Сайлау кезеңінде республикамыздағы 7 мыңнан астам мектептің 5 522 мектебі сайлау учаскесі үшін пайдаланылды. Мектепке дейінгі 6 651 ұйымның 143-і, 644 орта білім беру ұйымының 215-і, 125 жоғары оқу орнының 53-і және 22 мектеп-интернаты мен спорт мектептері, 114 жоғары оқу орнының жатақханалары, сонымен қатар өзге білім беру ұйымдарында орналасқан 12 үйірме нысандары (мектеп оқушыларына арналған сарай, шығармашылық үйі, музыкалық мектептер) пайдаланылды.
ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылдың 29 желтоқсандағы №69 «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын ұйымдастыруда және өткізуде COVID-19-дың таралуының алдын алу шаралары туралы» қаулысына сәйкес, сайлау учаскесі ретінде пайдаланылған білім беру мекемелерінде сайлау аяқталғаннан кейін дезинфекция шаралары ұйымдастырылады.
Дезинфекция іс-шаралары аяқталғаннан кейін мектеп қабырғасында кезекші кластар мен 9-11-кластар үшін дәстүрлі форматтағы оқу процесі әр түрлі уақытта (бірінші немесе екінші ауысымда) басталады.
Дауыс беру процесін ұйымдастыруда пайдаланылмаған және дезинфекцияны аяқтаған ұйымдарда оқыту 2021 жылғы 11 қаңтарда мектеп қабырғасында (бірінші немесе екінші ауысымда) басталады.
Дезинфекция іс-шаралары аяқталмаған білім беру ұйымдарының оқушылары 11 қаңтарда онлайн форматта, яғни қашықтан оқиды.
Осылайша, еліміздің барлық мектебінде үшінші тоқсан бекітілген кестеге сәйкес, 11 қаңтарда қашықтан немесе дәстүрлі форматта басталады.