Актер Сәбит Оразбаев I дәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды

Қазақстанның халық артисіне орденді мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев табыс етті.

Актерға бұл мәртебелі марапат мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін берілді. Жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты рәсімде мемлекеттік хатшы Сәбит Оразбаевты 85 жасқа толуына орай Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтауларын оқып берді.

Сәбит Оразбаев қазақ және әлемдік классикалық, заманауи драматургиядан 100-ден аса драмалық рольдерде ойнады. Шығармашылық жолын комедия жанрында бастап, “Бөлтірік бөрік астында”, “Құдалар келді”, “Беу, қыздар-ай” спектакльдерінде шеберлігімен ерекшеленіп, Ғабит Мүсіреповтың “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу”, Антон Чеховтың “Ваня ағайында” жарқын бейнелерді сомдады.

Қырымбек Көшербаев  сонымен бірге мәдениет және өнер қайраткерлеріне тұңғыш президент – Елбасының мәдениет саласындағы 2020 жылғы мемлекеттік стипендиясын табыс етті. Стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне  тағайындалды.

Олардың ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Александр Гарковец, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев, Болат Аюханов, Гульвира Разиева және басқа да  қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.

Мемлекет ақындар Бауыржан Халиолла, Мирас Асан, балерина Әсел Жанғасқаева, актер Аян Өтепберген, өнертанушы Валерия Недлина және өзге де жас дарындарға да қолдау көрсетті.