Елімізде дағдарысты көтере алмаған отбасылар балаларын тастап кетіп жатыр

Мамандардың сөзінше, жоқшылықты көтере алмаған азаматтардың психикасы тез бұзылып, ашушаң болып кеткен. Салдарынан жанұяда күнде жанжал, қала берді ер азаматтардың араққа әуестігі де көбейген.

«Біздің орталыққа 3 әйел келді. Бірінде – 5, енді бірінде – 3 бала бар, ал біреуінің аяғы ауыр. Барлығы балаларынан бас тартып, бізге алып қалыңдар дейді. Әрқайсысымен психологтар сөйлесіп жатыр. Аналардың айтатындары – балаға тамақ тауып беру қиындаған. Жалғызбасты ана болса, бір сәрі, отбасы толыққанды. Бірақ ер азаматтың тапқан жалақысы ештеңеге жетпейді. Бірі табысымыз пәтер ақысына кетеді десе, енді бірі несие төлей алмай жатырмыз деген сияқты жауап қатады. 150–сенім нөміріне күніне 60-70 адам қоңырау соғады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жанұяның экономикалық жағдайы нашарлауынан ажырасауға дейін барып жатқандар көбейді», – дейді Қазақстандағы «Дағдарыстық орталықтар одағының» ЗТБ төрайымы Зүлфия Байсақова.

Маман отбасылардың ақша тапшылығына тап болуының себептерін де жасырмады.

Барлығының түсінігі бойынша, дағдарыс өмір бойына жалғасады

«Себебі, мектептегі бір уақыт берілетін ас тоқтатылғалы, отбасының шығыны артқан. Тіпті баланың күндік тамақ ақысы үшін 150-200 теңге тауып бере алмай отырған отбасы көбейді. Аш қалған бала жылайды, осыған бола ата-ана ұрсысқа барады. Тағы бір қауіпті топ пайда болды. Олар жұмыссыз жастар. Диплом бар – кәсібі жоқ. 2 ай жүреді тұрақты жұмыс болмаған соң не қылмысқа, не өзіне өзі қол жұмсауға бел байлап, бізге хабарласады. Барлығының түсінігі бойынша, дағдарыс өмір бойына жалғасады, ал ол – өмірдегі ең жолы болмаған соңғы адам», – дейді Байсақова.

^3F7DCE1C8AE408F7D85F221F18F080D89EF3235E9FBA2678B0^pimgpsh_fullsize_distr

Байсақова сондай-ақ араққа тойып алып, телефон арқылы көмек сұрайтын ер азаматтар барын да айтады.

Біздің ел онсыз да ажырасу жағынан әлемнің алғашқы ондығында

«Оларды түсінуге болады. Сау кезінде хабарласып кеңес алуға батылы жетпейді және менталитеті жібермейді. Айтатындары – жұмыстан қысқарып қалдым, ақша жоқ, үйдегілер осыны түсінбейді тағысын тағылар. Олармен жұмыс жасау қиын. Себебі, ер азаматтар ашық сөйлеспей жасырынып, сұрақ қойсақ телефонды тастай салады. Оларға психологтың көмегіне жүгінгеннен гөрі, арақ ішіп келіп, отбасыны ойрандаған жеңілірек көрінеді. Менің айтарым мемлекет тездетіп осыған көңіл аударуы керек. Біздің ел онсыз да ажырасу жағынан әлемнің алғашқы ондығында», – дейді маман.

Ал психолог Анна Құдярова болса, дағдарыс кезінде ажырасқан отбасылар артады деп отыр. Сондықтан да қиындыққа тап болған кез-келген отбасы мүшелеріне маман өз кеңесін берді.

Дағдарыстың да уақытша екенін естен шығармаған абзал

^761E6DC76778A63E1001871C3E685D64B8EDC11CFBB666A777^pimgpsh_fullsize_distr

«Дағдарыс өмір бойына қалмайды. Оны сіз қыстың ең аязды, ызғарлы күні секілді қабылдаңыз. Қатты суықтан соң міндетті түрде көктем келеді ғой. Сол секілді дағдарыс та өтпелі кезең. Қалтаңызда көк тиыныңыз болмаса да досыңызды,  жақыныңыз, я болмаса отбасыңызды алып, сыртқа серуенге шығыңыз. Тіпті тауға дейін жаяу баруға болады. Бұның өзі миды сергітіп, жаман ойдан арылтады. Егер, жаяу жүргіңіз келмесе, кітапханға барып, кітап оқыңыз. Ол да көмектеседі. Мен алдыма келіп, қиындыққа түстім, құрыдым деген адамдарға айтамын: “сенің өмірің – гүл. Сенбесең, ана көшеде үйсіз жүрген адамдармен өзіңді салыстырып қара”. Сонда олар бірден тәубесіне келеді. Адамның дені сау болса, әлі талай жеңіске жетеді, оған сену керек. Дағдарыстың да уақытша екенін естен шығармаған абзал», – дейді психолог Анна Құдярова.

Балаларынан бас тарту, ажырасу жағдайларының көбеюі тек Алматыда байқалып жатқан жоқ. Өткен аптада талдықорғандық 7 балақай бір күнде ата-анасыз қалған.

Ал оңтүстік астанадағы кәмәлет жасына толмағандар орталығының басшысы Раушан Қайыржанова соңғы уақытта 5 баладан ата-анасы бас тартып, көшеге тастап кеткенін айтады.

«Қазір біз 5 бүлдіршіннің ата-анасын іздеп жатырмыз. Табылмады. Тастап кеткен балақайдың ең кішісі – 3 те болса, үлкені – 7-де. Барлығының дені сау. Алайда әке-шешелері неге бас тартқанын білмейміз. Жақын арада оларды тауып, себебін білеміз деп ойлаймын», – дейді Раушан Қайыржанова.