– Маскүнемдік деген не? Көңіл көтеру үшін ара-тұра алкоголь ішетін адамды да маскүнем деп атай аламыз ба?

– Маскүнемдік (алкоголизм) – ауру. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы солай деп таныған. Себебі маскүнем өзіне ие бола алмайды, қанша ішіп қойғанын білмейді. “Өзімді қолға ала аламын” деп ойлауы мүмкін, бірақ бір ішсе, тоқтай алмайды. Мас күйінде жағымсыз оқиғаға тап болса, ертеңіне оны білмей отырады. Жақындары, мысалы, әйелі немесе ата-анасы ренжісе, кешірім сұрап, енді ішпейтінін айтып, уәде береді, аяғына жығылады. Бірақ кезекті проблема яки жағымсыз оқиғадан кейін қайтадан ішімдікке жүгіреді.

Маскүнемдіктің бір белгісі – амнезия. Адам арақты көргенде басқалардан кешірім сұрағанын, “енді ішпеймін” деп уәде бергенін шынымен ұмытып қалады.

Ал кейде белгілі бір орында ғана алкоголь қабылдайтын, бірақ шегін білетін, тоқтай алатын, ертесіне бәрін ұмытып қалмайтын адамда тәуелдік жоқ. Алайда қонақта, достармен жиналғанда ішкілікті қалап тұрса, ертеңіне ауырып, бас жазу үшін тағы ішімдік іздесе, тәуелдік, керісінше, бар.

– Тәуелдік қалай басталады? Оның қандай себептері бар?

– Өмір болған соң түрлі проблема болады. Бірақ соған бола барлық адам арақ ішіп, маскүнем болып кетпейді ғой.

Негізі маскүнемдік көбіне отбасында басталады. 95% жағдайда адам маскүнемдікке өзі ұрынады, тек 5% жағдайда ғана тұқым қуалайды деп есептеледі. Осы ретте маскүнемдіктің генмен берілетіні толық дәлелденбегенін айта кету керек. Бірақ отбасында біреу арақ ішсе, сол үйде өскен адам маскүнемдікті өмірдің белгілі бір қиын сәттерінен арылу тәсілі сияқты көреді. Мұндай жанұядағы баланың есейгенде ішкілікке салыну қатері бар. Әрине, ол ер жетіп, бой жеткенде алкоголь туралы ойын өзгерте алады. Дегенмен көп нәрсе отбасында қалыптасады.

Меруерт Дүйсембина
Меруерт Дүйсембина. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мысалы, ата-ана тым талапшыл, қатал болса, бала қысымға ұшырайды. Сонымен бірге шектен тыс қамқорлық көрген, не істеп, қайда баруын өзі емес, әке-шешесі шешетін бала да мойнына жауапкершілік алуды білмейді. Міне, осындай кері тәрбиемен өскен адам кейін күрделі кезеңнен қалай өтуді білмей, ішімдікке салынуы мүмкін.

Ата-әжесі, жақын туысының бәрі ғылым докторы, профессор болған отбасы балаға да ғылыммен айналысып, диссертация қорғауды міндет етуі мүмкін. Бірақ ол бұл салаға қызықпайды, басқа бір дүниемен айналысқысы келеді делік. Мұндай жағдайда “ата-анам да, ағам мен әпкем де менен мықты, ақылды, ал менің жүрісім мынау, еш жетістікке жетпедім” деген ой үнемі күйзелісте жүруге әкеліп соғады. Күндердің күнінде бұл адам осы проблемадан, жағымсыз ойдан арылып, демалу үшін үйін емес, дос-таныстары жиналатын орынды таңдайды, алкогольге әуестенеді. Ол біртіндеп әдетке айналады.

Әрине, маскүнем болып кеткен жандардың оқиғасы әртүрлі. Ішімдікке салынуға тек бір оқиға себеп болады дей алмаймыз.

Біздің қоғам ашаршылық, соғыс, дағдарыс, 90-жылдар секілді түрлі кезеңді бастан өткерді. Ер-азамат майданға кеткенде, әйелдер бала-шағаны жалғыз жүріп жеткізді. Кей балаға ерте есеюге, жұмысқа ерте араласуға тура келді. Сәйкесінше, ата-ана назары, мейірімі, сырласып, әңгіме-дүкен құруы деген дүниелерден айрылды. Қатал, тым салмақты болып қалыптасқандар бар. Кейін өз отбасында да олар кішкентай кезде көрген тәрбиесін қайталайды.

Отбасында ата-ана баламен жеке сөйлеспесе, көңіл-күйін сұрамаса, ол іштей тынып, тұйықтала беруі мүмкін. Баланың көшеге үйір болуы, түсініксіз ортаға тап болуы осы үйдегі әке-шешемен қарым-қатынастың жоғынан.

Сосын біздің қоғамда сынау, салыстыру көп. Бұл да адамның психологиясына, күйзеліске түсуіне әсер етеді.

Ал алкоголь наркоз сияқты. Баяғыда, соғыс кезінде оқ тиген жерді емдеп, тігу үшін жауынгерге арақ берген сәттер болған екен. Алкоголь наркоз сияқты әсер етпесе де, ауырсыну сезімін басатын болған.

Меруерт Дүйсембина
Меруерт Дүйсембина. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Маскүнемдер арақ ішкенде қандай күйде болады?

– Ішкілікке салынған адам ауруын қабылдай алмағанда, күресе алмағанда араққа жүгіреді. Себебі алкоголь оны бір сәтке осы ауруынан айықтырғандай күйге салады. Бірақ ертеңіне жағдай ушыға түседі. Шешілмеген проблемалары анау. Бір күні жақындары жазғыра бастайды. Адам қайтадан ішімдікке жүгіреді. Маскүнем “Алкоголь ішкенде, кәдімгідей еркінсимін, жеңілдеймін, бақытты боламын” дейді. Қанша проблема болса да, арақты ішіп, сол бақытты күйіне оралғысы келіп тұрады.

Еуропаның кей елінде күнде тамақпен бірге вино ішу дәстүрге айналған. Олар мұны маскүнемдік деп санамайды. Алайда сол Еуропа тұрғыны ішімдікке тыйым салынған Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, түскі ас кезінде шарап іздеп тықыршыса, маскүнем деген сөз. Ондай адам қанша тыйым салынса да, жолын тауып, тығылып ішеді. Себебі араққа тәуелді.

Ішімдіксіз өмір сүре алмайтын, күнде кешке алкоголь іздейтін (мейлі, ол сыра болсын) адам маскүнем саналады.

Бәрі психологиялық тәуелдіктен басталады. Белгілі бір проблемадан қашқан адам арақ ішеді, темекі тартады, есірткіге үйір болады. Бастапқы тәуелдікті өзі қалыптастырады, кейін оған ағза да үйреніп алады да, соны талап етіп тұрады.

Меруерт Дүйсембина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Маскүнемдерге қалай көмектесуге болады?

– Маскүнем адаммен ең бірінші сөйлесу керек, не болғанын сұрау керек. Кейін психолог пен наркологтың көмегіне жүгіну қажет. Көп адам психологқа баруға корқады. Себебі “психикасы дұрыс емес” деген тізімге кетеді екенсің, жұмысқа алмай қояды” деп пікір бар. Бірақ ешқайда тіркелмей-ақ психологтың көмегін алу мүмкіндігі бар. Біраз маман аноним қабылдайды, жеке ақпаратты көрсетпей, емдей береді.

Маскүнемдікке қатты салынып кеткен жан әдетте қайда бару керек екенін біледі. Кез келген клиникада, медицина орталығында 3-5 күндік жедел көмек көрсетіледі. Онда барған науқас 3-5 күн жатып, арнайы дәрі еккізеді, қанын тазартады, психологтардан кеңес алады.

Сонымен қатар арнайы реабилитация орталықтары бар. Ол жерге көбіне өз бетімен емделуге шамасы жетпейтін, арақтан бас тарта алмайтын қиын жағдайдағы адамдар түседі. Мұндай мекемеге кез келген адамды кіргізе бермейді, түскен науқастар үш айдан бастап бірнеше жылға дейін жатып емделеді.

Жалпы, адамды маскүнемдіктен арылтудың 12 қадамы бар. Реабилитация орталығында науқас осы 12 қадамды өтіп, ем алады. Бір ерекшелігі – мұндай орталықта дәрігерлер мен психологтар ғана емес, кезінде өзі маскүнем болған қарапайым адамдар да қызмет етіп жүреді.

Осындай шаралардан кейін айыққандар бар, бірақ толық жазылып кеткендердің саны көп емес.

Үшіншіден, аноним қауымдастықтардың да маскүнемдіктен арылуда пайдасы көп. Мұндай ортаға тап болғандардан үнемі жақсы нәтиже байқалады. Біріншіден, аноним қауымдастықтар тегін, екіншіден адам өз еркімен келеді. Үшіншіден, аноним топтарда барлық қатысушының жағдайы бір. Ондағы адамның “мен маскүнеммін” деп айтуы маңызды. Себебі “маскүнеммін” деген жан өзінің ауруын мойындайды. Сонда ғана ем жүреді, жәрдем болады. Ал мойындағысы келмесе, оған ештеңе көмектеспейді. Ішкілікке әкелген себеппен күреспесе, алкогольге орала береді. Қазақстанда аноним орталықтар бар, тіпті үйге жақынын таңдауға да болады.

Бізде адамдар арнайы орталыққа баруға ұялады ғой. Осыдан 4-5 жыл бұрын Қазақстан Орталық Азияда маскүнемдік бойынша алғашқы орында болған. Тіпті “Отбасында маскүнем бар балалардың қауымдастығы” да құрылған. Себебі әкесі не анасы маскүнем болса, бала ішіп кетпесе де, психикасы бұзылып өседі. Кейін есейгенде алкогольге жақын болмаса да, ішкеннен бетер атмосфераны өз жақындарына көрсетуі мүмкін.

– Жақыны маскүнемдікке шалдыққан адам не істей алады?

– Маскүнемдікпен адам жалғыз өзі күресе алмайды. Себебі кез келген ауру құр ерік-жігермен емделмейді, қосымша қолдау керек. Ішкілікке салынған жанға жақынының “Неге ішесің, еркек емессің, сөзіңде тұрмайсың” дегені өтпейді. Себебі маскүнемдік – кәдімгі ауру. Өмір бойы жалғасатын ауру. 10 жыл ішпей, жазылдым деп жүрген адамның өзі бір сәтте баяғы қалпына түсуі мүмкін. Бір ішпей кетсең, мәңгі айықтың деген сөз емес. Алкогольді қойған адам өмір бойы өзін тәрбиелеп өтеді.

Меруерт Дүйсембина
Меруерт Дүйсембина. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сонымен бірге маскүнемдіктің ауру екенін мойындайтын отбасы да ол адаммен бірге емделуі керек. Мұндайда “Маскүнемдікпен ауыратындардың отбасы мен туыстары” деген қауымдастыққа қосылып, сол жерден кеңес алуға болады. Олар да 12 қадамнан тұратын бағдарлама бойынша емделеді.

Отбасында біреу маскүнем болса, басқалары оған айтпағанды айтып, жазғырып жатады. Мәселе тек сол ауру адамда деп ойлайды. Ал негізі отбасы да маскүнемге белгілі бір деңгейде әсер етеді. “Ұялмайсың ба? Не деген адамсың, анау құрлы жоқсың, мынау құрлы адам бола алмайсың” деген сөздермен маскүнемді одан әрі ішуге итермелеуі мүмкін. Сондықтан маскүнем жазылуы үшін оның жақындары жұмысты өзінен бастауы керек.

Тағы бір мысал. Отбасын құрмай тұрып қыз жігіті үшін “өзімді құрбан еттім” деп санаса, ал жігіт ойына келгенін істей алатынын сезінсе, ауру қарым-қатынас пайда болады. Бірге шаңырақ көтерген соң ер адам жұбайына манипуляция жасайды, зорлық көрсетеді, ал әйел “осының бәріне төзуім керек” деп ойлайды.

Ерлі-зайыпты бір-бірімен әңгімелесуден қорықса, бұл сау қарым-қатынас емес. Мұның бастауы отбасындағы тәрбиеде жатыр. Махаббатқа бөленіп, үнемі ішіндегісін айтып өскен қыз-жігіт өзіне қарсы жағымсыз қатынас орнатуға жол бермейді, манипуляцияға төзбейді.

Маскүнемдік өмір бойғы ауру дедім. Яғни бұл тәуелдіктен арылу үшін басқа бір дүниенің соңына түскен жөн. Мысалы, спортпен айналысып, үнемі шынығуға уақыт бөліп отыру керек. Арақ ішуден басқа айналысатын бірдеңе тапқан дұрыс. Өмір сүрудегі мақсатын айқындап, нені армандайды, нені қалайды – соны білу қажет.

Маскүнемдік бойынша көмектесетін сенім телефондары:

Алматы, “Гүлдену” тобы: +77073117069

Алматы, “Надежда” тобы: +77472416416

Алматы, “На Панфилова” тобы: +77021147715

Алматы, “Ояну” тобы: +77073117069

Алматы, “Зеленое яблоко” тобы (жасөспірімдерге арналған): +77081701640

Тараз, “Тараз” тобы: +77771511788

 

Нұр-Сұлтан, “Сенім” тобы: +77075059303

Нұр-Сұлтан, “Женiс” тобы: +77075059303

Ақтөбе: +77479930023

Талдықорған: +77479930023

Орал, “Пробуждение” тобы: +77027439144

Атырау: +77027439144

Шымкент: +77055462824