«Аман-саулық» қоғамдық қоры президенті Бақыт Түменова елімізде инфекциялық емес аурудан көз жұматындар саны инфекциялық аурудан қайтыс болатындарға қарағанда көбірек екенін айтады.

Қазақстанда ауыратын азаматтардың 84%-і мынадай төрт түрлі аурудан қайтыс болады:

  • жүрек-қан тамыр аурулары (мысалы, жүректің ишемия ауруы және инсульт);
  • онкология аурулары;
  • өкпенің созылмалы респиратор аурулары;
  • қант диабеті.

Бұл аурулардың пайда болып, дамуына маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және қозғалыстың аз болуы, оның ішінде күні бойы отырып жұмыс істеу әсер етеді.

Ал инфекциялық аурулардан көз жұматындар үлесі — 10-11%.

«Аман-саулық» қоғамдық қоры президенті Бақыт Түменова. Фото: Қордың баспасөз қызметі

Адам өмірі осы зиян әдеттер болмаса ұзарар еді. 2014-16 жылдары нашақорлардың денсаулығына келетін зиянды азайту бойынша жұмыс істедім. Біз оларға есірткіні алмастыратын, денсаулыққа зияны азырақ дәрілер ұсындық. Есірткіге тәуелділіктен бірден күшпен құтылуға болмайды, бәрін есірткі алмастырғыш пайдаланудан бастау керек, — дейді Бақыт Түменова.

Оның айтуынша, Қазақстан күшті алкоголь тұтыну жөнінен дүниежүзінде алғашқы ондыққа кіреді. Оған градусы 65%-ке дейін баратын өнімдер кіреді. Ішкілікті қоя алмаған адамға проценті аз алкоголды ішімдіктер, мысалы сыра ұсынуға болады.

Sange зерттеу орталығы 2020 жылдың соңында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан тұрғындары арасында темекі шегу туралы зерттеу жүргізген. Оның нәтижесі бойынша, бұл қалалардағы адамдардың 35,7%-і темекіні тұрақты пайдаланатыны анықталған. Бақыт Түменованың айтуынша, жалпы Қазақстан бойынша 4 миллионнан аса азамат темекі тұтынады. Алайда мұны да түтіні жоқ, денсаулыққа зияны салыстырмалы түрде төмен өнімге алмастыруға болады.

Әлемнің басқа елдеріндегі шараларға қарай отырып, инфекциялық емес аурулар тудыратын факторлардың зиянын азайту үшін бірігу қажет екені белгілі болды. Бұл мақсатта елімізде «Денсаулық» қауымдастығы құрылды. Онда ғалымдар, медицина қызметкерлері, бизнес өкілдері, экологтар, экономистер, журналистер және қант диабеті, семіздік сияқты түрлі аурумен ауыратындар жұмыс істей алады. Кез келген заңды тұлғада қауымдастық мүшесі атану мүмкіндігі бар. Денсаулыққа зиянын азайту саясаты да — деннің саулығына құқылы болу, — дейді қор басшысы.

2017 жылы «Аман-саулық» қоры жанынан инфекциялық емес аурулар қаупін азайту бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Топ мүшелері экономикалық анализ жасап, зиянды азайту стратегиясының қағидаттарын қолданған жағдайда мемлекет 2019-2030 жылдар аралығында 387,1 миллиард теңге немесе жыл сайын 38,71 миллиард теңге үнемдей алатыны туралы болжам жасаған еді.