Atyrau Youth Development Initiative (AYDI) жобасының мақсаты — жастарды экономикалық жағынан тиімді, әлеуметтік тұрғыда белсенді, инклюзив, тең құқылы қала ретінде дамыту. British Council — бұл бастаманың серіктестерінің бірі, оның дәл осындай білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар. AYDI де Қазақстанда және Ұлыбританияда сыналған озық тәжірибені қолданады.

AYDI — Chevron компаниясының бастамасы. Бастаманы Атырау облысының әкімдігімен серіктестікте жүзеге асыруға Chevron мен British Council, Impact Hub Almaty және Urban Forum Kazakhstan қатысады. Бұл ұйымдардың барлығының жастардың қажеттілігін бағалауда, әлеуметтік және білім беру жобаларын жоспарлау мен жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар.

Арсен Қамбалов
Арсен Қамбалов. Фото: Мирас Тыныштықов

AYDI жобасының менеджері Арсен Қамбаловтың айтуынша, қазіргі уақытта Атырауда түрлі әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. Олардың барлығы бірдей инклюзив және теңдік принциптеріне тиісті назар аудара бермейді. British Council жобаның барлық кезеңінде осы қағидаларға үлкен назар аударады.

Кейінгі кезде Атырау жастары әлеуметтік-экономикалық өмірде өте белсенді. Мысалы, пандемия кезінде жастардың еріктілер қозғалысына белсене қосылып, мұқтаж жандарға азық-түлік пен дәрі таратуға көмектескенін көрдік. Тағы бір мысал — AYDI құрамына кіретін және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған I-SEED жобасы. Бұл жоба жастарға білім алуға және әлеуметтік кәсіпкерлікті бастау үшін қаражат алуға бағытталған. Қазіргі уақытта жоба атыраулық 12 жобаға қолдау көрсетті,  — дейді Арсен Қамбалов.

Жоба серіктесі Urban Forum Kazakhstan AYDI шеңберінде Атырауда урбанистиканы дамытумен айналысады. Қаланы зерттеуге, мастер-кластарға, семинарларға байланысты проблемаларды талқылап, шешім ұсынады. AYDI шеңберінде серіктес Impact Hub Almaty тренингтер, семинарлар арқылы жергілікті қоғамдастықты дамытады.

I-SEED жобасы аясындағы стартап байқауларының жеңімпаздары бизнесті дамыту үшін 3000 доллар алады. Бүгінде Атырауда 12 жоба грант ұтып алды.

Соның бірі ретінде Құрманғазы ауданынан қатысқан азаматтың мүгедектігі бар жандарға арналған спорт орталығын ашқанын мысалға келтіре аламын. Бұл орталықтың қатысушылары Паралимпиадаға дайындалып жатыр. Тағы бір мысал — Атырау тұрғыны қайырымдылық дүкенін ашты. Онда аз қамтылған отбасы төмен бағамен заттар ала алады. Атырау тұрғындары жаңа, бірақ қажет емес заттарды әкеліп, осы қайырымдылық дүкеніне өткізеді. Тағы бір мысал — атыраулық қатысушы былғарыдан жасалған бұйымдар (әмиян, визит карточкалары және тағы басқа) шығаратын шеберхана ашты. Бұл жобалар қазіргі уақытта белсенді жүріп жатыр, — дейді Арсен Қамбалов.

I-SEED жобасынан бөлек, STEM-ді танымал ету жобасы да бар. Осы жоба аясында British Council Chevron компаниясы салған Абай орталығында Jaspace жастар білім алаңын ашты. Jaspace — бағдарламалау, робототехника, қолөнер, медиа және тағы басқа сала бойынша қажет құралдармен жабдықталған кеңістік.

AYDI, Jaspace
Фото: Мирас Тыныштықов

Jaspace STEM жобасы Атырау жастары арасында STEM мен ІТ саласын дамытуға бағытталған. Ұйымдастырушы British Council Атырау жастарының бастамасын дамыту аясында да жұмыс істейді. Бұл бастаманы Chevron компаниясы жасап шықты. Олар жұмыс істейтін барлық елде осындай көріністе жергілікті қоғамдастықтарды, түрлі маңызды әлеуметтік жобаны қолдайды.

Асқар Арстамбаев
Асқар Арстамбаев. Фото: Мирас Тыныштықов

Біздің жоба осының аясында STEM мен ІТ компетенцияға арналған. Соның арқасында Атырау оқушылары, студенттер 3D модельдеу, бағдарламалау сияқты түрлі заманауи білімді меңгере алады, — дейді Jaspace STEM жобасының менеджері Асқар Арстамбаев.

Атырау жастарын дамыту бастамасы 5 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Осының аясында әлеуметтік кәсіпкерлікке бағытталған жобалар да болды. Jaspace STEM-ге дейін «Заңғар Атырау» деген жоба жүрген. Мақсаты да — бір, олардың да лабораториясы жұмыс істеді. Бірақ былтыр мамыр айында «Заңғар Атырау» жобасы толығымен аяқталды. Одан кейін 2020 жылдың 5 қыркүйегінде Jaspace STEM  Lab-тың ресми онлайн ашылуы өтті. Аясы үлкен онлайн шара Youtube-те транцляцияланды.

AYDI, Jaspace
Фото: Мирас Тыныштықов

Chevron компаниясы Қазақстанмен серіктестігіне 25 жыл толуына орай, 2018 жылы Атырауда кең ауқымдағы Жастар сарайын салуды жоспарлады. Оның жалпы аумағы 20 мың шаршы метр болды. Қазіргі уақытта Жастар сарайы — үлкен комплекс, ішінде түрлі үйірме, спорт секциялары бар. Осылардың арасында мың шаршы метр арнайы STEM лаборатория ретінде белгіленді. Ішінде түрлі құрал-жабдық бар. Мұнда үйренемін деуші барлығымен жұмыс істей алады, — дейді менеджер Асқар Арстамбаев.

Jaspace — қазақша «жас» және space — «кеңістік» деген сөздерді біріктіріп, жастар кеңістігі деген мағынаны алған. Лабораторияның бағыты көп. Дегенмен қазір карантинге байланысты онлайн өткізуге келетін курстар ғана жүріп жатыр. Олардың қатарында графикалық дизайн, videomaking, Python бағдарламалау тілі, мобилография бар.

AYDI, Jaspace
Фото: Мирас Тыныштықов

Әр курсқа шамамен 20-30 адам қабылдаймыз. Бұған дейін үш лек курсты аяқтады. Әр лекте 100-ден аса оқушыны оқыттық. Жалпы, курсты 300-ден артық оқушыға өттік. Одан бөлек түрлі онлайн шараны да өткіздік. Мысал ретінде үш рет өткен Family workshop-ты айтуға болады. Бұл — ата-аналар мен балаларға арналған шара. Тақырыпқа байланысты отбасылар өз қолдарымен түрлі зат жасады. Мысалы, бірінші Family workshop-та Атырау отбасыларымен батпырауықтар жасадық. Алдымен шараға қатысқысы келетін отбасылардың өтінішін жинадық. Содан кейін олардың үйіне қажет құрал-жабдықтарды курьер арқылы жеткіздік. Бұл жасы кіші балалар арасында затты өз қолынан жасауы арқылы қызығушылығын арттыруға көмектеседі, — дейді Асқар Арстамбаев.

 

Курстар 12-30 жас аралығындағы үйренушілерге арналған. Бірақ курсты оқығысы келген жасы үлкен атыраулықтар да болған.

Біз оған еш қарсылық білдірмедік. Өткенде жасы 45-тен асқан әйел видеомейкерлер курсын сәтті аяқтап, сертификат алды, — дейді Jaspace STEM менеджері.

Асқар Арстамбаев
Асқар Арстамбаев. Фото: Мирас Тыныштықов

Жобаға бастан-аяқ Chevron компаниясы қаржы құйған. Сол себепті үйренемін деушіге барлығы тегін әрі қолжетімді.

Үйренгің келген сала бойынша ешқандай тәжірибең болмаса да, барлығын 0-ден бастап осы курстардан оқуға болады. Бастысы — интернет пен компьютерің болса, жеткілікті. Біздің онлайн курстар алдын ала жазылған видео емес және 30-40 адамға бір сәтте өте салмайды. Сабақ максимум 6 адамға және тікелей эфирде жүргізіледі. Әр оқушымен жеке жұмыс істеуге көңіл бөлеміз, — дейді ол.

British Council курстан өту барысында оқушыға бағдарлама жасақтамасын береді. Adobe Creative Cloud лицензиялық бағдарламасына қосады. Курсты аяқтағандар сертификат алады.

Бұл жобаның басталғанына көп уақыт болмады. Бірақ оны оқығандардан жақсы пікір аламыз. Кейбірі үйренгенін жұмысында, оқуында қолданып жүр. Курсты жүргізетін тренерлер — біздің басты қазынамыз. Олардың барлығы — өте білімді, таңғаларлық шеберлікке ие азаматтар. Тренерлер арасында Назарбаев университетінің түлектері бар. Мысалы, техника жағынан Назарбаев университетінің мехатроника және робототехника мамандығы бойынша магистрі Роман Кручинин курс өтеді. Python бағдарламалау тілі бойынша курсты Еуропадағы үздік фин университеті  — Аалтоның түлегі жүргізеді. Ол қазір де Финляндияда ІТ бойынша білімін жалғастырып жатыр,  — дейді Асқар Арстамбаев.

Қазір Jaspace командасы онлайн курстарының жаңа форматын әзірлеп жатыр. Олар үйренушіге бір саланы жан-жақты оқытпақ. Тіпті, жастардың жұмыс табуына да жол көрсетуді жоспарлап отыр.

Мысалы, интернет маркетолог болуға көмектесеміз. Біз оған бір ғана курс емес, толық мектеп болуға тырысамыз. Оқушының сабақ кестесі болады. Бір сабақта әлеуметтік медиа маркетингті оқиды, одан кейінгісінде Photoshop-ты, тағы бір сабақта копирайтингті үйренеді. Міне, осындай сияқты бір-бірімен байланысқан салаларды жан-жақты үйреніп шыға алады. Одан кейін жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерімен келісіп, біздің үздік түлектерімізге жұмыс беруіне жағдай жасауын қарастырып жатырмыз, — дейді Асқар Арстамбаев.

Жаңа форматтағы жұмыс биылғы наурыз айында басталады. Jaspace командасы барлық жұмысының әлеуметтік теңдікті сақтай отырып жүзеге асуына аса мән береді.

Асқар Арстамбаев
Асқар Арстамбаев. Фото: Мирас Тыныштықов

ІТ, STEM бойынша білім берудің фанатымын. 4 жыл көлемінде Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде информатикадан, робототехникадан сабақ бердім. Қазақстанда ІТ саласы бойынша потенциал жоғары, бұны осы салада тәжірибесі бар маман ретінде сеніммен айта аламын. Біздің жастар көп нәрсені жақсы қабылдайды, жеңіл меңгереді. Олар ертеңгі күні жарқын болашақ жасай алатынына сенімдімін, — дейді Jaspace STEM менеджері.

 

Материал Chevron, British Council, AYDI қолдауымен жасалған

British Council Сhevron aydi