Спектакль жас жазушы Әлішер Рахаттың аттас пьесасы желісінде қойылды. Режиссеры — Фархад Молдағали.

Қойылымды StarTDrama лабораториясы ұйымдастырып отыр. Лаборатория 2021 жылы жас драматургтарды насихаттау үшін жеті қойылым таңдап, көрерменге ұсынбақ. Сол жеті спектакльдің алғашқысы — «Туған күніңізбен, анашым!».

Қойылымды нөл теңгеден бастап отырмыз. Сахнадағы екі кілемді үйден алдырдым. Кішкентайымнан үйде аунап өскен кілем еді. Бір жағынан символикалық мәні бар, екінші жағынан ол бәрінің көзіне оттай басылады, шығарманы аша түседі. Сахнадағы жарықты да актерлармен бірігіп өзіміз қойдық. Дайындық кезінде электрик те болдық, еден де жудық. Бәрін шын ықыласпен істедік. Қалыптасқан театр болмағасын бұл жер кішкентай, бірақ өзіміздің үйіміз сияқты. Қанша қолдан жасалған, ескі бұйымдар тұрса да, ең бастысы — актерлардың ойыны, — дейді режиссер Фархад Молдағали.

«Туған күніңізбен, анашым!» пьесасында дәл қазір қоғамда болып жатқан проблемалар қозғалады. Шығарма режиссерды сонысымен баурап алыпты.

Қазақ театрларында көбіне классика қойылады. Жас, жаңа драматургтарға көңіл бөлінбей жатыр. OzgeEpic сияқты кішкентай жерде үлкен өнерді насихаттап, олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Сондықтан жалпы өнерге жанашыр кез келген адамға ашықпыз, — дейді режиссер.

Фархад Молдағали
Фархад Молдағали. Фото: StarTDrama

Қойылымда бір-бірінің өмірінен бейхабар ағайынды үшеу анасының туған күніне қара шаңыраққа жиналады. Бала кезі өткен сол үй, сол жиһаз — бәрі орнында. Бірақ туған бауырлар біртүрлі жатырқайтын сияқты. Себебі күйбең тірлік оларды бір-бірінен әбден алыстатып жіберген.

Басты роль Ердәулетті актер Нұржан Асылхан, ортаншы ұл Бақдәулетті Еркебұлан Мусин және үйдің кенжесі Сырымды Нұрбол Құмарша ойнайды. Үш актер да Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында жұмыс істеген.

Бақдәулет — мемлекеттік қызметте істейтін, жұмыста көтерілгісі келетін жігіт. Сонысымен бауырларының арасында өзін жоғары ұстайды, ақыл айтып қояды. Жалпы ойнауға тұрарлық роль деп есептеймін. Бағасын көрермен өзі бере жатар, — дейді актер Еркебұлан Мусин.

Актерлар да шығармаға жаңа тақырып, бұрын ойнамаған ролі үшін қызығыпты.

«Тұрмысты көрсететін спектакль» деген ұғым бар. Кейбірі бұл шығарманы ұнатпауы мүмкін. Бірақ «Туған күніңізбен, анашым!» — өте терең қойылым. Оқығанда оңай көрінетін дүние дайындықта күрделене берді, — дейді Нұржан Асылхан.

"Туған күніңізбен, анашым!" қойылымы
«Туған күніңізбен, анашым!» қойылымы. Фото: StarTDrama

Жас жазушы Әлішер Рахаттың сөзінше, пьесаның негізгі идеясы — отбасы құндылықтары.

«Тәуелсіздік толғауы» байқауында отбасы құндылықтарын насихаттайтын үздік үш пьесаның бірі атанған. Театрларда көбіне заманауи тақырыптарды қозғайтын шығарма аз. Сондықтан «Туған күніңмен, анашым!» — жаңа драма. Қойылымның сәтті шығу-шықпауы көрермен құзырында, — дейді автор.

«Туған күніңізбен, анашым!» қойылымы OzgeEpic өнер кеңістігінде 15 және 21, 22 қаңтарда болады.