Президент шенеуніктер мінетін қызметтік көлік санын азайтуды тапсырды

Президенттің айтуынша, орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы кетеді.

Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл тәжірибе біздің елде де, нақты айтқанда елорда әкімдігінде қолданылған. Мұндай әдіс «Самұрық-Қазына» қорында  апробациядан сәтті өтті. Бұл қызметтік көліктердің санын едәуір қысқартуға және әкімшілік шығындарды 1,5 миллиард теңге көлемінде азайтуға мүмкіндік берді. Үкіметке Президенттің іс басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың басшыларын  қызметтік көліктермен қамтамасыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл жұмыс нақты қысқартуды қажет етеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.