ТүркПА бас хатшысы Қазақстан президенті идеясын қолдайтынын айтты

ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласының халықаралық қатынастардағы өзара сенімді нығайта түсуде маңызы зор екенін айтты.

Алтынбек Мамаюсупов Халықаралық Түркі академиясы 8 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда ұйымдастырған “Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра” халықаралық конференциясында баяндама жасады. Ол бірқатар шетел саясаткерінің арандатушы мәлімдемелеріне қатысты ойларын бөлісті:

Бүгінде халықаралық қауымдастық кейінгі онжылдықтағы ең өткір сенім дағдарысын бастан өткеріп жатыр. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы біздің елдеріміз аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайта түсуге бағытталған бірқатар бастамалар арқылы оңтайлы жауап бере алады.  Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі оқиғалар тұрғысынан шындығында да өте өзекті мәселелерді көтерген әрі Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындай түсетін мақаласын айрықша атап өтуге болады, – деді ол.

Айта кетейік, онлайн-офлайн режимде өткен шараға 20-дан астам мемлекеттен ғалымдар мен сарапшылар, сонымен бірге түркі елдерінің бірқатар ресми тұлғалары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.