“Гавр”

Сюжеттің бас кейіпкері, жазушы Марсель Маркс Франциядағы Гавр қалашығына көшіп келеді. Күндердің бір күні Марсель “жазушылықпен қоғамға аса үлкен пайда әкеліп жоқпын” деген ойға келеді. Ақыры шығармашылықты тастап, қарапайым аяқкиім тазалаушы болып жұмысқа тұрады.  Сонда барып ол басқаларға шын керек екенін түсініп, рахат табады.

Көп ұзамай Марселдің әйелі сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Бас кейіпкер жолдасына көмек іздеп жүріп, Еуропаға Африкадан заңсыз келген және қазір полициядан қашып жүрген баламен танысады. Марсель оны үйінде жасырады, құжат рәсімдеп, елдегі жүріс-тұрысын заңдастыруға тырысады.

Фильм барысында Марсель мен босқын бала арасындағы қызық әрі әсерлі жағдайларға куә боласыз.

“Гавр” фильмі 2011 жылы жарық көрді. Режиссері – Аки Каурисмяки.

“Әулие Джуди” (Saint Judy/Святая Джуди)

Асеф есімді ауған мұғалімі өз елінде қыздарға арналған мектеп ашады. Алайда патриархал қоғам ұстаздың бұл ісін құп көрмей, оны жазаламақшы болады. Сол кезде Асеф талибандардан қашып, АҚШ-қа келеді. Бірақ шекараны заңсыз кесіп өткендіктен қамауға алынады. Осы жерде оған көші-қон қызметінде жұмыс істейтін адвокат Джуди Вуд көмекке келеді.

Фильм өмірде болған оқиға желісімен түсірілген. Жалғызбасты ана және заң саласында 10 жыл тәжірибесі бар адвокат Джуди Вуд ұлымен Лос-Анджелеске көшіп келіп, жұмысқа орналасады. Фильм сюжетіндегі ауған мұғалімінің оқиғасы – адвокаттың жаңа қызметіндегі ең алғашқы ісі. Одан кейін де Джуди талай босқынға АҚШ-та жаңа өмір бастауға жәрдемдескен.

Фильм 2017 жылы түсіріліп, 2018 жылы экранға шықты. Режиссері – Шон Хэниш.

“Капернаум”

Капернаум – Бейруттағы кедей әрі көпбалалы отбасыда туған Зейннің тағдыры туралы картина. Зейннің өмірге өкпесі көп. Ес білгелі көргені – көшеде ұйықтау, лас нәрсе жеу, қайыр сұрау, заңсыз жұмыс істеу, әпке-сіңілілерінің құлдыққа сатылуы. Зейн басқа елге қоныс аударғысы келеді. Бірақ оған құжаты жоқ. Бірде Зейн өзі жек көретін адамды пышақтап тастағаны үшін түрмеге түседі. Өмірден әбден түңілген бала ата-анасын “мені дүниеге әкелдіңдер” деп сотқа береді….

Ливан режиссері Надин Лабакидің 2018 жылы жарық көрген “Капернаум” фильмі бірден көзге түсіп, көрермен назарына ілікті. Кейінірек Канн фестивалі жүлдесін және “Ең үздік шетел фильмі” номинациясы бойынша Оскар сыйлығын алды.

“Теңіздегі өрт” (Море в огне/Fuocoammare)

Деректі фильм Лампедуза аралына жету үшін Жерорта теңізін кесіп өтуге мәжбүр  болған босқындардың өмірін баяндайды. Сирия, Марокко, Нигерия секілді елдерден қашқан жандар қайықпен аралға жетуге тырысады. Бірақ кейбірінің қайығы аударылып, апатқа ұшырайды. Суға батып бара жатқан иммигранттарды құтқару арал тұрғындары үшін әдеттегі іске айналған болатын. Лампедузаның 12 жасар тұрғыны Самуэль де өскенде басқа ер-азамат секілді матрос болғысы келеді.

Фильмде босқындардың өлім мен өмір арасындағы арпалысын көруге болады. 2016 жылы жарық көрді. Режиссері – Джанфранко Рози.

Жақсы өтірік (The Good Lie/Ложь во спасение)

Мамере, Пол, Джеремайя және олардың әпкесі Абиталь – Суданнан келген босқындар. Олар 10 жылдан бері Кениядағы лагерьде тұрады. Әйтеуір бір күні бейбіт те тыныш өмірге қол жеткізетініне үмітті.

Бірде олар босқындарды қорғау бағдарламасы аясында АҚШ-қа баруға мүмкіндік алады. Әуежайда отбасын жұмыспен қамту орталығының қызметкері Кэрри Дэвис қарсы алады. Кэрри – ашық әрі тік мінезді әйел. Бұл кездесу кейіпкерлердің тағдырын түбегейлі өзгертеді. Африкалық балаларға батыс өркениетін түсініп-білуге, ал Кэрриге босқындарға, жалпы өмірге деген көзқарасын өзгертуге тура келеді.

Режиссер Филлип Фалардоның бұл фильмі 2014 жылы көрерменге жол тартты.

Дереккөз: Ivi.ru