Бала кезімнен суретті жақсы салатынмын. Әкемнің кеңесімен дизайнерлік жолды таңдадым. Сөйтіп Алматы техникалық университетінінің «инженер-конструктор-модельер» мамандығына оқуға түстім. Сол кездегі білім жүйесінің бір ерекшелігі: мамандығымыздан бөлек, жанама пәндерді де қоса өтетінбіз. Мұнда костюмдер тарихы, олардың композициясы деген тақырыптар орнына жоғарғы математика, материалдар кедергісі, теориялық механиканы оқуыма тура келді.

Аида Кауменова
Аида Кауменова

Техникалық университет болғандықтан да кәсіпорындарды қалай жобалау керек, машина құрастыру тәрізді сабақтарды өтетінбіз. Содан білімімді жетілдіру мақсатында 2002 жылы Италияға барып, Carlo Во сән мектебіне оқуға түстім. Мұнда мен өз мамандығыма өзгеше көзқараспен қарай бастадым. Алматы техникалық университетінде маман болуды үйренсем, Италияда fashion-индустрияның бизнес екендігін түсіндім. Кез келген бизнестегідей сән әлемінде де кәсіби заңдылықтар жүзеге асады.

Аида Кауменова
Аида Кауменова

Бірнеше жыл бойы тәжірибемді шыңдағаннан кейін, pret-a-porter de lux топтамаларын жасайтын Aida KaumeNOVA сән үйін аштым. Қазіргі уақытта дүкендеріміз Астана, Алматы қалаларынан бөлек, Ақтау, Атырау қалаларынан бой көтеруде. Жақын арада Шымкент қаласынан да ашу жоспарымызда бар. Үлкен командамен жұмыс істеймін.

Аида Кауменова сән үйі
Aida KaumeNOVA сән үйі © SZH.kz

Сән үйлеріміз көбейіп жатқанымен, әзірге штатты кеңейтіп жатқанымыз жоқ. Қазіргі уақытта 60 қызметкерім бар. Қыздың жолы жіңішке ғой. Олар тұрмыс құрып, ана болады. Сол себепті де команда мүшелерінің орны әрдайым жаңарып, алмасып отырады. Біз үшін олардың кәсібилігі өте маңызды рөл атқарады. Конструктор, тігінші, пішуші – әрқайсының өз міндеті бар. Бізде қойылатын басты талап – олардың шеберлігі.

Аида Кауменова
Aida KaumeNOVA сән үйі ұсынған топтама. Архив

Өнімдеріміз төл, фирмалық детальдарымен ерекшеленеді. Еуропалық брендтермен иық теңестіре алуының себебі де осы деп білемін. Менің декоратор қыздарым осындай әдемі туындыларды өздері жасайды. Ал өзім оларға идея беріп, шабыттандырып, шеберліктерін шыңдауға жәрдемдесіп отырамын.

Аида Кауменова
Aida KaumeNOVA сән үйі ұсынған топтама. Архив

Жақында Астана және Алматы қалаларында Kazakhstan Fashion Week SS 2017 сән апталығы өтті. Бұл сән апталығына 10 жылдан бері қатысып келеміз. Осы жылғы тақырыбымыз қуыршақ болды. Қымбат, ерекше фарфор қуыршақ. Әр әйел – қайталанбас тұлға. Біз оларды Құдай жаратқан әдемі қуыршаққа баладық.

Аида Кауменова
KFW 2013-2014. Aida KaumeNOVA сән үйі ұсынған топтама

Дәл осы жылы cәнді аксессуар ретінде бас киімге сәукелені таңдадық. Бұған дейін түрлі қалпақтар, тюрбан, орамалдар трендте болып келген еді. Ал енді сәукелені әлемге әйгілі, сәнді аксессуарға айналдырғымыз келеді.

Аида Кауменова
Aida KaumeNOVA сән үйі ұсынған топтама. Архив

Дәл біздің өнімдердің сапасына сай еуропалық киімдерді бағасы бойынша салыстыратын болсаңыз, 4-5 есе қымбат екендігін байқайсыз. Әрине, оларда да біз көрсеткендей бағалар да болып жатады. Дегенмен, сапа тұрғысынан сай емес екендігін аңғарасыз. Мен әуелден қазақ қызына лайық киім шығаруды мақсат еттім. Сондықтан да әр өнімімізді лакшри ретінде ұсынамыз.

Аида Кауменова
Aida KaumeNOVA сән үйі ұсынған топтама. Архив

Осы уақытқа дейін көптеген елдермен байланыс орнатып, қазақ сән индустриясын әлемге таныту жолында еңбек етіп келеміз. Төл туындыларымызға маталарды Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Ресей, Белоруссия, Қытай, Кореядан алдыртамыз. Мысалы, матаның әр түрінен 300-500 метрден тапсырыс береміз.

Aida Kaumenova сән үйі
Аида Кауменованың брендтті киімі © SZH.kz

Мақсатымыз – сапалы және барынша арзанырақ бағадағы үлгіні көрсету. Алда келе жатқан 2017 жылғы сән үлгісіне кіретін жаңалықтар өте көп. Қазіргі уақытта әлем бойынша барқыт басты рөлге шықты. Дизайнерлердің көпшілігі барқыттан көйлектер дайындап жатыр. Ал біз оны осыған дейін де талай қолданып келдік. Сол себепті де биылғы жылы клиенттеріміздің саны одан сайын артуда.

Aida Kaumenova сән үйі
Aida KaumeNOVA сән үйі © SZH.kz

Өмірде жеңіске жеткен, табысты адам кейін өз баласына да жақсы үлгі бере алады. Ұрпақтар сабақтастығы осылайша жүзеге асады. Мейлі баласы басқа кәсіптің тізгінін ұстаған болса да, ең қажетті қасиеттерді ата-анасынан сіңіре алады. Егер әр адам өз ісінің маманы болып, алдына қойылған мақсат, міндеттерін лайықты деңгейде атқаратын болса, ол қоғамның өркендеуіне септігін тигізер еді. Сол тәрізді әр адам өзін дамытып отырса, ол мемлекетті де дамытуға үлкен үлесін қоса алады.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова

1 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!