Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтарды қағаз жүзінде жұмысқа орналастыру белең алды

Президенттің айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржының 98,2%-і игерілген. Бағдарлама халықты жұмыспен қамтуда және іскерлік белсенділікті қолдауда маңызды роль атқарды. Бірақ ондаған, жүздеген мың жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметті тексеру кезінде айырмашылық бар екені анықталды.

Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың дерек тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40%-і жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небары 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл — жарты-ақ процент деген сөз! Мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз, — деді мемлекет басшысы.