік концлагерьден өткен, менің он бір жасымда ұсталып, тоғызыншы класымда әрең оралған; соншама мол тәжірибеден алдымен түйгенім – үш кісінің басы қосылған жерде бейсауат сөйлеуге болмайтыны, иә, мен советтік сұмдықты толайымен болмаса да, біршама танып өскен едім, оның үстіне, университетке түскеннен беріде жаппай террор кезеңіндегі газет, журналдарды мұқият ақтарғам, тұрғылас балалармен салыстырғанда, бұл тарапта да менің таным, білігім көбірек еді. Сондықтан, қандай жағдайда да көлденең, кіді әңгімелерден бойымды аулақ салам. Санасыздық емес, арамдық емес, әдепкі сақтық.
Орхон-Енисей жазбасын қараңыз. Біздің, қазақ тiлiнiң қазiргi жазу үлгісі.
Есептеп қаралық, 1920-жылдардан не бар? М.Әуезовтің әңгімелері бар, «Қараш-қараш», «Қилы заман» бар. 1930-жылдардан не бар? И.Байзақовтың поэмалары бар. И.Байзақов − қазақтың сол замандағы ең үлкен ақыны. 1940-жылдарда не бар? Ол жылдарда «Абай жолының» екі кітабы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» бар. Санаулы, бір кітап, екі кітап, бір шығарма, екі шығарма ғана. Ал 1990-жылдардан бастап цензура жойылды, көп шығармалар жазылды, бұрын қозғалмаған тақырыптар қамтылды.
Бізде шешендік туралы ұғым мүлде теріс. Бүкіл қазақ демейін, қауымның пікірі теріс. Жұрттың ұғымынша жиында еліріп, көтермелеп сөйлейтін болса, біздің жазушылар ортасында да, соларды шешен екен дейді. Шешендік — мағыналылық және әсерлілік. Мағыналы сөйлесе, жұрттың көңіліне әсер ететін болса, сол — шешендік.
Әдебиеттің деңгейі кітаптың санымен есептелмейді.
Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім — кісі, дінім — ислам, нәсілім — түрік, ұлтым — қазақ, ұраным — Алаш, есімім — Мұхтар, сойым – Мағауин.
Бір ойланбаған нәрсе, 1930-1940 жылдар аралығында латын әліпбиін қолдандық, бірақ соған қараған бір адам жоқ. Ол бұрынғы А.Байтұрсыновтың арабша төте жазуы үлгісінде жасалған болатын. Мен жоғарыдағы нашар нұсқа өтіп кетер ме екен деп қатты алаңдаймын, өйткені, жалдамалы жандайшаптар пайда болды, солар «осы нұсқа жақсы екен, кейін үйреніп кетеміз» дейді, соған қарағанда жоғарыдан нұсқау берілген сияқты, «компьютердің перне тақтасындағы 26 әріпке сыйдырыңдар» деп, сонан кейін де бәрі жалтақтап отыр.
Қазақтың келешегі – көптігінде, шетелдегі қазақтардың бәрі келуі керек, енді 20-30 жылда Қытайда қазақ қалмауы мүмкін.
Бұрнағы бір кезең, қырық, әлде елу жасымда айтар едім, алпысқа жетіп өлген жазушының арманы жоқ деп. Жазарын түгеспесе де, негізгі шығармаларын тәмамдап үлгерсе керек. Алайда біз жасаған заманның сыр-сыпаты, зорлығы мен зобалаңы басқаша болды, ойдағы көп дүние өзіңмен бірге кетуі де мүмкін екен, сол арман болған алпыстан соң болмыс-бітісі, ой тұрғысы мен тақырыбы өзгеше тағы қаншама әңгіме, хикаят, романдар жаздық.
Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!
Беларусьтің үлкен жазушысы Василь Быковты да елінен ешкім қуған жоқ, келісе алмай кетіп қалды, бес жылдан кейін бір рет келіп кетіп, келесі жолы келгенде қайтыс болып, Беларусьте жерленді. Мен өйтіп өле қоймайын, Алматыда өлгім келмейді. Жұрттың ойында жүрсін, кейін «баласы әкелмей сол жаққа көміпті» деп жүрмесін, сол үшін айтып отырмын бұл әңгімені.
Қаламгер үшін газеттің жұмысы – амалсыздың ісі.
Қандай да жас талапкердің ойлаған мұратына жетуі үшін: әуелі – дарын, содан соң оқу-білім, оңды көзқарас, ең ақыры – табанды мінез керек. Бөгесін көп, бірақ күнделік тіршілік машақатынан қиын емес.
Осы, әуел баста таусылмайтындай көрінген, алдамшы, қысқа тіршілігінде біреулермен сыйыспайсың, айтысып, тартысасың, өліспей бітіспес, кереғар қалыпқа жететін жағдайлар да ұшырасады. Бұл, әлдебір себептермен саған ұнамаған кісінің бар болмысы қағай, қаймана ғана емес, қасас, тіпті, жиіркенішті көрінуі мүмкін.
Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар.
Жасқаншақ адамның жауы көбірек болады.
Көп әрі сапалы жазу үшін, тым көп болмаса да біршама молға жету үшін осы мақсатта ғана жұмсалатын ұлан-ғайыр уақытың болуы керек. Өнер жолындағы адам үшін ең қат нәрсе – осы уақыт. Жиырма төрт сағат – жыл он екі ай бос болсаңыз да уақыт тапшылық етеді.
Біздің ерлеріміз, балпылдап бос жүріп, сол әйелге кінә қойғысы келеді. Қазақ осы жолғы жұттан аман шықса, бұл – елдің, әуелі қазақ әйелінің арқасы болмақ.
Қатарлас қаламгерді мадақтасаң, бағасын белгілей, жағымды сөйлесең жақсы, алайда, барды-жоқты кемшілігін мінеп, ашыла айтсаң, өзіңді көтергендей көрінесің. Тұстастарың ғана емес, өзің үшін де қолапайсыз жағдай.
Мені бір орыс немесе неміс оқымаса қойсын, қазақ оқыса — жетеді! Біздің қазақтың прозасының бүгінгі деңгейі Еуропаның ең озық прозасының деңгейімен бірдей.
Шыңғыс ханның нақты мұрагері, ең негізгі мұрагері – қазақ халқы. Шыңғыс хан ту көтергенде қолдаған 25 ру қазақтың құрамында бар. Ең үлкендері: керей, найман, жалайыр, қоңырат, таз, байжігіт, қоралас, күрлеуіт, тағы басқа. Тікелей біздің бабаларымыз. Дәстүр-салты да – түрік.
Менің жазуымның өз реті бар. Асығып, аптығып жазбаймын. Бірақ күн сайын, төрт-бес сағаттан. Бала кезімнен қалыптасқан осылай. Жұмыс рәсімім. Күндіз-түні, жанталасып жазатын жазушылар да бар. Өліп-талып, ұйықтамай отырып жазады. Бұлай жазуға болмайды. Бұл қаламгердің жазу кәсібінің, профессионалдық деңгейінің төмендігін көрсетеді.
Арғы тұсында М.Әуезов қана батыс әдебиетін өз кезінде жақсы таныды, білді, соның арқасында үлкен нәтижеге жетті. Ал біздің қатардағы жазушылар түгел болмағанмен, батыс әдебиетін жақсы танып, жақсы білді. Қазір әлем әдебиеті алақанда тұр ғой, үйренуге, әртүрлі көркемдік тәсілдерді алуға көп мүмкіндік бар.
Үкімет сөйлемейді екен деп мен қазақтың тілінде жазбай қоямын ба?
Өзінікін асыра бағалау, ақылға сыйымсыз ғаламат ерлік туралы хикаялар жеңілген және жеңген барлық халықтың ауызекі тарихында көптеп ұшырасады. Эпикалық жырлар, шежірелі хикаялар, аңыз бен қауесет. Мұндай ертегі оқиғаның бізге жақын ең көрнекті нұсқасы – Салқам Жәңгір ханның небәрі алты жүз кісімен ойраттың елу мыңдық қалың қолын талқандауы туралы хикая. Мүмкін емесі ешкімнің қаперіне келмеген, отаншылдық ұранымен барлық тарихқа еніп кетіпті.
Мақалдап-мәтелдеп сөйлеген жөн. Бірақ сөз өткірлігі мен мағыналық әсерінен айырылып қалмауға тиіс.
Қырық жыл жазғанда көзімнің анық жеткені – шабыт деген жоқ нәрсе. Шабыт жоқ. Бап бар, машық бар. Бап – алаңсыз көңілге байланысты. Машық – күнделікті жұмысқа байланысты.
Сені қалай күстана қылса да, өткендегі барыңа нұқсан келмейді. Жалған мен жалаға мән бермесең, көңіліңе кіреуке түспейді, игілікті жұмысың одан әрмен жалғаса бермек.
Қазақ халқы біртұтас болған. Барлық уақытта. Барлық кезеңде. Бүйректей бөлінбеген. Тарихта сеператизм деген болған. Бұл бөлінуді көздейтін, өз билігін көбірек ойлайтын күйкі ойдан шығатын келеңсіздік.
Егер Тәңірі сізге қуат берген болса, дарын берген болса, көкірегіңізге бір сәуле құйған болса, оны аялап ұстаған абзал. Бұл дарын аз ба, көп пе – сен оны ешкімнен тартып алған жоқсың.
Мысал үшін, мен өзім Абай жөнінде жазуға қорқамын. Мұны бұрын айтқанмын. Өзіңнің деңгейіңнің бәрі көрініп қалады. Абайды талдамай-ақ, Абаймен салыстырмай-ақ, сол өз бетіңмен жүретін болсаң, кішкене абыройлырақ боласың. Абайдың тереңдігіне біз әлі жеткеніміз жоқ.
Қазір интернетті ғаламтор деп жүр, мен қазақ интернетін «өсектор» деймін.
Өткен ғасырдағы саяхатшылардың барлығы: «қазақтар балаларын кенеусіз жақсы көреді, сұмдық еркелетеді» деп жазған. Ал қазір балаларды ұрады, соғады, былтыр-ау деймін, бір әйел төрт жасар баласын оқтаумен ұрып өлтірді. Бұл – халықтың азғанын, тұрмыстық қана емес, рухани да дағдарысқа ұшырағанын көрсететін нәрсе. Мен осы туралы көп ойланамын…
Дарынды адамда басқаның табысына қызғаныш болмайды, керісінше, қашанда сүйінеді, қуанады, төтеден жаңа бір, өзгеше туыс тапқандай сезімге бөленеді. Бір сөзбен айтқанда, өзіне қаншама сенімді болса, тұрғыластарына соншама мейірбан, кең, дарқан.
Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.
Ойлай берсең, бәрі уайым.
* * *
Материал Мағауин, Әдебиет порталы, Қазақ үні, Ұлт, Қамшы, Түркістан, Kerey, Abai.kz сайттарында жарияланған контент негізінде әзірленді.