Басты бетҚоғамПартиялардың Мәжіліске...

Партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5%-ке төмендейді

Саяси жүйені орнықтырып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажет. Бұл бағытта реформалардың екінші бөлігін әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар жасалды. Онда барлық партиялардың, соның ішінде кеше Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда болады. Ұлттық кеңес мүшелерінің және басқа да беделді сарапшылар мен белсенді азаматтардың идеялары, бастамалары қамтылып отыр, — деді президент.

Мемлекет басшысы осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қызу өткенін айтты. Алайда кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды.

Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық, — деді мемлекет басшысы.

Президент сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ке төмендететін кез жеткенін айтты.

Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сонымен бірге елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді, — деді ол.