Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Семейдің жаңа әкімі тағайындалды. Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс ІІ сессиясында депутаттар көпшілік дауыспен Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады.
Даниал Ахметов активке қаланың жаңа басшысын таныстырды. Өңір басшысы бұрынғы әкім Ермак Сәлімовке жұмысы үшін алғыс айтып, одан әрі облыс әкімінің тұрғынүй-құрылыс мәселелері жөніндегі кеңесшісі болатынын айтты.
Нұрымбет Сақтағанов 1970 жылы 6 тамызда қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген.
Қызылорда педагогика институтын, Қызылорда аграрлық-техника колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік институтын педагог, заңгер, экономика және бизнес мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылордадағы №172 орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1993-1994 жылдары ҚР ҚК қатарында болып, әскерден кейін Қызылордадағы №9 орта мектепте жұмысын жалғастырды. 1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі кеден комитетінде бас инспектор, төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы болды. 2006-2007 жылдары ҚР Парламентіндегі Үкімет өкілдігінің бас инспекторы, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы, министрдің кеңесшісі қызметін атқарды.
2007-2010 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болды. 2010-2012 жылдары ҚР президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2012-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2015-2018 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2018 жылдан бүгінге дейін Ұлан ауданы әкімі қызметін атқарды.
Жаңа әкім — жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке.