Офлайн кездесу кезіндегі цифрлы этикет қандай?
-
Өзге адамның экранына қарамау
Әр адамның смартфоны және ондағы ақпарат — жеке кеңістік. Сол себепті қандай еркін кездесу, қанша жерден жақыныңыз болса да, сұхбаттас жан мессенджерде немесе әлеуметтік желілерде біреуге жауап берген кезде оның экранына үңіліп қарауға болмайды. Ал айналадағылардың сіздің кеңістікті бұзып жатқанын байқасаңыз, экранның жарығын азайтып қойыңыз. Сол кезде жаныңыздағы адамға дисплейде не бар екенін көру қиынға соғады.
2. Ұялы телефонды үстел үстіне қоймау
Кездесу кезінде ұялы телефонды үстел үстіне қоймаған дұрыс. Сонымен қатар оның дыбысын, вибрациясын өшіріп қою керек. Кездесу барысында смартфон қажет болса немесе маңызды қоңырау, хабарлама күтіп отырсаңыз, әңгімелесушіге бұл жайлы алдын ала ескертіңіз. Дегенмен үздіксіз телефонға қарай бермеңіз.
3. Әңгімелесушінің рұқсатынсыз суретке, видеоға түсіруге және диктофонға жазуға болмайды
Біреуді рұқсатсыз суретке, видеоға түсіру, диктофонға даусын жазу заңмен тыйым салынған. Ал кездесу кезінде бұл нәрсе қажет болса, сұхбаттасушыдан рұқсат сұрап, келісімін алу керек. Себебін де түсіндіріңіз. Сұхбаттасушы келісуі немесе бас тартуы мүмкін. Қандай жауап алсаңыз да, ол кісінің пікірін ескеру керек.
4. Кинотеатрда смартфон экранының жарығын азайту
Көп адам кинотеатр немесе театрда ұялы телефонмен сөйлеспеу, дыбысын өшіру керек екенін біледі. Бірақ бұдан бөлек гаджет экраны жарығын да азайту қажет. Қараңғы бөлмедегі смартфон жарығы көрші отырған адамға кино көруге, спектакль тамашалуға кедергі келтіреді. Сол себепті телефонды өшірмесеңіз де, жарығын азайтыңыз.
Электрон поштасындағы этикет түрі қандай?
1. Хатты кері бағытта дайындау
Хатқа ең әуелі жіберу керек файлды тіркеген жөн. Кейін хабарламаға түсіндірме мәтін жазған дұрыс. Ал алушының мекен-жайын ең соңында көрсеткен абзал. Бұл қате немесе толық жазылмаған хатты кездейсоқ жіберуден құтқарады.
2. «Хат тақырыбы» бағанын толтыру
«Хат тақырыбы» бағанын міндетті түрде толтыру керек. Ол 50 таңбадан аспайтын, қысқа әрі түсінікті болуы қажет. Тақырып жазылмаған жағдайда пошта сервисі оны күмәнді хатқа балап, «Спам» бөліміне жіберуі мүмкін. Сәйкесінше, хабарлама өз адресатына жетпей қалады.
3. Хабарламаға «Рахмет» деп жауап қайтару
Кез келген адам өзіне келген хабарламаға жоқ дегенде «рахмет» деп жауап қайтарғаны жөн. Мұндай жауапта маңызды ақпарат болмауы мүмкін. Бірақ адамға хат келді ме, жоқ па, ол өтінішті дұрыс түсінді ме, әлде ұқпады ма — бірден анық болады. Сонымен бірге рахмет айту – сыпайылық белгісі. Оған бір минут жұмсау қиын емес.
Мессенджердегі этикет қандай?
-
Дыбыстық хабарлама жібермеу
Дыбыстық хабарлама сізге ыңғайлы болғанымен, алушыға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Біріншіден, тыңдап отыру уақыт алады. Ал жазылған мәтінді шолып өту жылдам әрі жеңіл.
Екіншіден, хат алушы адам кездесу немесе жиында отырса, дыбыстық хабарламаны дәл қажет кезде тыңдай алмай қалуы мүмкін.
Үшіншіден, біреумен мессенджер арқылы енді танысып жатсаңыз және ә деп бастаған сөзіңізді аудио түрінде жіберсеңіз, нөміріңізді білмейтін, өзіңізді бөтен көретін жан мұндай хабарламаны мүлдем тыңдамай, спамға жібере салуы ғажап емес.
2. Уақытқа қарау
Кез келген адамға таңғы 10.00 мен кешкі 20.00 аралығында хабарласқан дұрыс. Әріптесіңізге жұмыс жөнінде тек жұмыс уақытында жазыңыз. Себебі қалған уақытта ол басқа шаруамен айналысуы мүмкін және ол сағаттарды жұмысқа арнауға міндетті емес.
Сондай-ақ басқа белдеуде жүрген адамға хабарласпас бұрын оның тұрып жатқан жерінде сағат қанша екенін біліп алған абзал. Сізде таң атқанымен, ол жақта түн ортасы шығар?
3. Мессенджер мен электрон поштасына бір сурет қолдану
Кез келген адам өз атындағы барлық мессенджер мен электрон поштасына тек бір суретін қолданғаны дұрыс. Бұл басқаларға оны тез тануға көмектеседі.
Бейнежазба әдебі
-
Бейнежазбаға алдын ала дайындалу
Сұхбаттасушымен видео арқылы байланысқа шықпас бұрын техника жабдығыңызды толық тексеріп шығыңыз. Ең әуелі микрофон мен камераның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу керек. Ол үшін досыңызға немесе әріптесіңізге қоңырау шалып, тексеруге болады. Видеоқоңырауға дейін ноутбук пен ұялы телефонды қуаттап қойыңыз. Бұл қауіпсіздік шаралары ескерілмеген жағдайда кенеттен байланыс үзіліп, конференция немесе сұхбат кейінге қалуы мүмкін.
2. Камераға қарап сәнденбеңіз
Бейнежазба арқылы байланысқан кезде камерадағы бейнеңізге қарап, шаш, макияжды жөндесеңіз, әңгімелесушіні ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз. Себебі ол еріксіз интим процестің куәсі болады.
3. Шуламау
Көп адам қосылған конференцияға қосылғанда тыныш, жарық бөлмеде отырған жөн. Себебі сіз жақтан шыққан түрлі дыбысты барлығы естиді. Ал басқа адам сөйлеген кезде кедергі келтірмеу үшін микрофонды өшіріп қою керек.