Мемлекет басшысы отандық вакцинаны ектіретінін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жағдайдан сабақ алуымыз керек. Пандемияның басталғанына бір жыл болды. Жинақталған тәжірибені ескере отырып, әрекет ету қажет.

Президент Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бір айдың ішінде эпидемияға қарсы шараларға теңдестірілген тәсілді қамтамасыз ету мақсатында иммундық мәртебе туралы ақпарат қамтылатын QR кодтарды енгізу мәселесін пысықтау тапсырды.

Әрине, жаппай вакцинациялау дағдарысты еңсерудің нақты әрі жүйелі шарасы болып отыр. Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Дайындық жұмыстарын зерттеу кезінде вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарының қажетті көлемі жетіспеспейтіні анықталды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте, өзім отандық екпе ектіремін, — деді президент.